• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қараша, 2021

Көші-қон саласындағы ынтымақтастық

282 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ мен Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің бір бөлігі болып табылатын Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы екіжақты ынтымақтастықты ресімдеген меморандум күшіне енді.

Құжатқа Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарапынан төрағаның орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы, ал Халықаралық көші-қон ұйымы тарапынан Қазақстан, Қырғызстан, Түрік­менстан және Өзбекстандағы Халық­аралық көші-қон ұйымы миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев қол қойды. 

Ресми шараға Қазақстан Респуб­лика­сының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-ми­нистрі А.Сар­басов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этнос­аралық қатынастарды дамыту коми­теті төрағасының орынбасары Е.Үй­сімбаев, «Отандастар қоры» ком­­мер­циялық емес акционерлік қоғамы­ның вице-президенті М.Сар­басов, Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы кеңсесінің басшысы міндетін атқарушы Е.Хон, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардан өзге де ресми адамдар қатысты.

Ресми шарада Әділбек Ыбы­райымұлы Елбасы – Тұңғыш Прези­дентіміз Н.Ә.Назарбаев басқаратын «Дүниежүзі қазақ­тарының қауым­дастығы» респуб­ли­калық қоғамдық бірлестігіне келер жылы 30 жыл толатынын, қазіргі таңға дейін тарихи Отанына оралған қан­дастарымыз­дың жалпы саны 1 миллионнан асқа­нын, көші-қон мәселесі қай елде де маңызды, Қазақстан үшін оның орны ерекше екенін айта келіп, «Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің бір бөлігі болып табылатын Халықаралық көші-қон ұйымымен (ХКҰ) бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіріп, меморандумға қол қойып жатуымыз – ісімізді одан әрі жандандыра түсетіні анық» деді.

Жалпы, көші-қон экономика мен сауда-саттыққа, мәдениет пен дипло­матиялық қарым-қатынасқа ықпал етеді. Сондықтан Үкімет көші-қон жа­йын ұлттық жоспарларға енгізіп, оның қалыптылығын үнемі қадағалап отырады. Алайда саланың күрделілігін ескерсек, көптеген көзге көрінбейтін елеусіз жайт халықты көшіру мен қоныс­тандыру шарасына кедергісін тигізетіні белгілі. Осы бағытта әлемдік дең­гейде қызмет атқарып отырған ұйым­мен ынтымақтаса істі жүргізу айтулы нәтижесін беретіні сөзсіз. Ретке келтірілген көші-қон әдіс-амалы көшіп-қонушылар мен қоғамға пайдасын әкелмек. ХКҰ көші-қонның жедел міндеттерін шешуге көмек көрсетіп, көші-қон проблемаларын түсінуді тереңдете түсетініне сенім білдірілді.

Көші-қон саясаты мәселелерін зерттеу саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы зор. Ұлттық мүддені көздейтін ауқымды да айтулы істе екіжақты ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу – алға қойылған міндеттерді шешуде қарқын да, қажыр да береді. «Сондықтан Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Халықаралық көші-қон ұйымының бүгінгі мәмілесі – уақыт талабына сай келеді деп санауға болады», деп қорытындылады төраға­ның орынбасары. Өз кезегінде беделді ұйым мен миссияның басшысы Зей­нал Гаджиев те Қазақстандағы көші-қон жайына тоқталып, халықара­лық мигранттардың құқы мен жалпы үдеріске аналитикалық талдау жасалатынын жеткізді.