Бүгін, 25 қарашада UEFA Конференция лигасы топтық сатысында қазақстандық «Қайрат» бесінші ойынын Швейцарияның «Базель» командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу елорда уақытымен 21.30-да басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын Алматы қаласындағы орталық стадионда өткізіледі. Кездесуде грузиялық Гога Кикачеишвили бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Давит Габисония мен Георгий Эликашвили көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де - сол елдің өкілі Ираклий Квирикашвили.
Екі команда арасындағы алғашқы ойында «Базель» 4:2 есебімен басым түсті. «Базель» клубы 1893 жылы құрылған. Өзінің елінде 20 мәрте чемпион атанған еді. Еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып келеді.
Айта кетсек, «Қайрат» H тобында сынға түседі. Қарсыластары - Швейцарияның «Базель», Әзербайжанның «Карабах» және Кипрдің «Омония» командалары. Қазір «Қайрат» өз тобында 1 ұпаймен соңғы орында тұр. «Базель» 8 ұпаймен екінші орында келеді.