Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың қауіпті штамына байланысты жұма күні төтенше кездесу өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шұғыл жиында Оңтүстік Африка Республикасы мен Ботсванада табылған жаңа штамм туралы талқыланады, деп жазады РИА Новости.
Бұған дейін Daily Mail басылымы Ұлыбритания ғалымдары Ботсванада 32 рет мутацияға ұшыраған коронавирус штамының пайда болғанын ескерткенін хабарлады.
Мутациялардың көбі жаңа штамның өте тез жұғатынын және вакциналардың оған әсері тиімсіз болатынын көрсетіп отыр.
Кейінірек Оңтүстік Африканың ұлттық инфекциялық аурулар институты жаңа штамм ОАР-да табылғанын растады. Қазіргі таңда коронавирустың бұл түрін 22 адам жұқтырған.
"Кездесу жұма күні өтеді. Бұл жайлы осы мәселемен таныс адамдар айтты. Жиында B.1.1.529 SARS-CoV-2 штамы талқыланады", - деп жазды басылым.
Дереккөздің сөзінше, ДДСҰ сарапшылары вирустың жаңа түріне баға береді. Жаңа штамм алаңдаушылық туғыза ма, жоқ па, соны анықтайды.
ОАР-дағы инновация және эпидемияға ден қою орталығының директоры Тулио де Оливейра жаңа штамға алаңдап, ДДСҰ-ның ресми тұлғаларымен осы аптада мәселені талқылағанын атап өтті. Осыдан кейін ДДСҰ шұғыл жиналыс өткізу туралы шешім қабылдаған. Оның бағалауынша, ОАР-дың Гаутенг провинциясында тіркелген жаңа жағдайлардың 90%-ы жаңа штаммен байланысты.