• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қараша, 2021

Маңғыстауда маңызды жобалар қолға алынды

322 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аталған аймақтың биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырды.

– Бірінші кезекте, әлемді жай­­лаған індеттің бетін қайтару жөніндегі облыста атқарылып жатқан істер жөнінде баяндауға рұқсат етіңіздер. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы «жасыл ай­мақта». Өткен тәулікте індетке шалдыққан 5 адам анықталды. Коронавирус белең алғалы бері облыста 23 360 адам ауыр­ған болса, соның ішінде 22 670 адам емделіп шықты. Өкініш­ке қарай, 1 070 адам қайтыс болды. Қазіргі таңда 43 адам ем қабылдап жатыр. 5-еуі – реа­ни­­ма­цияда. Стационардағы және реанимациядағы төсек орын­да­­ры­н­ың толымдылығы сәйке­сін­ше 15-14%-ды құрайды. 3 089 кәсіпкерлік нысаны Ashyq бағ­дарламасымен қамтамасыз етілген. Халыққа індеттің алдын алу жөніндегі екпе жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келе жатыр. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында I компонентті алған адамдар саны 179 785 (46,3%) болса, II компонентпен 157 235 (41%) адам егілді. Қажетті дәрі-дәрмектердің, құрал-жаб­дықтардың, медициналық құ­ралдардың бәрі бар. Жыл­жы­малы бригадалар да ұйымдасты­рылды, – деді өңір басшысы.

10 айда облыстың әлеумет­тік-экономикалық даму қорытын­дылары өнеркәсіп, құрылыс, көлік және қоймалау, өңдеу өнер­кәсібі, тұрғын үй, ауыл ша­­руашылығы салаларында оң өсім барын байқатты. Алай­да ай­мақта өнеркәсіп саласы 98,7%-ды көрсетіп отыр. Бұл – мұ­най-газ саласында жыл ба­сын­­­­­дағы ОПЕК келісімде­рі­не сәйкес, мұнай өндіруге салған ке­дергілерге байланысты жос­пар толық орындалмай жатыр. Сонымен қатар тұрғын үйді іске қосу барысы 98,4%-ды құрайды. Дегенмен жыл соңына дейін осы міндеттемелердің барлығын толық іске асыруға мүмкіндік бар.

– Маңғыстау облысындағы өзекті мәселе – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету. Қа­­­­зір­гі таңда тұтыну 154 мың тек­ше метр суды құрайды. Жаз мезгілінде, мамыр-қыркүйек айларында шамамен 51 мың текше метр су жетіспейді. Болжам бойынша, 2025 жылға қарай тұтыну 250 мың текше метрді құрайды. Су жетіспеушілігін жою жөнінде облыста 9 жоба іске асып жатыр. Соның екеуі келе­сі жылдың бірінші жарты­жылдығында басталады. Бірінші­сі – Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін жеткізу. Екін­шісі – Қаражанбас кен ор­нын­дағы тәулігіне 17 мың тек­ше метр су тұшытатын зауыт. Осылайша, мұнайшылар 7 мың текше метр суды өздері пайдаланып, қалған 10 мың текше метр облыс тұрғындарының қа­жетіне жұмсалады. Сонда бү­гін­гі 51 мың текше метрдің келе­сі жартыжылдықта 30 мыңы қам­та­масыз етіледі. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» компаниясы Кендірлі ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауытын іске қосқаннан кейін бұл мәселе шешіледі, – дейді Н.Ноғаев.

Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт То­қаев Маңғыстау об­лысы­ның әлеу­мет­тік-эконо­ми­калық дамуы жөнінде ұйым­дастырылған кеңес­те ауыз су тапшылығын шешу мәселесіне қатысты нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Бүгінде облыс әкімдігі инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнатып, осы мәселе­лерді шешіп келеді.

– Ауылдық жерлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Ақтау, Жаңаөзен және Форт-Шевченко қалаларында ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің 100 пайызы жа­сақталған. Ауылдық елді мекен­дерді ауыз сумен қамтама­сыз ету көрсеткіші былтыр 92% болса, 2021 жылдың қорытын­дысы бойынша 96%-ға жеткізілмек. Облыста барлығы 59 ауылдық елді мекен бар. Соның 47-сі ауыз сумен қамтылған. 12 ауыл­ды Президент 2022 жылға дейін орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл орталықтандырылған сумен 2 ауыл қамтылады. Олар­дың қатарында Бекі жә­не Бас­құдық ауылдары бар. Нәти­жесінде, елді мекендерді орта­лықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету 96%-ға жетеді. Қалған 10 ауылды ауыз сумен қамтуды 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда, – дейді спикер.

Аймақта төрт түлік малды жемшөппен қамтамасыз ету мәселесі де маңызын жоғалтқан жоқ. Соңғы жылдары ауа райы­ның қолайсыздығына, әсіресе, жауын-шашынның аз мөлшерде түсуіне байланысты ауыл ша­руашылығы саласында біраз қиындықтар орын алды.

