• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 25 Қараша, 2021

Шыңғырлаудағы 1916 жыл оқиғасы

2609 рет
көрсетілді

Жақында Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап­ханасында болғанымызда, Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінен төмендегі материалды көріп қалдық. Бір қызығы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 10 жылдығы тұсында, яғни 1926 жылы оқиға куәгерлерінің естелігі жинақталған екен. Қазақ даласын түгел қамтыған толқу Батыс Қазақстан облысында да ерекше болған. Әсіресе, Шыңғырлау өңірінде болыс пен писардың өліміне ұласқан көтеріліс басшылары Орал түрмесінде өлім жазасына тартылған болатын. Биыл 105 жыл толған осы оқиға туралы сол кездегі Орал губерниясы Елек уезі Қарашығанақ мектебінің мұғалімі Әділгерей Иманұлы жазып қалдырған естелікті (15 қазан, 1926 жыл) ұсынамыз. Жазбаны төте жазудан аударып оқыған – Ұлттық кітапхана Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкерлері.

Суыт хабар

1916 жыл Шыңғырлау болысының прабителі (правитель – орыс тілінде, басқарушы – а) Сарбаланың Ақметі, песрі (писар – қағаз жазушы, іс жүргізуші – а) – төре тұқымы Таукенұлы Қали еді.

2-нші әсет (июль) күні Елек уезінің крестянский нашалнигі (шаруа бастығы, лауазым – а) Петроп Теке (Орал қаласы – а) қаласынан келе жатып, болыс кеңсесіне түсіп, 25-июнь жарлығын жариялап, Ақмет прабителді «старшина, судияларыңды және былайғы қадірлі ақсақалдарыңды ертіп, 5-ші июль күні Қарашығанаққа сиезге кел» деп шақырып кетті. Жаманат жата ма, ауылдан ауылға, үйден үйге «қазақтан салдат алады» деген хабар тарап та болды. Кемпір-шал ойбайын салды. Жастар шаруадан тоқталды. Жұрт лек-лек болып жиналып, бірі оны, бірі мұны айтып, екі кісі бас қосса, әңгімелері жігіт алу жайында болды. Ақмет прабител барлық старшина, судиялармен ауыл сайын бірнеше ақсақалды ертіп, 5-інші әсетке Қарашығанаққа сиезге жөнелді. Сиезге Шыңғырлау мен Қарашығанақ болысының адам қарасы жиналды. Електен уезный крестянский нашалник Петроп келіп, «патша қазіретінің 25-інші июндегі жарлығы бойынша қазақтан қара жұмысқа 19 бен 31 жастың арасындағы жігіттер алынады» деп бес-алты ауыз сөзбен жариялады. Жан-жақтан: «ақша төлеп қалуға болмай ма?» деген сияқты түрлі сұраулар берілді. Берілген сұрауларға «патша хазіретінің жарлығы екі болмайды, қалайда орындалады» деп қысқа-қысқа жауап қайырды.

Сиезге жиналған халық жігіт бере қоямыз деп айта алмады. Сонымен крестянский нашалник Петроп Ақмет прабителді Елекке шақырып, өзі Елекке қайтып кетеді. Жиналған екі болыстың адам қарасы не қыларын білмей, аң-таң болып қала берді. «Суға кеткен тал қармайды» деген ғой, ақырында ойлап мақұл тапқандары Қарашығанақ, Шыңғырлау екі болыстан үш-үштен алты кісі уәкіл шығарып, болыс басы мың сомнан шығын беріп, Орынбордағы Әлиханнан ретін біліп, ақыл сұрап қайтуға жіберді.

Халықтың сондағы ойы: қазақтан жігіт аламын деп жатқан – патшаның бер жағындағы әкімдер, патша мұны білмейді.

 

Әлиханның ақылы

Сонымен уәкілдер Орынборға барады. Сол кезде Орынборда жігіт алу жайында бір сиез болып жатса керек. Біздің уәкілдер сиезге үлгере алмай, сиез тарап кеткен соң барулы. Іздеп барған Әлихандарын ұшырата алмаулы. Сиез тарағасы Әлихан Самардағы үйіне қайтып кеткен екен. Соңынан қуып Самарға бармақ болып пойызға мінген жерде Әлиханға ұшырасып, Самарға дейін бірге барулы.

Әлиханның бұларға айтқан ақылы: «Түбінде алам деген жігітін алмай қоймайды. Жігіт бермеймін деп босқа әуре болмау керек. Және де үкіметтің әр халықтың прабасын (құқығын – а) бірдей қылып, тілегін орындаймын деген уәде сөзі бар. Соғыстан соң әрбір халықтың патшаға еткен қызметі есесіне тілегін білмек. Соғыстан соң былайғы халықпен қатар біз де тілегімізді тілеп, алу үшін былайғы халық қан төгіп, патшаға қызмет істеп жатқанда, біз де қарап отырмай, қара жұмысқа жігіт беріп, қолдан келгенше қызмет етуіміз керек. Сондықтан біз қазақтан қара жұмысқа жігіт беруді мақұл көреміз» деген.

Келген уәкілдер Самардан пойыз­бен Текеге түспек болады. Себебі Бөрілі болысы Елек уезі Бақытжанды уәкіл сайлап, жігіт алу тақырыбында Петроградқа жібереді екен дегенді есітеді. Текеде солардың алдынан түсіп, бұлар да өз болыстары атағынан қызмет тапсырмақ, болмаса бірге кісі қосып жібермек. Сонымен 8-нші әсет күні Текеге түседі.

Текеге келсе, қала астан-кестен. Се­бебі жер-жердегі қазақ «жігіт бер­мейміз» деп көтеріліс жасап, кейбіреулері болыстарын өлтіріп, кеңселерін өртеген екен. Осы хабар телеграм арқылы жан-жақтан Текеге құйылған екен.

Сол күні біздің Шыңғырлаудың да болысы мен песірін өлтірген хабары естілген. Сондықтан біздің кісілер «қайдан келдің» күйге түсіп, амалдап жасырынып, елге қайту жайын көздейді. Себебі тап сол күнде көтеріліс жасаған болыстың адамдары ұшырасса, «бұлар елге ағуа берушілер» деп табанда жауып тастайтын болған. Үкіметтің жансыздары көтеріліс жасаған болыстың адамдарын пәтер-пәтерден іздей бастаған.

Сол күні губернатор Мордвинов, тергеуші ... прокурор, 30-даған қару­лы казак-орыс, бір пулеметі бар, Шың­ғырлау болысына шығады.

 

Шиеленіс

Әсет жұлдызының 6-сы күні Қарашы­ғанақтағы сиез тарағасын, елден барған ақсақалдар Ахмет прабителге «Елекке барма, Орынборға кеткен кісілеріміздің хабарын күтелік, елдің дегені мен ісін қыл» деген сөздерін айтады. Бірақ Ахмет прабител бұл сөздерді тыңдамайды. Сол күні песірімен Елекке, крестиански нашалникке барып жолығып, «қазақ ешқайда да қашпайды, жігіт беремін» деп уәде береді. Бірақ халықтың қазіргі уақытта жігіт бере қоямын деген көңілі жоқ, о деп, бұ деп шатақ шығаруы мүмкін. Сондықтан қасыма кісі беріңіз деп сұраған. Крестиански нашалник қасына палисейски (полиция қызметкері – а) ертіп, ауыл-ауылдағы барлық писменный (жазбаша – а) тізімді тезінен жинап, тапсыруға бұйырған.

Ахмет прабител 7-нші әсет күні үйіне келіп қонып, 8-нші әсет күні ертемен қасында палисейски орыс, песірі Қали, делбеші, шабарман сықылды тағы бірнеше жолдастарымен ауыл-ауылдағы тізімдерді жинауға шыққан. Қарашығанақ сиезінен тарағанда болыс қол астынан барған ауыл адамдары, ақсақалдары прабителдің қыңыр пікірін байқап, халықтың айтқанынан шығып, өз бетімен іс ететін болса, ха­бар­ласып тұрыңдар деп уәделесіп тара­ған. Сондықтан көптің тілін алмай, прабителдің Елекке барып, сыр айтып, халықтың ырзалығы болмай тұрып «жігіт беремін» деп жеке басы уәделесіп, қасына палисейски ертіп шыққанын Ахмет прабителдің өз нөмірінің адамдары сезіп, өз білігімен іс етейін деп жүрген теріс пікірі барлығын байқап, «прабител қасына Електен палисейски ертіп келіп, ауыл-ауылдың писменный тізімдерін жинауға шықты, атқа мініңдер!» деп ел-елге ат шаптырып, хабар жібереді.

