• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2014

«Мөлдір бұлақ» мөлдірлігін сақтайды

604 рет
көрсетілді

«Судың да сұрауы бар» дейді атам қазақ. Осы сөзден кейін-ақ оның маңызының қаншалықты екенін айтып жатудың өзі де артық па дерсің. Ал осы ауыз су мәселесінің шешімдері еліміз аймақтарында бүгінде қаншалықты жүзеге асырылуда? Міне, осы мақсатпен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы жүзеге асырып жатқан «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы қаншалықты өміршең, ауызсу сапасы қандай дәрежеде екендігін білу тұрғысында құрылған арнайы тексеру тобы Павлодар маңындағы стансаларда болып қайтты. Топ құрамында Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық комитеттің өкілі Райхан Омарова, Павлодар теміржол бөлімшесінің Санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының бастығы Қанатбек Бейсебаев және «Теміржолсу-Арыс» ЖШС-нің директоры Әсемхан Әмірханов бар. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-та 2012-2016 жылдарға арналған «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдар­лама аясында ұлттық компанияға еншілес барлық стансалар мен разъездерді қажетті мөлшерде сапалы сумен қамтамасыз ету керек болатын. Бүгінгі таңда «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы бойынша 2012-2013 жылға жоспарланған инвестициялық жобалар жүз пайызға орындалған. Осы ауқымды жобаны атқаруды өз мойындарына алған «Теміржолсу» АҚ екі жыл көлемінде 238 теміржол стансалары мен разъездердегі 314 нысанды сапалы сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, кәріз жүйелерін қайта жаңартып, толық күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. – «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы бойынша біздің облыста атқарылып жатқан жұмыстарды көзімізбен көрдік. Байқасақ, бағдарлама аясында бірқатар шаралар жасалған. Әсіресе, маған таза судың талапқа сай сапалы болғаны басты назар аудартты. Біз жылына бір рет жоспар бойынша барлық стансадағы судың сапасын тексеріп, қадағалау жұмыстарын жүргіземіз. Егер, ауызсу санитарлық талапқа сай болмаса бір адам емес, барлық ауыл тұрғындары ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан ауызсудың сапасына қояр талап өте жоғары болмақ, – дейді Павлодар теміржол бөлімшесі санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының бастығы Қанатбек Бейсебаев. Шаһардың іргесінде сылдырай аққан Ертіс өзенінде Оңтүстік және Солтүстік су қоймасы орналасқан. Оңтүстік су қоймасы қала тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етсе, солтүстік су қоймасында өндіріске жұмсалған қал­дық сулар сақталған. Осы қалдық су арнайы аппараттармен тазартылып су сорғыш стансасындағы үлкен ыдыстарға құйылады. Ол ыдыстарда арнайы сүзгіш орнатылған. Сол сүзгіштен өткен су санитарлық талапқа сай жасалып, су айдағыш мұнараға барады. Бұл судың сапалылығы әр сағат сайын тексеріліп отырады. Судағы кездесетін түрлі бактерияларды өлтіретін арнайы құрылғылар мүлтіксіз жұмыс істейді. «Теміржолсу» АҚ президенті Қуат Есім­ханов «Теміржолсу-Павлодар» ЖШС-нің ұжымымен кеңейтілген жиын өткізіп, онда өткен жылы жасалған жұмыстарға баға беріп, алдағы таңда атқарылатын шараларға тоқталды. «Біздің бүгінгі рейдке шыққандағы мақсаты­мыз  «Мөлдір бұлақ» бағдарламасының екі жыл көлеміндегі атқарылған жұмыстарына сараптама жасап, көзбен көру болатын. Алғашқы тексеру шарасы Алматы облысында басталып, енді міне, Керекуде жалғасын тапты. Павлодар облысында бағдарлама аясында көп жұмыстар атқарылды. «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы бойынша 2012-2013 жылдарға арналған 2 млрд. 745 мың теңге қаржы толық игерілді. Ал, «Теміржолсу-Павлодар» ЖШС осы жылдары жүргізген күрделі жөндеу жұмыстарына 270 млн. теңге қаржы игерген. Дегенмен, алда атқарылар жұмыс өте көп. Биыл еліміз бойынша 56 станса мен бекеттерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. 2015 жылы КТЖ-ның балансындағы барлық 544 станса мен разъез­дерге ауызсу жеткізуді аяқтауды межелеп отырмыз», дейді Қуат Есімханұлы. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».