– Осыны ескере отырып, қысқы маусымнан шығу үшін қажет жемшөппен қамтамасыз ету бойынша мамандармен келісе отырып, шаралар қабылданды. Өңірде қысқы мал азығының қорын қалыптастыру үшін 77 мың тонна шөп пен 53 мың тонна жем қажет. Бүгінде өңірге 70 мың тонна шөп пен 41 мың тонна жем тасымалданды. Бар­лық ауданда жемшөп жинау базалары жасақталды. Биыл қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, Үкіметтің қо­ры­нан ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 1,2 млрд теңге игерілді. Яғни ірі қараға мал басына шамамен 9 200 теңге, ұсақ малға мал басына 1 900 теңгеден өтемақы төленді. Бұл – өтеусіз берілген қаражаттар. Бұдан басқа, азық-түлік базасының қысқы қорын жасақтауға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 1,8 млрд теңге игерілді, – дейді аймақ басшысы.

Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы арқылы жемшөпті тасымалдау құнына 75 пайыздық жеңілдік берілді. Ауыл шаруашылығы операторлары 800 млн теңге орнына 152 млн теңге төледі.

– Өңірдің алаңдатып отырған мәселелерінің бірі – экология. Соның ішінде халықтың аузын­да жүрген «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын жою мәселесі. Бұл қалдық қоймасы – 7 700 гектарды алып жатқан алаң. Оның жобалық-сметалық құ­жаттамасы жасалып, мердігер анықталғанымен жұмыс жыл ортасында тұралап қалған болатын. Алайда Үкіметтің, салалық министрліктің және облыс әкімдігінің араласуымен жұмыс қайта жанданды. Жобаның жалпы құны – 15 млрд теңге. Соның 1 млрд теңгесі бөлінді. Бұл қаражатты уақтылы игереміз. Президент аталған қалдық қойма­сын 2023 жылға дейін жою жөнінде тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы уақтылы орындалады, – дейді облыс әкімі.

Өңірдің өзіндік ерекшелігі және аймақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосатын үлесі – табиғаты, туризмі. Статис­тикалық деректерге сәйкес, биыл көрсетілген қызметтер көлемі мен келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артты. Инвестиция мөлшері өсті. Мәселен, былтыр 72 млрд теңге қарастырылған болса, биыл осы салаға 190 млрд теңге тартылды. Биыл 5 жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ең алдымен туристік аймақты дамытуға, демалушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жобалар саналады.

– Басты міндетіміздің бірі – жұмыссыздықты жою, жұ­мыс істейтін азаматтардың са­нын көбейту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Қа­зір­гі таңда облыста 55 мың кәсіп­керлік субъекті жұмыс істеп тұр. Онда 125 мың адам еңбек етеді. Осылайша, шағын және орта бизнестен түскен түсім – өңір экономикасының 30%-ын құрайды. Осы 10 айда шағын және орта бизнес өкілдері 711 млрд теңгенің өнімін өндірді. Сәйкесінше, «Бизнесті қолдау», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» сынды бағ­дарламалардың аясында шағын және орта бизнестің 2 146 нысаны 77 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде 1 877 адам жұмыспен қамтылды, – дейді өңір басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы билік­тің алдына тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның бағасы негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде міндет қойды. Маңғыстау облысында қажет тауарлардың 80%-ы көрші елдерден импортталады. Өңір өзін өзі 20% деңгейінде ғана қамтамасыз етіп отыр. Осыны ескере отырып, азық-түлік тауарлары бағасының себепсіз өсуіне жол бермеу үшін облыста тұрақтандыру қоры жасақталып, оған 2,3 млрд теңге қаражат бөлінді.

– Қазіргі уақытта өңірлік тұрақтандыру қорында әлеумет­тік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 17 түрі бойынша 5 200 тонна қоры сақталуда. Қажет болған жағдайда оны нарыққа шығарып, интервенция жасап, бағаның өспеуін толықтай қамтамасыз ете аламыз. Сонымен қатар азық-түлік бағаларын төмендету және ұстап тұру үшін облыстағы барлық сауда желілерімен 40 ме­морандумға қол қойылып, 125 сауда орнында қолжетімді бағамен сатылатын «әлеуметтік бұрыш» жобасы іске қосылды. Сондай-ақ өңір нарығын жер­гілікті тауар өндірушілердің тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 139 млрд теңге сома­сы­на 54 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, мал шаруашылығы, өсімдік ша­руашылығы, жылыжайлар салу бар, – дейді Н.Ноғаев.

Бұған қоса Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасымен Ақтау қаласында коммуналдық базар мен көтерме тарату орта­лығының құрылысы жоспарланып отыр.