Кеншілер астанасында Ақселеу Сейдімбек атындағы жас жазушылар мен көсемсөз шеберлерінің облыстық әдеби-шығармашылық байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері белгілі болды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл конкурсқа барлығы 40-қа жуық үміткер өз жұмыстарын ұсыныпты. Жалпы, осымен алтыншы рет өткізіліп отырған байқауда әр жылды қоса алғанда 16 мен 35 жас аралығындағы барлығы 300-ден астам жас қаламгер бақ сынаған екен.
Марапаттау рәсімінің шымылдығын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкен құттықтау сөзбен ашқаннан кейін, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері кезек-кезегімен аталды.
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен Ақселеу Сейдімбек атындағы Бас жүлдеге ақын, журналист, Arda Media Group орталығының директоры, жеке кәсіпкер Асхат Қажытай лайықты деп танылды.
Жас жазушылар арасындағы сында Жезқазған қаласындағы «Қоңыр самал» ЖШС атқарушы директоры Бақтияр Тұрсыновқа бірінші жүлде бұйырды. Қарағандыдағы Bolashaq академиясының студенті Күннұр Қабай екінші, ал облыс орталығындағы №10 ЖББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекзат Алтынбек үшінші орынға ие болды.
Жас көсемсөз шеберлері арасындағы сайыста «Балқаш өңірі» газетінің тілшісі Мақсат Күземхан топ жарды. Облыстық Ortalyq Qazaqstan газетінің тілшісі Ербол Ерболат екінші жүлде иегері атанса, Шахтинск қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ислам Бахатбек үшінші жүлдені місе тұтты.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған байқаудың марапаттау кеші арнайы концерттік бағдарламаға ұласып, онда облыстың өнерпаздары Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа», «Дәурен-ай!» әндерін шырқап, «Қосбасар» күйін орындады.
ҚАРАҒАНДЫ