Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы шілде айында ұлттық спорттық бірегей жоба «Қазақстан барысы» турниріне бес жыл толған дүбірлі жарысқа бастан-аяқ қатысып, тәуелсіздік жылдары жаңаша бағыт алып, байырғы халықтық болмыс-бітімін сақтай отырып, заманауи жаңғыру арқылы дамып келе жатқан қазақ күресі жайлы толымды ой толғаған болатын.
Қазақ күресін ЮНЕСКО мойындады
Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық күресіміз жайлы: «Бұл біздің халқымыздың дәстүрлі күрес өнері. Ауылдағы балалар ежелден күреспен шұғылданып, өз машықтарын жетілдірген. Әкелер өз балаларына күрестің амал-тәсілдерін үйреткен. Мен бұл жарысты толық қолдаймын. Болашақта жарыстың одан әрі дамитынына, ал оның қазіргі қатысушыларының арасынан Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты қазақтың көптеген ұлы балуандарының даңқты жолын жалғастыратын спортшылар шығатынына сенімдімін. Турнир халықаралық деңгейге шығып, құрлықтық және олимпиадалық ойындар бағдарламаларының бір бөлшегіне айналады, еліміздің атын шығарады деп үміттенемін. Бұл – халық үшін үлкен мереке. Біздің жастарымыз саламатты өмір салтын ұстануға тырысып, денсаулығын жетілдіруі тиіс. Соның арқасында мемлекетіміз бен қоғамымыздың негізі мықты болады» деген еді.
Осы орайда, әңгімені әуелден бастасақ, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап, қазақ күресі өзіндік жаңа жолымен дами бастады. Мемлекет тарапынан дене тәрбиесі және спорттың елімізде кең дамуына арналған заңнамалар мен шешімдер қабылданды, қаржылық көмек-қолдау өсе бастады, жаңадан спорт мектептері ашылып бұқаралық спортқа жол ашылды. Сондай-ақ қазақ күресінен ел чемпионаты мен кубогы, халықаралық және республикалық турнирлер, Азия, Әлем біріншіліктері, халықаралық жарыстар өткізіліп балуандарды даярлау сапасы артты.
Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары Республикалық қазақ күрес федерациясы, Халықаралық қазақ күресі федерациясы және Дүниежүзілік қазақ күресі федерациялары құрылды. Өткен жылы бұл федерациялардың басын біріктірген Qazaq kuresi ассоциациясы құрылды. Ассоциацияның басты мақсаты – қазақ күресін халықаралық дәрежеде дамытып насихаттау және бұқаралық спорт ретінде кең жол ашу екені анық.
Бұл жерде атап өтерлік үлкен қуанышты оқиға – қазақ күресі 2016 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда қазақ күресін халықаралық спорт түрі ретінде 40-қа таяу мемлекет толық мойындап отыр.
«Қазіргі кезде қазақ күресін елімізде және халықаралық деңгейде бұқаралық спорт түрі ретінде дамыту арқылы азаматтардың, ұйымдар мен спорттық және қоғамдық өмірдің басқа да субьектілері арасында әлеуметтік, мәдени, спорттық, шығармашылық, іскерлік қарым-қатынастарды нығайту мақсатында, сондай-ақ осы күрес арқылы жастардың бойында отансүйгіш қасиетті қалыптастыруға ықпал ету, қазақ күресінің ғылым ретінде зерттелуіне мүмкіндік туғызу» дейді Qazaq kuresi ассоциациясының басқарушы директоры, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Ербол Қуантайұлы мырза.
Қазақ күресіне серпін берген жоба
Жоғарыда айтқанымыздай, тәуелсіздік жылдары қазақ күресінің жаңа сатыға көтеріліп, заманауи сипат алуына һәм спорттық сайыс ретінде көрермендердің көзайымына айналуына әсер еткен «Қазақстан барысы» турнирі. Бұл жобаны негіздеуші ұлтжанды тұлға – Арман Шораев. Бұл азамат бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында, аталған идеяны моңғол ұлттық күресінің мирастық негізінен алғаны жайлы айтып жүр. Демек, бұл ұлттық жобаның арғы тегі байырғы көшпенділер мәдениетінде жатқаны анық. Өйткені моңғол күресінің түп-тамыры біздің дәуірімізден екі мың жыл бұрынғы ғұн бабаларға тән екені баяғыда анықталған.
