• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Президент 18 Қараша, 2021

ҚР Президентінің Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзі

525 рет
көрсетілді

Egemen.kz Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап, бүгін Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінің мәтінін ұсынады

Құрметті жиынға қатысушылар, Елшілер!

Бұл басқосу Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесі қарсаңында өтуде. Осы тарихи межеге біз толағай табыспен жетіп отырмыз. Қазақстан аймақтық және жаһандық үдерістерге белсене қатысатын беделді мемлекетке айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сыртқы саясатымыздың негізін қалады. Оның тікелей басшылығымен кәсіби дипломатиялық қызмет құрылып, ауқымды сыртқы саяси міндеттер шешімін тапты. Әсіресе, мемлекеттік шекарамыздың толық бекітілуі теңдессіз тарихи жетістік болды және мемлекетіміздің қауіпсіздігін күшейтуге айрықша ықпал еткен шешімге айналды.

«Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның» қабылдануы – тағы бір айтулы жетістік. Бұған қол жеткізу үшін 20 жыл бойы табанды жұмыс атқарылды. Келіссөздерге қатысқан қызметкерлердің еңбегін еліміз жоғары бағалайды. Мен оларды мемлекеттік наградалармен марапаттайтын болдым. Шегенделген шекара – Қазақстанның аумақтық тұтастығының кепілі. Сондай-ақ стратегиялық серіктестеріміз – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен достық қатынасымыздың мызғымас негізі. Қазақстан АҚШ-пен және Еуропа Одағы елдерімен стратегиялық байланыс орнатты. Бұл мемлекеттер – біздің инвестиция және сауда саласындағы әріптестеріміз. Біз көпжақты, сарабдал дипломатияны берік ұстанып келеміз.

Биыл – Семей полигонының жабылғанына 30 жыл. Қазақстан өз еркімен ядролық қару-жарақтан бас тартты. Бұл шешуші қадам Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделінің артуына зор үлес қосты. Еліміз Жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшыларының қатарына қосылды. Елбасы ұсынысы бойынша ядролық қарусыздануға арналған әлемдік форумды әзірлеу қажет. Келесі жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 30 жыл толады. Осыған орай, елордамызда осы форумның VI Саммиті өтеді. Бұл жиынды ұйымдастыру үшін Сыртқы істер министрлігі ауқымды жұмыс атқаруы керек. Біз бұл Кеңесті біртіндеп құрлықтағы Қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыруды көздейміз. Қазақстан дипломатиясы көптеген мәселені, тіпті, аса күрделі халықаралық түйткілдердің өзін мәміле арқылы шешуге мүдделі. Бұл тәжірибе жылдар бойы қалыптасқан және оң нәтиже көрсеткен. Еліміз мемлекетаралық және азаматтық қақтығыстарды реттеу үшін бітімгерлік бастамалар ұсынып, ара-ағайын болып жүр.

Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізіп, өркениеттер үндестігін орнатуға күш салуда. Осының бәрін шетелдік әріптестеріміз жоғары бағалап, жан-жақты қолдау білдіруде. Атап айтқанда, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Қазақстан 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Қазақстан – Еуразия құрлығындағы көпжақты құрылымдардың негізін қалаушы елдердің бірі.

Еліміз ТМД, Еуразия экономика одағы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы және басқа да құрылымдардың жұмысын жандандыруға белсене атсалысып келеді. Жақында бауырлас елдермен бірлесіп, Түркі кеңесін толыққанды ұйымға айналдырдық. Осылайша, түркі тілдес мемлекеттер ынтымағының жаңа кезеңі басталды. Қазақстан алып құрлықтың дәл ортасында тұр. Бұл – географиялық тұрғыдан тиімді. Біздің төңірегімізде бейбітшілік белдеуі қалыптасты. Ел ішіндегі ахуал тұрақты. Сыртқы экономикалық қарым-қатынасқа барынша ашықпыз. Мұның бәрі – инвесторлар үшін өте қолайлы жағдай.

Бүгінде Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы Қазақстанға тиесілі. Соның арқасында еліміз өңірдегі экономикалық көшбасшыға айналды. Үкіметтің және дипломаттардың алдында тұрған аса маңызды міндет – аймақтың көшбасшылық рөлін одан әрі нығайту. Осы жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Бүкіл әлемді пандемия жайлағанына екі жылға жуықтады. Оның салдары Қазақстанға да оңай тиген жоқ.

Біздің дипломатиялық корпус осы күрделі кезеңде жоғары деңгейде қызмет етті. Шетелдегі мыңдаған азаматымызға көмек көрсетті. Сыртта қалып қойған отандастарымызды елге алып келу үшін тиісті жұмыс атқарды. Дипломаттарымыздың арқасында Қазақстанға гуманитарлық көмек жеткізілді. Біз де бірқатар мемлекеттерге қолдау көрсеттік. «Вакциналық дипломатияның» арқасында Орталық Азиядағы індетке байланысты ахуалды тұрақтандыруға үлес қостық. Түрлі қиындыққа қарамастан, Сіздер алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді орындап келесіздер. Атап айтқанда, еліміз ЭКОСОС-қа және Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайланды. Биыл теңізге тікелей шыға алмайтын елдер тобына төрағалық етіп отырмыз. Басқа да маңызды бастамаларымызды жүзеге асыру үшін ауқымды шаралар қолға алып жатыр. Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру үшін жұмысты жандандыру керек. Ауғанстандағы күрделі гуманитарлық дағдарысты еңсеруге өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бұл – біздің сыртқы саясатымыздың жасампаздық сипатының айқын көрінісі.

Құрметті дипломаттар!

