Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензияланған. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын таныстырған ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес биржалық мәмілелердің саны 2009 жылғы 1 119-дан 2020 жылы 48 000-ға дейін, яғни 50 есеге жуық өсті», деді Бақыт Сұлтанов.
Бұл ретте министр атап өткендей, үш жетекші тауар биржасының («Астана», БКО, «Каспий» биржалары) биржалық тауарлар бойынша сауда-саттық көлемі 2020 жылы 291,2 млрд теңгені, яғни барлық сауда-саттық көлемінің 30%-ын құрады.
Бақыт Сұлтанов заң жобасында заңнамалық базаны халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес келтіру, сондай-ақ биржалық сауданы дамыту бойынша толықтырулар кешені көзделгенін түсіндірді.
«Оларды жүзеге асыру тұрақты және бәсекеге қабілетті отандық биржалық саланы қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді ол.