Уақыт өте келе, «Қазақстан барысы» жобасы қазақ күрес балуандарын еліміздегі табысты спортшылар қатарына қосып, күрестің кәсіби спорт түрі деңгейіне көтерілуіне жол ашты. Республикада «Әлем барысы», «Еуразия барысы», «Жас барыс», «Халық барысы», «Әскер барысы» сияқты маңызды турнирлер өмірге келді. Барлық облыста қазақ күресі спортшыларының саны мен сапасы артты, балуандардың әлемдік үлкен спорттық сайыстарда күресулеріне мүмкіндік жасалды.
Ең бастысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі 2011 жылдан бастап жыл сайын тұрақты өтіп келеді. Биыл бұл турнир Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын мерекелеу және ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Qazaq kuresi ассоциациясының Спортты дамыту директоры Бақдәулет Сәбитов: ««Қазақстан барысы» турнирі бұқаралық сипатқа ие болып отыр. Соңғы төрт жылда қазақ күресімен шұғылданатын азаматтардың саны 30 мыңнан 130 мыңға жетті. Телеаудитория Қазақстанда 6 миллионға жетіп, әлем бойынша жарты миллиардтан асты. Ал бесінші турнирге әлемнің 126 елі куә болды. Бұл турнирді кеңінен насихаттау нәтижесінде ұлттық күреске қызығушылар қатары өсіп келеді. Жыл санап жобаның қарқыны күшейіп, көрермендердің саны артуда. Осы жылдар арасында жобаға ауыл, аудан, облыс деңгейінде 100 мыңнан астам балуан қатысты. Әр жылы турнирді 9 мыңнан астам жанкүйер, 8 миллионнан астам көрермен тамашалауда», дейді.
Қазақ күресінің болашағы қандай?
Тақырыптағы сұраққа келсек, болашақта қазақ күресі сөзсіз дамиды. Өйткені Елбасы жоғарыда «Мен бұл жарысты толық қолдаймын. Болашақта жарыстың одан әрі дамитынына, ал оның қазіргі қатысушыларының арасынан Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты қазақтың көптеген ұлы балуанның даңқты жолын жалғастыратын спортшылар шығатынына сенімдімін» деген сөзді бекер айтқан жоқ.
Өткен жылдан бастап Елбасының тапсыруымен қазақ күресі мектеп бағдарламасына енгізіліп, осы мақсатта Qazaq kuresi қауымдастығы мамандары тарапынан қазақ күресінің 100 сағаттық оқу бағдарламасы дайындалды. 2020-2021 оқу жылы қанатқақты жоба негізінде Нұр-Сұлтан қаласында 23 мектепте денешынықтыру пәндеріне қазақ күресі вариативті пән ретінде енгізілді.
Сонымен қатар Qazaq kuresi ассоцияциясының жанынан ашылған Qazaq kuresi академиясы тарапынан мектептерде қазақ күресін оқытатын, денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арнайы семинарлар ұйымдастырылуда. Семинар барысында оқытушыларға «Қазақ күресінің даму бағыты», «Секцияға арналған бағдарламамен танысу», «Медициналық сақтықтар мен талаптар» тақырыптарында дәріс оқылып, ұлттық құраманың бас бапкері бастаған жаттықтырушылар күрес залында шеберлік сағатын өткізумен қатар, белдесу ережелері мен сақтық шаралары тұрғысынан тәжірибелік кеңестер берілуде. Алғашында, бұл пән бар болғаны 5 мектепте сынақтан өткізу жоспарланған, алайда, білім саласының мамандары, мектеп басшылары мен оқытушылардың өтініші бойынша 23 мектепке көбейіп отыр. Нәтижесінде, қазақ күресін мектеп бағдарламасы арқылы жас ұрпақтың санасына сіңіретін жүйе қалыптасты.