Қазақстан мен Түркия машина жасаушылары өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Маңызды келісімнің қос тарап үшін де тиімділігі жоғары болады деп күтілуде.
Жуырда Ыстанбұлда Win Eurasia халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Аталған шараға Қазақстаннан арнайы делегация барып қатысты. Отандастарымыз көрме аясында түркиялық және өзге де мемлекеттердің машина жасау саласындағы кәсіпорындары өкілдерімен кездесті. Біздің тараптан бұл шараға Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы М.Пішембаев, Maker және «Астана электртехникалық зауыты» кәсіпорындарының басшылары, Kazakh Invest ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.
Қазақстан машина жасаушылар одағының баспасөз қызметі хабарлағандай, біздің делегация Түркия машина жасау федерациясы (MAKFED) директорлар кеңесінің төрағасы Аднан Далгакиранмен, сондай-ақ белгілі машина жасау кәсіпорындарының басшыларымен кездесулер өткізген.
– Кездесу барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған машина жасаудағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Түркиялық әріптестерге Қазақстанның машина жасау саласындағы өндіріс көлемінің жыл өткен сайын артып келе жатқаны баяндалды. Сондай-ақ импорт көлемі туралы ақпарат берілді. 2020 жылы Қазақстанның импорты 38 млрд долларға тең болды. Оның 17 млрд доллары машина жасау өнімдерінің импортына тиесілі. Бұл елдегі жалпы импорт көлемінің 45 пайызын құрайды. Салада сұраныс бар. Сондықтан даму мен инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуеті де жоғары, – деді Мейрам Пішембаев.
Бұдан бөлек қазақстандық делегация кездесуге қатысушыларға өнеркәсіптік кооперацияның перспективалары, мұнай-газ және тау-кен металлургиядағы машина жасаудың өзара тиімді ынтымақтастығы туралы баяндады.
– Біз шетелдік инвесторларды озық технологиялар мен құзыреттерді трансферттеуге, Қазақстанның және болашақта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің нарығын бірлесіп дамытуға шақырамыз, – дейді Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы.
MAKFED директорлар кеңесінің төрағасы Аднан Далгакиран Қазақстанды бауырлас ел әрі Түркияның негізгі серіктесі санайтынын, сондықтан Қазақстанда әлеуетті жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін пысықтауға әзір екенін жеткізді. Өз кезегінде қазақстандық делегация шетелдік әріптестерін келер жылы өтетін Қазақстан машина жасаушыларының Х форумына және халықаралық Kazakhstan Machinery Fair-2022 машина жасау және металл өңдеу мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды.
Келіссөздер нәтижесінде Maker ЖШС-нің басқарма төрағасы Ж.Байғабылов Түркияның Okerel және Pres-San компанияларымен меморандумға қол қойды. Бұл келісім бизнестің жаңа ұзақ мерзімді серіктестік қатынастарын орнатуға, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның машина жасау саласындағы кәсіпорындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.