Мен былтыр «2020-2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасын» бекіттім. Бұл құжат арқылы халықаралық стратегиямыздың қағидаттары және бағыт-бағдары өзгермейтінін нақтыладық. Сондай-ақ, Қазақстан үшін Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия және Еуропа Одағы мемлекеттерімен стратегиялық қарым-қатынасты сақтау ерекше маңызды екенін тағы да қуаттай түстік. Біз Азия, Орта және Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка елдерімен байланысты кеңейте береміз. Жалпы, сыртқы саясатымыздың ауқымы кең болуы керек.

Көк байрағымызды әлемнің негізгі аймақтарында орнату қажет. Бұл еліміздің стратегиялық мүддесіне толық сай келеді. Сонымен қатар біз еліміздің Еуразияның геосаяси және геоэкономикалық жүйесіндегі жоғары мәртебесін одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Індет басталғаннан бері әлемдік саясат пен экономика түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Жаһандық шиеленістер өршіп келе жатыр. Бұл – еліміз үшін бетбұрысты кезең. Алдымызда ұзақ мерзімді міндеттер тұр. Біз Қазақстанның халықаралық беделін сақтап, әлемдік аренадағы рөлін күшейтуге тиіспіз. Осыған орай сыртқы саяси жұмыс тәсілдерін қайта саралап, жүйелі шаралар әзірлеуіміз керек. Бұл міндетті табысты орындасақ, ұлттық дипломатия уақыт талабына және азаматтарымыздың сұранысына сай болады. Ең алдымен, мемлекетіміздің мүддесін лайықты қорғай аламыз. Сыртқы істер министрлігінің осындай ауқымды басқосуы соңғы алты жылда алғаш рет өткізіліп отыр. Сондықтан, біз қордаланған түйткілдің бәрін мұқият талдап, ақылдасуымыз керек. Осы орайда, мынадай мәселелерге баса назар аудару қажет.

Бірінші. Сыртқы саясатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыру. Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипаттағы мәселе. Сыртқы істер министрі Үкіметте ерекше мәртебеге ие болып, Премьер-министрдің орынбасары деңгейіне көтерілді. Осыған орай, Сыртқы істер министрлігі тығыз мекемеаралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы керек. Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Жекелеген мекемелердің мүддесіне басымдық беріліп жатады. Бұл – біраздан бері жалғасып келе жатқан теріс үрдіс. Соның кесірінен елеулі кемшіліктер болып жатады. Оған қоса, ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді.

Екінші. Экономикалық дипломатияны «қайта жандандыру». Әлемдік саясатта климат пен технология мәселелері айрықша өзекті. Пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін мемлекеттер арасында шетел инвестициясына талас күшейді. Сыртқы істер министрлігі – инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын уәкілетті орган. Біз министрлікке осындай ерекше мәртебе бердік. Сондықтан, бұл мүмкіндікті толыққанды пайдалану қажет. Қазақстан экспортын ілгерілетуге барынша қолғабыс ету – тағы бір маңызды міндет. Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын күре жолдардың бойындағы транзиттік-логистикалық хабқа айналуға тиіс. «Нұрлы Жол» бағдарламасы және көрші елдердің инфрақұрылымдық бастамалары осыған негіз болады. Бұл жұмыста министрлікке айрықша міндет жүктеледі.

Үшінші. Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту. Мен жоғарыда айтқанымдай, бұл – аса маңызды міндет. Біз осы аймақта ерекше мәртебеге ие екенімізді батыл мәлімдей білуге тиіспіз. Бұған толық негіз бар. Атап айтқанда: - экономикамыз Орта Азиядағы басқа елдердің экономикасына қарағанда әлдеқайда қуатты; - біз Еуразиядағы басты көлік дәліздері тоғысқан геостратегиялық орталықта тұрмыз; - ауқымды экономикалық және демократиялық реформалар белсенді түрде жүзеге асуда; - зияткерлік және адами ресурсымыз бар; - халықаралық қауымдастықтың алдындағы абырой-беделіміз жоғары. Осыған орай, Орталық Азияның тағдыры үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Өңірдегі өзекті мәселелерді айқындап, оны шешу кезінде еліміз маңызды рөл атқарады. «Су дипломатиясы» бойынша келіссөзді тезірек аяқтау Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің және Ресей мен Қытайдың ортақ мүддесіне сай келеді деп санаймын. Трансшекаралық су ресурстарын әділ және тиімді пайдалану аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ.

Төртінші. Әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнату. Қазір геосаяси текетірес белең алуда. Қазақстан ешкіммен жауласпайды, халықаралық дауларға килікпейді. Біздің таңдаған жолымыз – айқын. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екіжақты және көпжақты міндеттемелерден бас тартпаймыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз. Біз Тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені, осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат. Біз, ең алдымен, Қазақстанның мүдделерін табандылықпен қорғауымыз қажет. Бесінші. Қазақстан дипломатиясының жаңа келбетін қалыптастыру. Біздің дипломатиялық қызметке тың серпіліс қажет. Білікті мамандардың Сыртқы істер министрлігінен кетуі оның кадрлық әлеуетін әлсіретуде. Бұл – шын мәнінде, өзекті мәселе. Мен осы министрлік ең консервативті құрылымның бірі екенін білемін. Мұның жақсы жағы да бар. Дәстүр сақталады, кәсіби дипломаттар шоғыры қалыптасады. Дегенмен, жағымсыз жағы да жоқ емес. Білімді, білікті әрі елге адал қызмет еткісі келетін жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру – «алынбас қамалдай». Бұл ахуалды түзеп, кадр саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді. Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Сөз соңында тағы да қайталап айтамын: Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін тиісті жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек. Яғни, уақыт сынынан өткен ұстанымдарды жаңа шешімдермен ұштастыру қажет. Осы орайда, дипломаттарымыз қашанда ел мүддесіне адал болады деп сенемін. Баршаңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін!

Рақмет.