Әдебиет жанашырлары балаларға арналған кітаптардың жарық көруі кенжелеп кеткенін ұрпақ тәрбиесіндегі өткір де өзекті мәселе ретінде көтеріп келеді. Оған кітап оқудан қол үзіп бара жатқан оқырман тағдырын және қосыңыз. Қалай десек те, биылғы балалар әдебиеті жылы бұл тақырыпқа аз да болса қан жүгіртіп, періште көңіл оқырман біраз олжаға кенелді.
Кітап – ең үлкен тәрбиеші екенін ескерсек, ойы да, қиялы да тұнық кішкентай оқырманның арманына қанат байлайтын құндылық қай кезде де құлдырамауы керек. Десе де бүгінгі заман жазушысына қойылар талап жоғары. Себебі кешегі ертегіні бүгінгі өмірден көріп жүрген технократия дәуірінің жеткіншектерін таңғалдыру, оларды көркем әдебиетке баурау, талғамына татитын туынды жазу кез келген туындыгердің оңтайына келе бермейді.
Ойлы оқырман бүгінгі балалар әдебиетінде есімі ерек аталатын Бейсенбай Сүлейменов туындыларын бала табиғатын танып, кішкентай жүректің лүпілін сезінуге тартатын кең тынысты дүниелердің қатарына жатқызады. Қаламгер өз оқырмандарымен терең шығармашылық байланыс орнатқан. «Кітап оқыған баланың көкірегінде от жанады» деген жазушы Алматыдағы Ұлттық кітапханада кезекті рет балдырғандармен жүздесті. Әңгімелеріндегі оқиғалар орамдылығымен оқырман жүрегіне төте жол табатын жазушының «Кечуа тайпасының үндістері», «Бес ғасыр атылмаған садақ», «Қуанышты күн», «Тентектер», «Хан шатырындағы кездесу», «Күннен келген адам» кітаптары балаларды ертегілер әлеміне, ерлікке, отансүйгіштікке, шынайы достыққа жетелейді. Жаңашыл жазушы бұл жолы өз оқырманын тоғыз жүз беттен тұратын «Сырлы әлем» атты таңдамалы шығармалар жинағымен қуантты. Екі повестен тұратын роман, ертегілер мен әңгімелер, саяхатнама, естеліктер, эсселер топтастырылған жинақ «Асыл кітап» баспасынан дәрігер-меценат Ғани Смаханұлының қолдауымен жарық көріп отыр. Осы кітаптағы «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат!» тарихи-танымдық ертегі романы автордың ұзақ жылғы шығармашылық еңбегінің жемісі. Зиялы қауым өкілдері тұсауын кескен құнды кітап кездесу кешіне келген мектеп оқушыларына тегін таратылды. Сүйікті жазушысымен бетпе-бет жүздесіп, өз қолынан кітап алған өрімдей өскіндер дән риза. Солардың бірі Алматыдағы №46 мектеп гиманазиясының 5-ші сынып оқушысы Алан Болатов.
«Бұл жерге ұстазыммен бірге келдім. Жазушы атамызды көріп қатты қуандым. Маған тілегін жазып, қолын қойып берді. Енді бұл кітапты түгел оқып, достарыма, ата-анама мазмұнын айтып беретін болам. Осы уақытқа дейін жиырмадай кітап оқып бітірдім», дейді Алан.
Бала – тау бұлағындай тұнық әлем. Олардың жүрегіне жол табу үшін жазушыға жан тазалығы керек. Қаламгердің балалар әдебиетіне адалдығын қаламдас-қанаттастары айрықша бағалайды. Бұл тұрғыда қоғам қайраткері Уәлихан Қалижанның: «Баланың жан дүниесі қандай болса, жетпіске келсе де Әлемге бала көзбен қарайтын бір қаламгер бар. Ол – Бейсенбай Сүлейменов. Жазушы, журналист, жиһангез, баспагер сонау жетпісінші жылдары экватор белдеуін екі рет кесіп өткен. Оның бірқатар кітаптары сексенінші-тоқсаныншы жылдардағы нағыз бестселлерге айналды. Таным мен талғам, рухани жаңғыру Бейсенбай Сүлейменовтің өзінің де жан тазалығын тазалауға мүмкіндік берді. Оның жемісі – «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат!» ертегі романы» деген пікірін алға тартар едік.
– Өмірді сүю – балаларға қамқорлық жасаудан басталуы керек. Қандай қиын заман болса да бала тәрбиесін ұмытпайық. Үлкендерді орта қолды дүниелермен алдай салуға болады. Ал балаларды алдап көр. Көнбейді. Бүгінгі жеткіншектің талабы биік, талғамы жоғары. Осы орайда, балаларға ұсынылған әрбір туынды – жазылған кітап, шығарылған анимациялық фильм, көркем фильм, қойылымдар аса жоғары деңгейде дайындалуы шарт. Біз жүз жыл бойы қуыршақ театрында бүлдіршіндерге «Үш торай» қойылымын қойғанымызға мәзбіз. Оған жылау керек! Жасөспірімдерге арналған әр туындыға ең мықты, талантты деген мамандар тартылуға тиіс. Ал «балалар әдебиеті» жылы аясында атқарылар жұмыстар көп. Біз, ең алдымен, жаңа бағыттағы балалар әдебиетін жазуымыз керек. Ол үшін балалар тақырыбына жазатын қаламгерлердің мәртебесі көтерілсе игі. Үкімет жеткілікті мөлшерде қаржы бөлмей бұл мәселе шешілмейді. Балаларға шындап көңіл бөлер уақыт жетті. Олар біздің болашағымыз екенін ұмытпайық, – дейді Бейсенбай Сүлейменов.
Бүгінгі таңда елімізде 258 балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жұмыс істейді. Оның 241-і балаларға, 11-і жастарға, алтауы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Бізде балалар әдебиетіне деген көзқарас қалыптаспай келеді деген пікір қоғамда жиі айтылып жүр. Бұған дейін жақсы кітаптар шығарып, қазіргі нарықты меңгере бастаған баспалардың басым бөлігі шетелдік авторларды қазақшаға аударумен шектеліп жүргені жасырын емес. Біз сөз етіп отырған шығармалар бұл олқылықтың орнын толтыруға өзіндік үлесін қосары анық.
– Балалар әдебиетін өрістету болашаққа жасалған байыпты қадам. Бала елдің болашағы дегенді көп айтамыз. Бұл сөз жай ғана ұранға айналмай, әдебиет пен мәдениетте, ұрпақ тәрбиесінде көрініс табуға тиіс құндылық. Балалар мен жеткіншектерді кітап оқуға баулу, оларға арнап өміршең туындылар жазу үлкен жауапты іс. Бұл бағытта Бейсенбай ағаның балалар әдебиетіне жасаған еңбегі орасан. Біз әрқашан ұлттық қасиет-қалыбымызды ұрпақ жадына сіңіруге бағытталған шығармаларды қолдауға әзірміз, – дейді дәрігер-меценат Ғани Смаханұлы.
Балалар әдебиетін қолдау жылы аясында ғана емес, бүлдіршіндер әлемін баурайтын шығармалар қоржыны жыл сайын тартымды туындылармен толыға берсе игі. Ұлттың рухани кемелденуі үшін балаларға бұдан үлкен базарлық жоқ...
АЛМАТЫ