Соңғы күндері елордаға қар көп жауды, тек өткен күннің өзінде бұл көрсеткіш айлық жауын-шашын мөлшерін құрады. Қалалық коммуналдық қызметтер көшелерді, алаңдар мен тротуарларды тазалай отырып, тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметінше: 26 қарашада елордада қар жинау жұмыстарына 1 800-ден астам жол жұмысшысы шықты. Қарды тазалау мен шығаруға 2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Бір тәулік ішінде қаладан қар полигондарына 35 мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Айта кету керек, қысқы кезеңнің басынан бастап қаланың коммуналдық қызметтері кешкі және түнгі уақытта қарқынды түрде, сондай-ақ қар жинау бағыттарын түзетумен екі ауысымда күшейтілген режимде жұмыс істеуді жалғастыруда.
Бірінші кезекте, ереже бойынша, жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды учаскелер тазартылады. Одан әрі орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар және т. б. қардан тазартылады.