Еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу жағдайларына берілетін әлеуметтiк төлемдердiң мөлшері артады, деп хабарлайды Egemen.kz.
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу жағдайларына берілетін әлеуметтiк төлемдердiң мөлшері 5% арттырылатын болады. Тиісті Қаулыға Үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 17 қарашадағы №820 Қаулысы
Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап арттыру туралы
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап алатын әлеуметтік төлемдердің мөлшерінен бес пайызға арттыру жүргізілсін.
2. Осы қаулы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин