Қазақстанның Х Азаматтық форумының «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты даму мүддесіндегі әріптестікке 30 жыл» пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың X Азаматтық форумына арналған құттықтауын ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқыды.
«Азаматтық қоғам құру біз үшін негізгі басымдықтың бірі. Елбасының бастамасымен 2003 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан форум осының айқын дәлелі. Диалогтың осы үлгісі көптеген мәселені талқылап ұсыныс әзірлейтін тиімді пікірталас алаңына айналды.
Форум Азаматтық бастамаларды қолдау үшін жүйелі шаралар қабылдауға септігін тигізуде. Сондай-ақ стратегиялық және заңнамалық құжаттар дайындауға ықпал етуде. Былтыр менің жарлығыммен «Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжат билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың серіктестігін күшейтуді көздейді. Оған қоса тұрғындардың елдік істерге еркін араласуына мүмкіндік береді», деді Президент құттықтау хатында.
Ауылдағы азаматтық белсенділікті дамыту туралы «Қатонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының директоры Серік Жүнісов айтып берді.
Еске сала кетейік, Президент Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Отырыс модераторы, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халқының 47%-ы ауылда өмір сүретін мемлекет үшін бұл бастаманың стратегиялық маңызы зор екендігін атап өтті. «Бұл еліміздегі азаматтық бастамаларды қолдаудың жаңа кезеңі», деді А.Балаева.
«Сана-Сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының жетекшісі Хасанова Шахноз адам құқықтарын қамтамасыз ету бойынша шараларды ілгерілету туралы өз пікірімен бөлісті.
Бұл сала Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына Жолдауында белгіленген тағы бір стратегиялық бағыт екені мәлім.
Ш.Хасанова балалар мен аналардың, қарттардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың, құл саудасы құрбандарының құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ азаматтардың саяси және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін қозғады.
Өз кезегінде министр А.Балаева биылғы 10 маусымда Президент «Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарына» қол қойғанын еске салды.
«Бұл мемлекет пен Президенттің: қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласындағы елеулі өзгерістерге дайын екендігін көрсетеді», деді А.Балаева.
Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығының атқарушы директоры Джамиля Асанова халықаралық миссиялардың азаматтық бастамаларды дамытуға қосқан үлесі туралы айтып берді.
Осыған байланысты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахмановтың арнайы құттықтау хаты маңызды болды.
«Қазақстанның басты байлығы – халқы мен оның бірлігі. Азаматтық форумның Қазақстан халқының береке-бірлігін, ынтымағын және жалпы бейбітшілік пен тұрақтылыққа негізделген саясатын әлемге насихаттап отырғаны қуантады. Азаматтық форум өз өзектілігін танытып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтушы алаңға айналғаны анық», деп жазылған Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахмановтың хатында.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының кеңесшісі Мирьяна Сполярич Эггердің Форум делегаттарына арналған бейне-құттықтау сөзі де маңызды болды. Халықаралық дипломат қатысушыларды құттықтап, Қазақстанның Азаматтық форумына қолдау білдірді.
Инклюзия мәселелері «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» қоғам бірлестігінің басшысы Қалтаева Ләззат сөзінде айтылды. Ол денсаулығының мүмкіндіктері шектеулі адамдардың қоғамдағы дамуы, қоғамның бұндай адамдарға деген көзқарасы, сондай-ақ ешқандай бөгетсіз азаматтық қоғам құру қажеттілігі туралы айтып берді.
«ЭКО Маңғыстау» басшысы Кирилл Осин өз сөзінде қоршаған ортаны қорғау мен экологияның маңызды мәселелерін көтерді. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге бірнеше рет назар аударып, белсенді іс-қимыл жасауға шақырды.
Азаматтық форумның пленарлық отырысының қорытынды бөлімінде азаматтық қоғамның қазіргі жағдайы, жетістіктері мен одан әрі даму перспективалары туралы Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Нұрғазиева Бану айтып берді.
Пленарлық отырыстан кейін дәстүрлі «ҮЕҰ-ға арналған сыйлығы» салтанатты түрде табыс етілді.
Сонымен қатар алғаш рет 15 номинация бойынша 10 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар ҮЕҰ арасында «Таңдау» сыйлығы табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, мерейтойлық Х Азаматтық Форум Астанада 22-24 қарашада онлайн-форматта басталып, Алматыда 2021 жылғы 26 қарашада офлайн-форматта аяқталады.
Форум аясында 30-дан астам пікірталас алаңдары, сараптамалық талқылаулар, фасилитациялық және панельдік сессиялар ұйымдастырылды.
X Азаматтық форумда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптары талқыланды. Форум азаматтық қоғамның 100-ден астам жетекші өкілдері қатысқан гибридті іс-шаралар арқылы 20.000-ға жуық адамды қамтыды.