Естуі-ақ мұң екен, болыс қоласты түгел көтерілді, бөлекше майдан болды. Аттысы атты, жаяуы жаяу, көбі жайдақ мінгескен, қолдарында соққы, темір айыр, «қара қазан, сары баланың қамы үшін өлсек арман жоқ!» десіп, прабител кеткен ауыл жаққа топ-топ болып ағыла бастайды. Мақсаты – прабителді өлтіру, тізімді отқа жағу.

Ескерту: бұрынғы Шыңғырлау болысы 4-нші ауыл осы күнде Бөрлі болысы 13-ауыл.

 

Болыстың өлімі

Сонымен жігіт бермей аман қалдық. Ахмет прабител песірі Қали, палисейски орыс және бірнеше жолдастарымен шыққан күйінде 2-нші ауылдың тізімін алып, 5-нші ауылға барып, Қоржығұл төбесі деген жерде Балпейіс балаларының үйіне түсіп, шәй ішіп отырғанда қуғыншылардың алды барады. Баймолда Тәжімқұлұлы деген жігіт бас болып сол жерде шаң-шұң ұрыс болып, Ахмет прабителдің басын жарады. Балпейіс балалары арашалап айырып алады. Бұлар халықтың ретін байқап, ол ауылда тұрақтай алмай, 1-нші ауылға қарай ысырылып қаша бастайды. Бірақ «халық маған не қылады» деген көңілмен тілін тартпайды. «Өлермін, өлмесем сендерге қылармын» деген сияқты қарсы сөздер айтады. Халық қатер қылар, халықпен санасып іс етейін деген қиялы болмайды. Әманда өзінікін жақтап, ойлаған ойын орындауға тырысады. Қара бұқараны шыбын құрлы, оның зарланғанын шыбынның ызылдағаны құрлы көрмейді. Есіл-дерті қара халықты езіп, үкіметке жағынып, мақтау алу болады.

1-нші ауылға қарай кетіп бара жат­қанда жан-жақтан қуғыншы көбейеді, салт атпен қуып жеткен қуғыншылар арбадағы прабителді қамшымен сабай бастайды. Қасындағы жолдастары қорғап алып қашады. Қашқан күймен 1-нші ауылдағы Бекбан хазіреттің үйіне барып паналайды. Бекбан хазірет қорғап, жұртты жібермей, есікті бекітіп, қуып келген халыққа тоқтау айтады. Қуып келіп жиналған халық Бекбан хазіреттің үйін қамап алады. Сол уақытта 3-нші ауыл Ақпанбет жігіттері Қожа Қазы баласы бас болып, терезені бұзып кіріп, Ахмет прабителді ұстап алып, сабай бастайды. Себебі ол ауылға былайғыдан гөрі прабителдің зияны бұрын көп тиген.

Прабителді арашалаған жолдастары өздері таяқ жегесін бастарын қорғап, жайына қалады. Жігіттер мойнына шылбыр салып, сүйреп, сыртқа алып шығады. Сол уақыттарда Қожа Қазы баласы Ахмет прабителді пышақ салып жарып тастайды. «Болысты өлтірдім, енді бүгін өлсем де арманым жоқ, кім өлтірді деуші болса, жалғыз мені көрсетіңдер» деп қанды пышағын жоғары көтереді.

Сыртқа шығарған соң правительге қаны қатып тұрғандар шала жансар күйінде ұрып мылжа-мылжа қылады. Құрманбай Төре баласы бас болып, бірқатар жұрт Қали песірдің ісін бітіреді. Полицейскиді ұрмай-соқпай жаяу Елекке қайқайтады.

Өлген Ахмет прабител мен Қали песірдің өлігін Бесағаш даласындағы құдыққа апарып көмеді. Трантас арбаны тас байлап Қараобаның суына салады. Арбадағы бірқатар кеңсе істері кім көрінгеннің қолында кетеді.

Ауыл-ауылдың уақиғаның ішінде болған басты адамдары кім өлтіргенін, қайда көмілгенін айтпасқа, біреуді-біреу көрсетпеске малта жеп уәделеседі, сонымен тынышталып, жиналған халық тарқайды.

 

Тергеу

Елекке жаяу кеткен полисейский сол күні Елекке барып, кристианский начальникке Шыңғырлау болысы тегіс атқа мініп көтерілгенін, болыс пен песірді өлтіргенін, халықтың түрі қазіргі ретте қауіпті екендігін айтады. Кристианский начальник өзі шығуға табаны тұрмай, Оралға губернаторға телеграмм береді. Оралдан губернатор Мардыбеноп, судебный следуетель, тауа­риш прокурор, отыздаған қарулы казак-орыс, бір пулеметі бар өлген Ахмет правительдің әкесі Сарбаланың үйіне келіп, жай-мәністі сұрап, көрсеткен кісілерді ұстап, следстуие (тергеу – а) жасауға елге шығады.

Елдің үрейін ұшырып, қатын-баланы шулатып, кез келген ауылды солдаттар шеп құрып қамап алады. Кісілерін тергейді, қару іздеп, тінту жасайды. Тәтті тамағы болса ішті. Ұстағысы келген кісілерін ұстады. Бетіне қараған кісілер болса, қамшының астына алды. Мал мен баста ерік болмады. Жұрт қорыққаннан аяғынан тік тұрды. Ыңқ етер жай қалмады. Қатын-бала қойдай күңіренді. Жас жігіттер көрінбей тасаланумен болды. Жағадағы елдің жігіттері бір-бір атқа мініп, қолдарына сойыл алып, жиналысып, елден солдат арылып кеткенінше жасырынып тоғайда жүрді. «Соққыға келсе бірдеме қылар едік, әттең мылтығы бар ғой» деушілер де болды. Солдаттар екі үйдің арасына, шаңырақтан-шаңыраққа арқан керіп, аттарын соған байлады. Ұсталған кісілерді солдаттар атпен қамшылап, жаяу қуып келіп, арба қоршап, соған қамап бағатын болды. Сонымен губернатор бұл жолы он бір кісі ұстады. Өлікті таба алмады. Шилі болысына да барып, осындай кісі ұстап қайтты. Ұсталған кісілерді Текеге жаяу айдады. Мұнда қалған қызметтерді кристианский начальникке тапсырып, Мардыбеноп Оралға қайтып кетті.

Ұсталып кеткен кісілер мыналар:

– Дәужан Елубайұлы – Қожа Қазыұлы – Тәжі Шотайұлы – Баймолда Тәжімқұлұлы – Мақмет Қазыұлы, т.б.

Өлген Ахмет правительдің інісі Қан­бет болыстың кандидаты болған­дықтан ағасының орнына болыс болып қалды.

 

Өліктің табылуы

Өлген Ақмет правительдің кіші әйелі Төре Қалдыбаласының қызы сол ретпен Төре Сарбалаға құда болатын. Ақметтің өлігі табылмағасын Сарбала құдасы Төреге «ауылыңның сол уақиғаға қатысқан адамдарынан сұрастырып 

біл» деп тапсырды. Правительге белсене қатысқанның бірі Ахметтің өзінің қайнағасы Құрманбай Төре баласы. Бір күні Құрманбай әкесі Төремен болыстың өлімі жайлы сөйлесіп отырып, абайламай Ақмет правительдің сүйегі Бесағаш даласындағы құдыққа көмілгендігін айтып қойған. Төре естіп алып Сарбалаға хабар жіберген. Сарбала баласының сүйегін тауып алып, уездный кристианский начальникке хабар берген. Кристианский начальник Петров бірнеше казак-орыс солдаттарымен келіп өліктің үстіне бір үй, қасындағы жолдастарымен келіп-кетіп жүретін ауыл билері үшін жеті үй, небәрі сегіз үй тіктіріп, елден жұмсауға оншақты жігіт пен оншақты ат арба алдырып, тергеу жүргізе бастады.

