• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 25 Қараша, 2021

Кәсіпкерлік негізі – табыс көзі

1487 рет
көрсетілді

Алматы облысында шағын және орта бизнес саласының дамуы қарқынды. Мұның бір дәлелін осы салада 270 мыңдай адамның еңбек етіп отырғанынан көруге болады. Ал жалпы облыста 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді.

Нәтижесінде, өткен 9 айда бюджетке 144 млрд тең­ге түсті, бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңінен 1,8 есе артық. Қолданыстағы бағ­­дарламалар аясында 3 мың­­нан астам кәсіпкерге 26 млрд теңге көлемінде қолдау көр­сетілген. Ал «Еңбек» бағ­­­дарламасы шеңберінде «Бас­тау Бизнес» кәсіпкерлік не­гіздерін оқыту жобасы ауыл­дағы ағайынның кәсіп ашып, ісін ілгерілетуге ерекше ық­пал етіп отыр деуге болады.

– Биыл «Еңбек» бағдар­ламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіз­дерін оқыту жобасы бойынша 3,1 мыңнан аса жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кә­сіпкерлер білім алды. Өткен жылдары аяқтағандарды ес­кере отырып, жоба бойынша оқытылғандардың ішінен 1 600 шамасындағы бизнес-жобаға мемлекеттік бағ­дар­ламалар аясында грант­тық қаржыландыру жа­са­лып, кәсіпкерлерге жеңіл­де­тілген несие берілді, – дей­ді облыстық кәсіпкерлер пала­тасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.

«Бастау Бизнес» кә­сіп­керлік негіздерін оқыту жобасына қатысып, өз ісін бас­тауға қол жеткізген жан­ның бірі – Назгүл Ақжол­тае­ва. Ол мемлекеттен қайта­рымсыз грант алып, жар­ты­лай фабрикаттар шыға­ра­тын шағын цех ашты. Іскер жан бүгінде Қапшағай қала­сының маңындағы Шең­гелді ауылының бес мың тұрғынын өз өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Назгүл Ақжолтаева ма­мандығы бойынша педагог, алайда осыған дейін онлайн-бизнеспен айналысып келді. Жеке ісін дүкен ашудан бастағысы келгенімен, кейін өнім шығару бағытына бет бұрды. Осылайша Назгүл торттар, бәліштер пісіре бас­тады, жемістерден гүл шоқ­тарын жинап, сатты. Өн­дірісті одан әрі дамытуға об­лыстық кәсіпкерлер пала­тасы Қапшағай қалалық фи­лиалының мамандары қолдау көрсетті. Жас кәсіпкерге «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша жобаға қатысып, кейін қайтарымсыз грант алуға өтінім беру ұсы­нылды.

– «Бастау Бизнес» кур­­сына қатыса отырып, өңі­рімізге қажетті тауарлар на­рығын зерттеп, талдау жаса­дым. Тұрғындардан үйде да­йындалған, консерванттарсыз, мұздатылған жартылай фабрикаттарға сұраныс бар деген пікірге келдім. Осы­лайша мемлекеттік қолдау арқылы шағын цех аштым, енді өз дүкенімді ашу үшін жұмыс істеп жатырмын, – дейді өзінің кәсіпкерлікті мең­геру туралы сырымен бөліскен Назгүл.

«Еңбек» бағдарламасы аясында Назгүл Ақжолтаева 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа қол жет­кізіп, қаражатқа жартылай фабрикаттар шығаратын цех үшін жабдық сатып ал­ды. Цехта тұшпараның үш түрі, ва­рениктің үш түрі, кот­­лет­тер, қырыққабат орамы, мәнті, хинкали, самса, тол­ты­рылған бұрыш жа­са­­лады. Ай сайын Damdi Alem брендімен 120 кг өнім шы­ғарылады.

– Тұшпараны және бас­қа да өнімдерді қамыр мен тар­тылған ет сапасын жоғалтпай, химиялық қос­­­па­ларсыз қолымызбен жа­сай­мыз. Сатып алушы­ла­ры­мызға сақтау мерзімі аз мұздатылған өнімдерді ұсы­намыз. Тұрғын­дар арасында көкөніс шырындарынан түрлі-түсті тұшпара ерекше сұранысқа ие. Қазір менімен бірге екі адам жұмыс істейді. Келесі жылы өнім ас­сор­тиментін кеңейтіп, же­ке дүкенімді ашуды жос­пар­лап отырмын, – деді жас кәсіпкер.

 

Алматы облысы