• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экология 26 Қараша, 2021

Экология – азаматтық қоғам назарында

417 рет
көрсетілді

Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрі Серікқали Брекешев X Азаматтық форум аясында үкіметтік емес ұйымдар және азаматтық сектор өкілдерімен кездесіп, қор­шаған ортаны қорғау, геология, су ресурстары, орман шаруа­шылығы және жануарлар әлемінің өзекті мәселе­лерін талқылады.

Министрліктің қызметіне қысқаша шолу жасаған ведомство басшысы ластану деңгейі жоғары 10 қаладағы атмосфералық ауаның жай-күйі мен оны жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Алматы қаласында 2-ші ЖЭО-да бу-газ қондыр­ғысын салу және 3-ші ЖЭО-ны жаңғырту туралы шешім қабылданды. «АрселорМиттал Теміртаумен» келіссөздер нәтижесінде кәсіпорында қазандық және газ тазалау жабдықтарын қайта жаңарту жүргізіледі. Бұл өз кезегінде 2025 жылға дейін атмосфераға шыға­рындыларды 30%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Теміртау қаласының айналасына 500 мың түп ағаш отырғызылады. Шығыс Қазақстан облысында «Қазцинк» АҚ жаңа қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, 2025 жылға қарай шығарындыларды 20%-ға азайтады. Маңғыстау облысындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК» мұнай өнімдерін жою мен кәдеге жаратуды бастады. 2,5 млн тонна қалдықтың шамамен 1 млн тоннаға жуығы (998 мың тонна) жойылды. Бұл жұмыс толықтай 2024 жылы аяқталады.

«Жалпы, экологиялық ахуалды жақсарту мақса­тын­да жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «Жа­сыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді, өңірлердің эко­ло­гиялық проблемаларын кешенді шешу жөнін­дегі Жол карталары бекітілді. Қазірдің өзінде жұ­мыс жү­ріп жатыр. Министрлік пен кәсіпорындар ара­сында шығарын­дыларды 20%-дан 30%-ға дейін төмендетуді көз­дейтін меморандумдарға қол қойылды», деп атап өтті министр өз баяндамасында.

Әрі қарай ол су ресурстары, фермерлік шаруашы­лықтарды сумен қамтамасыз ету, каналдарды қайта жаңарту және цифрландыру, трансшекаралық өзендер проблемалары мен Балқаш көлінің жағдайы, сондай-ақ балық, орман шаруашылығын дамыту және жануарлар дүниесін қорғау мәселелері бойынша атқарылып жатқан шараларды тілге тиек етті.

Ұлттық геологиялық қызметті құру бойынша С.Бре­кешев кен орнының, не бассейннің, не тұтас өңірдің геологиялық құрылысы мен жер қойнауының жай-күйі туралы шынайы деректерді көрсететін модель құру функция­лары бар қызметті құру жос­пар­ланып отырғанын айтты. Бұл, сайып келгенде, қор­ларды есептеуге және кен орнын игеру жобасын жасау­ға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, қызмет бюро­кратиялық рәсімдерді азайтып, геологиялық ақпа­рат­тың халықаралық стандарттарға сәйкес сақталуын және оның қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Сұрақ-жауап форматында министр форумға қатысу­шылардың сұрақтарына да жауап берді.

«Өз жұмысымызда біз әрқашан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанамыз және азаматтық қоғаммен диалог орнатуға дайынбыз, өйт­кені қоршаған ортаны қорғау – бәрімізді біріктіретін ортақ іс», деп түйіндеді өз сөзін ведомство басшысы онлайн режімінде өткен кездесу барысында.