• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2014

Жүзі жылы, жаны жайдары

561 рет
көрсетілді

Ажал аяқ астында деген сөздің растығына осы жолы айқын көз жеткізгендей болдым. Өйткені, үстіміздегі жылдың 17 қаңтарында Алматыда ақын Қайрат Жұма­ғалиевтің қырқына барып келмек болып кеткен Тұрлығазы Сабыр­байұлы Дуанбек ойламаған жерде жол апатына ұшырап, опат болды. Бәлкім, жер бетіндегі татар дәм таусыларда туыстарының нұрлы жүзін соңғы рет көріп қайтуға Алла нәсіп етті ме, кім білсін?! Үш күннен кейін Астанада досымызды, әріптесімізді амалсыз жер қойнына тапсырдық. Міне, содан бері де 40 күн болып қалған екен. Менің Тұрлығазымен таныс­ты­ғым, достығым, аралас-құра­лас бол­ған уақытым небәрі он үш-он төрт-ақ жылдай болды. Алай­да, ол біздің жі­гіт ағасы болып, ақыл тоқ­татқан, ша­ғы­мыз бол­ғандықтан, оның әр күні, әр жылы ұмытылмастай болып есте қалды. 2000 жылдың 20 қарашасы күні Астанадағы мемлекеттік «Елорда» баспасының табалдырығын аттағанда алғашқы болып қарсы алған баспа директоры Тұрекеңнің өзі еді. Оған дейін көп жыл аудандық газетте іс­теп келгендіктен, жазып-сызуға машы­ғым болғандықтан баспадағы редакторлық міндетке тез төселіп кеттім. Тұрлығазының негізгі маман­дығы полиграфист болатын. Мәс­кеу­дегі Полиграфия институтын бі­тір­ген. Алматыдағы «Дәуір» бас­па­сында, Рес­публикалық Баспа, по­лиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитетте, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Баспасөз жә­не ақпа­рат министрлігінде әралуан лауа­зымда қызмет істеген білікті маман екен. Баспа – «Астана полиграфия» акционерлік қоғамының үйінде ор­наласқан. Сондықтан кітап шығару ісін қолжазбадан бастап оның басылып шыққанға дейінгі процесін түгелдей өз қолымыздан өткіземіз. Сөйтіп, кітап шығарудың барлық ерекшеліктерін түгелдей Тұрекеңнен үйрендім десем, ол ешқан­дай артық айтқандық емес. Оның қоластындағы қызмет­кер­лер­ге ренжіп, дауыс көтергенін, орын­сыз ұрысқанын ешқашан көр­меппін. Бірге қызмет істеген қызметкерлер оны әрдайым ілтипатпен еске алады. «Елорда» баспасында Тұр­лы­ға­зы Сабырбайұлының бас­шы­лығы­мен «Алтын қор», «Ғиб­раты мол ғұ­мыр», «Отырар кітапханасы», «Қа­зақ­стан тәуелсіздігіне 20 жыл» се­­рия­­ларымен көптеген көрнекті ақын- жазушылардың шығармалары жа­рық көрді. Оның бәрі – сырты әсем безендірілген, әдемі кітаптар еді. Бұл сериялармен шы­ғарылған туындылар Алматыда өткен халықаралық кітап көрмесінде сан рет жүлделі дипломдармен марапатталған. «Елорда» баспасын мемлекет, қоғам қайраткерлерінің кітап­тары, Елба­сының жыл сайынғы Жол­дау­лары әр жылы кітапша болып жа­рық көріп жататын. Авторлар да өз шығармаларын осы баспадан шы­ғаруға ұмтылатын. Тұрекең тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында және одан кейін бірге қызмет істеген полиграфистердің еңбек­терін жо­ғары бағалайтын. Тұрлығазы Сабырбайұлы өзіне өті­нішпен келген адамға қолынан келсе қол ұшын беруге, көмектесуге әрқашан әзір тұратын. Кішіпейіл, жанашыр, уәдесіне берік, бір сөзді азамат еді. Ұсақ-түйекті елеп, ескере бермейтін. Биязы мінезімен дос­тарының құрметіне бөленіп жүріп еді. Онымен бірге қыз­мет істеп, аралас-құралас болған әріп­тестері адал да ақжарқын азаматты тә­уелсіз Қазақ елінің полиграфия жә­не баспа ісін дамытуға өзіндік үлес қос­қан іскер маман, тәжірибелі баспагер ре­тінде жақсы біледі. Ол ұлын ұяға, қы­зын қияға қондырып, немере сүйіп кетті. Оған да шүкіршілік дейміз. Бітірген ісін ешкімге міндет қыл­май, ол үшін ешкімнен мадақ, сый-сияпат күтпей, өз міндетін адал ат­қарып, дүниеден өткен асыл азаматтар аз емес. Тұрлығазы сондай жан­дардың бірі еді. «Құрдас, бәрі жақсы болады!» деген сөзі құлақтан кетер ме. Қайырды НАЗЫРБАЕВ, «Нұр Астана» баспасының директоры.