Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында көптеген бастама жүзеге асырылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтты. Кеңес алаңы еліміздің қоғамдық-саяси кеңістігінде аса маңызды орын алады. Бұл – Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты элементтерінің бірі. Бұл – билік пен қоғам арасындағы жалпыұлттық диалог қалыптастырудың тиімді тетіктерінің бірі.
Мемлекет басшысы бұл алаңға үлкен көңіл бөледі. Өйткені Кеңестің отырысына өзі тікелей төрағалық етіп келеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен тікелей байланыса отырып, олардың пікірлерін тыңдап, мемлекеттік органдардың пысықтауына жібереді. Кеңестің алтыншы отырысында Президент Қазақстанда іске асырылып жатқан барлық реформа нақты нәтижеге қол жеткізуі тиіс екенін атап өтті.
Олардың көбі аймақтарды дамытумен, азаматтарды әлеуметтік қолдаумен байланысты. Атап айтқанда, ауыл әкімдерін сайлаудың жаңа тетіктері туралы. Ауыл әкімдігіне кандидаттарға қойылатын жоғары білім туралы талапты қайта қарау ұсынылды. Білім беретін мекемелерде оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған шаралар сөз болды.
«Кез келген адамның бәсекеге қабілеті оның білім деңгейіне тікелей байланысты. Әрбір азаматтың өмір бойы сапалы білім алуына қажет жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау өзекті мәселе болып тұр. Біз оқушылар мен студенттерді кез келген қауіп-қатерден қорғауға тиіспіз. Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап қойылуы қажет. Сол үшін бәріне ортақ ереже әзірлеу керек», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекеттік білім гранттарын бөлудің жаңа жүйесі туралы мәселені қарау ұсынылды. Бұл жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттыруға тиіс. Цифрландырумен байланысты мәселелер де айтылды. Мемлекет басшысы бұл негізгі басымдықтардың бірі екенін атады. Жүйелі цифрландыру халықтың өмір сүру сапасын және мемлекеттік қызметтерді ұсыну жеделдігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
Максим СПОТКАЙ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі