• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қараша, 2021

Әлеуметтік салаға 26 трлн теңге бөлінетін болды

306 рет
көрсетілді

2022-2024 жылдары әлеуметтік салаға 26,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Үш жыл ішінде түсімдердің өсуін ескере отырып, әлеуметтік салаға арналған шығыстарды 30%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы, 2022-2024 жылдары әлеуметтік салаға 26,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл құралдар көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, әлеуметтік төлемдерді индекстеу, мұғалімдерге, дәрігерлерге, бюджеттен жалақы алатын басқа да қызметкерлерге жалақыны көтеру және көптеген әлеуметтік нысандарды салу қарастырылған», деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Ол бүгінгі отырыста сенаторлар бірқатар өзекті мәселелерді көтергенін атап өтті.

«Атап айтқанда, ауыл халқын сумен, интернетпен қамтамасыз ету, фельдшерлік пункттер желісін кеңейту мәселелері қозғалды. Осыған байланысты Үкімет мүшелерінен депутаттар көтерген барлық мәселелерді ескеруді сұраймыз. Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет Парламент қарағаннан және оған Президент қол қойғаннан кейін елдің игілігіне қызмет етеді деп үміттенеміз. Бізде Мемлекет басшысы белгілеген мақсаттар бар. Біз оларды бірге жүзеге асыруымыз керек. Бұл жұмыста Сенат депутаттары Үкіметке қажетті қолдау көрсетуге дайын», деп түйіндеді Сенат Төрағасы.

Бүгін пленарлық отырыста «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды. Сенат заң жобасына бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтару туралы қаулы қабылдады.