• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 18 Қараша, 2021

Тәуелсіздігіміздің жарқын жеңісі

492 рет
көрсетілді

Біздің мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген күнімізге дейінгі саяси, құқықтық жағдайымызды бүгінгі жас ұрпақ біле бермейтіні белгілі. Тіпті сол жыл­дарды кейбір аға ұрпақ өкілдерінің өздері ұмытың­қырап бара жатқаны да жасырын емес. Мем­лекет­тік тәуелсіздік елімізге түбегейлі өзгерістер алып келді. Өзгерістер жасайтын мүмкіндіктер туды. Бірақ ол өзгерістер өз-өзінен бола қойған жоқ. Мәселе сол өзгерістерді қалай пайдалана алғанымызда.

Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еттік. Ендігі жерде мемлекет құрлысы, халықтың тұрмысы, бүкіл тыныс-тіршілігі, қауіпсіздігі, қорғанысы, дүниежүзілік қауымдастықпен қарым-қатынасы, ішкі-сыртқы саясаты, тағы да басқа маңыз­ды бағыттар бойынша қандай жолмен ұйым­дасып, қандай реформаларға жұ­мылу қажет деген сұраққа жауап іздеген­де, әрине, мыңдаған отандасымыз, ең алды­мен, Елбасы – Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың мемлекеттік, қайрат­керлік еңбегін айту әділдік болса керек.

ХХ ғасырда халқымыз басынан өт­керген саяси қуғын-сүргін, ашаршы­лық­тар салдарынан әлемнің 40-тан астам еліне шашырап кеткен қазақ баласын елге қайтару Тәуел­сіздігіміздің бірінші күнінен бастап Тұң­ғыш Президентіміздің, Үкі­мет­тің басты назарында болды. Бұрын­ғы, яғни 70 жылдан астам уақыт­та шетелдегі қазақ­тармен қарым-қатынасы­мыз үзіліп қалған еді. Сол аласапыран кездің өзін­де шетелдегі қандастарымызбен қа­рым-қатынас орнатып, олардың елге қай­там дегендеріне мейлінше жағдай жасау тапсырмалары құзырлы органдарға міндеттелді. 1992 жылдың күзінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен Алматы қала­сында Дүниежүзілік қазақтардың І құрылтайы өткізіліп, оған шетелдерден 2 мың­ға жуық қандас жиналып, шын мәнінде рухани, саяси бостандықты сезіндік.

Міне, қазақтың ұлы көші сол жылдары, осыдан 30 жыл бұрын басталып еді. Тәуел­сіздігіміздің арқасында ел мен ел қосылып, ежелгі қазақ жері жаңа дәуірдің құт мекеніне айналып отыр. Ол көш өзінің керуенін жылдан жылға өсіріп келеді. Өйткені адамдардың көші-қоны – үнемі жалғастықтағы құбылыс. Тәуелсіздік дәуірінде қазақ жеріне шетелдерден 1 миллионнан астам қандасымыз тұрақты келіп, орнықса да болашақ тағдырын атамекенімен байланыс­тыру арманы келген бауырлардан бірнеше есе көп сыртта жүрген бауырлардың арманы екені де айғақ. Бұл сөз жоқ, біздің қазақ халқының ұлттық мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жарқын жеңісі.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері