• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қараша, 2021

Қазақстандық оқушылар қайырымдылық акцияларын бастады

1115 рет
көрсетілді

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы шеңберінде Алматы қаласындағы халықаралық «Мирас» мектебі 29 қараша мен 10 желтоқсан аралығында қайырымдылық мерекелік акциялар сериясын өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осы кезеңде оқушылар үш бірдей қайырымдылық жобасына қатысады:

- балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған жылы киімдерді жинау бойынша «Жылулық сыйла» жобасы, - балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мұқтаж отбасыларға арналған үстел ойындарын, ойыншықтарды жинау бойынша «Бірге ойнайық», - Алматы қаласы мен Алматы облысының сәбилер үйінің балаларына арналған «Pampers Drive» жобасы.

Мектеп басшылығының айтуынша, қайырымдылық мерекелік акцияларды ұйымдастыру алғашқы күннен бастап-ақ игі дәстүрге айналған. 22 жылдан бері мектепте оқығандар ерікті түрде мұқтаж жандарға қажетті заттарды жинауға қатысуда.

– Соңғы 4 жылдан бері біз «Махаббатқа құқық» Қорымен серіктеспіз. Былтыр солардың көмегімен 250 баланы, сонымен қатар «Кеңес» орталығы мен Шілік қаласының балалар үйінің бүлдіршіндерін көмекпен қамтыдық. Оларға керекті заттарды, үстел ойындары мен мектеп оқушылары атынан кітаптар тапсырылды, - деді халықаралық «Мирас» мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алла Құрбанова.

Сонымен қатар мектепте басқа да қайырымдылық жобалары бар. Солардың бірі – «онкология мен гематология балалар бөлімі пациенттеріне арналған «Батылдық қорапшасы».

Студенттер, ата-аналар мен халықаралық «Мирас» мектебінің қызметкерлері жыл сайын Паллиативті көмек орталығындағы ауыр науқас балаларға арнап ойыншықтар жинауға белсенді түрде атсалысып келеді.

Акцияның негізі идеясы – процедуралық кабинетке немесе операцияға бара жатқан баланы қолдау. Процедура алдында балаға «Батылдық қорабындағы» өзіне ұнаған кез келген ойыншықты алуына рұқсат етіледі. Сол арқылы балаға процедуралық кабинеттің немесе операциялық бөлменің табалдырығын аттаған сәтінде сәл де болса жұбаныш сыйлау.

– Қайырымдылықтың маңызы өте зор, себебі сенің кім екенің немесе қайда оқитының маңызды емес, кім болсаң да көмектесе аласың. Кемінде бір адам сенің көмегіңді бағалайтыны анық. Мен өз ата-анамның және мектебімнің үлгісінде қайырымдылықпен айналыса бастадым. Келешекте де осы игі істермен айналыса беремін, – деді қайырымдылық комитетінің көшбасшыларының бірі, мектеп оқушысы Марсель Маратова.

Еске сала кетсек, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы осы жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған. Бүгінгі таңда жобаға 3 миллионға тарта қазақстандық атсалысуда; ал атаулы әлеуметтік көмекті 200 мыңға тарта адам алды.

Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қаражатымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асырылуда.