Құдыққа көмілген хабарды Төре айтты дегенмен Төрені ұстады. Төреден жауап алғанда Төре баласы Құрманбайды көрсеткен. Сонымен Төре босатылып, Құрманбай ұсталады. Уақиға 1, 3, 5-інші ауыл жерінде болған. «Біле тұра айтпай, жасырдыңдар» деп жоғарғы үш ауылдың старшиналарын ұстайды. Бұл жолы небәрі тағы да оншақты кісі ұсталады. Олар мыналар: Төре баласы Есмағұл, Маңғыұлы Жұмағали, Мұқанұлы Зайнолда, Дүзкей, тағы басқалар. Соңғы Дүзкей деген кісінің өзі үйінде жоғында солдаттар келіп: «Дүзкейді тауып беріңдер, сендер қашырып жібердіңдер» деп қатыны мен баласын ұстап әкетеді. Дүзкей үйіне келіп, бұл хабарды есітіп, ауырып қалады. Соңынан солдаттар келіп, Текеге айдағанда хал үстінде жатады. Сонымен Дүзкей деген кісі Текеге айдалып бара жатып, жолда жүрегінің қағы жарылып өледі. Қалғандары Текеге айдалып барып, елу алты күн түрмеде жатады. Әуелгі ұсталғандар сексен жеті күн жатады. Бұл түрмедегілердің халі өте нашар. Жарты қадақ тұзсыз қара нан мен қара суды нәр қылып, сасық ауамен демалған.

 

Сот

Қазаннан военный сот келіп тергеп, төрт кісіні төрт сағаттың ішінде асып өлті­руге үкім етіп, үкім орындалған, асылып өлгендер мыналар: Дәужан Елу­байұлы, Қожа Қазыұлы, Тәжі Шо­тай­ұлы, Баймолда Тәжімқұлұлы. Қал­ған­дары ақталып, мойны ырғайдай, биті торғайдай болып, азып-тозып елге қайтады.

Бұлар қайтпастан бұрын елден жігіт алынды, байлар кісі жалдаушы болды. Ебін тапқандар казак-орысқа пастух-малшы болды. Бұлардан басқа молдаекелер елде қалды. Былайғы он тоғыз бен отыздың арасындағылар тегісінен Елекке қаралуға барды. Тізімге бұрын қалай болса, солай жазылған ретімен жасы артық я кем бола тұрса да орынсыз приемға ілігіп кеткен сорлылар көп болды. Оның үстіне Шыңғырлау болысының жігіттеріне болысын өлтірген елдің жігіттері деп прием қатаң болды. Жасы артық, я кем болмаса ауырулы жарамсыз, жарымжандарды талғамай, жарамды деп ала берді. Бұған мысал, Қожаұлы Қайролла деген жігіт майданға барған жерінде қаралып, соқырлығынан қайтып келді. Комиссияда отырған ақсақалдарымыз түк бітірген жоқ. Оларға сөйлеуге толық права берілген жоқ. Жігіттерді қараған доғдырлардың пышағы құйрық үстінде болды. «Сені қалдырам» деп кез келген қазақтың қалтасын қағып алды. Кристианский начальниктің қатынына Ғаппа деген ноғай қатын құс етін, тағы сондай тәтті тамақтар апарып, таныс болып, кристианға қатыны арқылы қазақтардың парасын беріп, делдалдық қылып, бірнеше адамды прием­нан қалдырды. Мұны кристианның өзі де теріс көрген жоқ. Қара жұмысқа жігіт алу тұсында молдекемдер аз олжалы болған жоқ. Бетті бір сипап, құдай алдарыңнан жарылқасын деп жігіттердің тиын-тепенін бұлар да соғып қалды. Сонымен Шыңғырлау жігіттері күнбатыс майданына Минскей губерниясына окоп қазуға барды. 1916 жыл көтерілісі Шыңғырлау болысында осымен тәмам болды.