• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Медицина 19 Қараша, 2021

19-25 жас аралығындағы пациенттерде темір тапшылығы жиі кездеседі

273 рет
көрсетілді

ОЛИМП клиникалық-диагностикалық зертханасының мәліметінше, әрбір төртінші пациентте темір тапшылығы анықталған, деп жазады Egemen.kz.

2021 жылдың басынан бері ОЛИМП зертханасында темір мөлшерін анықтау үшін 211 500 адам қан тапсырған.  Олардың  74%-ы – әйелдер, 26%-ы – ерлер.

«Қаралғандардың 25%-да темір тапшылығы анықталды. Жыныс бойынша ерекшелік аса қатты білінбейді, бірақ адамдардың жасына байланысты айтарлықтай айырмашылық бар», - деп хабарлады «КДЛ ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов. «Темір тапшылығы анықталған пациенттердің басым бөлігі 19-25 жас аралығында, олардың 34%-да аталған микроэлементтің жетіспеушілігі бар. Темір тапшылығы ең сирек анықталған пациенттер 0-7 жас тобына енеді, олардың тек 16,5%-да темір дефициті бар».

Әдетте 19-25 жас аралығындағы пациенттер – бұл студент жастар. Олардың арасында темір тапшылығының кең таралуы дұрыс тамақтанбаудың салдары болуы мүмкін. Аталған пациенттерге құрамында қолжетімді темірі бар тағамдарды (ет пен ет өнімдері), темірдің сіңірілуін жақсартатын өнімдерді (С дәрумені бар көкөніс пен жемістер) көбірек жеп, керісінше темірдің сіңірілуін тежейтін өнімдерді (шай, кофе) аз тұтыну қажет.

Темір - адам ағзасы үшін өте маңызды микроэлемент. Оның дефициті гемоглобин түзілуін төмендетеді.

«Гемоглобин оттегінің мүше мен тін жасушаларына жеткізілуін қамтамасыз етеді. Гемоглобин жеткіліксіз болғанда аталмыш функция бұзылады да, бірте-бірте ауыр созылмалы дерттерге әкеп соғатын патологиялық процестер басталады. Сондықтан темір тапшылығын міндетті түрде емдеу қажет», дейді Ерлан Сүлейменов.

Теміртапшылықты анемия кезінде әлсіздік, бастың ауыруы, айналуы, жүректің жиі соғуы, демігу, физикалық жүктемелерді көтере алмау, тәбеттің, жұмысқа, оқуға қабілеттіліктің төмендеуі, терінің құрғауы, шаштың түсуі байқалады.   

Ауыр деңгейдегі теміртапшылықты анемия кезінде оттегінің айтарлықтай жетіспеушілігі салдарынан ағзаның барлық жүйелері бұзылады.

Ағзадағы темір дефициті оның тамақпен жеткіліксіз деңгейде келуімен байланысты. 

Жаңа туған балаларда темір жетіспеушілігі анасының жүктілік кезіндегі және оған дейінгі анемиясы салдарынан болуы мүмкін.

Темір деңгейінің төмендеуі ағзаның микроэлементті көп мөлшерде шығындауынан да туындайды: балалардың тез өсу кезеңдерінде, әйелдерде жүктілік пен баланы емізу кезінде. Сондай-ақ әртүрлі аурулар кезіндегі қан кету салдарынан да орын алуы ықтимал.

Бірқатар жағдайда темір дефициті асқазан-ішек аурулары кезінде микроэлемент сіңірілуінің бұзылуы және темірдің сіңірілуін тежейтін өнімдерді көп жеу салдарынан туындайды.

Темір жетіспеушілігінің генетикалық себебі де болуы ықтимал. Мәселен, IRIDA-синдромы бар. Ол - темір препараттарының әсеріне сезімтал емес теміртапшылықты анемия. Қуанышқа орай, бұл синдром сирек кездеседі.

ОЛИМП КДЗ зерттеуінің нәтижесі

Пациенттердің жасы

Топтағы темір дефицитінің  таралуы

0-7 жас

16,5%

8-18 жас

18%

19-25 жас

34%

26-35 жас

29%

36-45 жас

29%

46-55 жас

28,5%

56-65 жас

25,5%