Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев X Азаматтық форум аясында үкіметтік емес ұйымдар және азаматтық сектор өкілдерімен кездесіп, қоршаған ортаны қорғау, геология, су ресурстары, орман шаруашылығы және жануарлар әлемінің өзекті мәселелерін талқылады.
Министрліктің қызметіне қысқаша шолу жасаған ведомство басшысы ластану деңгейі жоғары 10 қаладағы атмосфералық ауаның жай-күйі мен оны жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Алматы қаласында 2-ші ЖЭО-да бу-газ қондырғысын салу және 3-ші ЖЭО-ны жаңғырту туралы шешім қабылданды. «АрселорМиттал Теміртаумен» келіссөздер нәтижесінде кәсіпорында қазандық және газ тазалау жабдықтарын қайта жаңарту жүргізіледі. Бұл өз кезегінде 2025 жылға дейін атмосфераға шығарындыларды 30%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Теміртау қаласының айналасына 500 мың түп ағаш отырғызылады. Шығыс Қазақстан облысында «Қазцинк» АҚ жаңа қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, 2025 жылға қарай шығарындыларды 20%-ға азайтады. Маңғыстау облысындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК» мұнай өнімдерін жою мен кәдеге жаратуды бастады. 2,5 млн тонна қалдықтың шамамен 1 млн тоннаға жуығы (998 мың тонна) жойылды. Бұл жұмыс толықтай 2024 жылы аяқталады.
«Жалпы, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді, өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол карталары бекітілді. Қазірдің өзінде жұмыс жүріп жатыр. Министрлік пен кәсіпорындар арасында шығарындыларды 20%-дан 30%-ға дейін төмендетуді көздейтін меморандумдарға қол қойылды», деп атап өтті министр өз баяндамасында.
Әрі қарай ол су ресурстары, фермерлік шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету, каналдарды қайта жаңарту және цифрландыру, трансшекаралық өзендер проблемалары мен Балқаш көлінің жағдайы, сондай-ақ балық, орман шаруашылығын дамыту және жануарлар дүниесін қорғау мәселелері бойынша атқарылып жатқан шараларды тілге тиек етті.
Ұлттық геологиялық қызметті құру бойынша С.Брекешев кен орнының, не бассейннің, не тұтас өңірдің геологиялық құрылысы мен жер қойнауының жай-күйі туралы шынайы деректерді көрсететін модель құру функциялары бар қызметті құру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл, сайып келгенде, қорларды есептеуге және кен орнын игеру жобасын жасауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, қызмет бюрократиялық рәсімдерді азайтып, геологиялық ақпараттың халықаралық стандарттарға сәйкес сақталуын және оның қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Сұрақ-жауап форматында министр форумға қатысушылардың сұрақтарына да жауап берді.
«Өз жұмысымызда біз әрқашан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанамыз және азаматтық қоғаммен диалог орнатуға дайынбыз, өйткені қоршаған ортаны қорғау – бәрімізді біріктіретін ортақ іс», деп түйіндеді өз сөзін ведомство басшысы онлайн режімінде өткен кездесу барысында.