Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі кәсіпкерлердің мобильдік аударымдарын жаппай бақылау туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазіргі уақытта желіде кәсіпкерлікпен, оның ішінде жеке тасымалдаумен айналысатын адамдардың мобильді аударымдарын жаппай бақылау туралы ақпарат таралуда. Айта кетсек, бизнес субъектілеріне салық салу барынша жеңілдетілген, такси жүргізушілері патент негізінде арнайы салық режимін қолдана алады, ол бойынша мөлшерлеме жалпы табыстың тек 1%-ын құрайды. Мысалы, егер табыс 300 мың теңгені құраса, онда салық айына небәрі 3 мың теңге болады», деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитетінде.
Бұл ретте кассалық аппаратты сатып алу міндетті емес, онлайн кассалық аппараттардың бірнеше тегін мобильді нұсқалары бар. Келесі жылдан бастап «e-Salyk Business» мобильді қосымшасын пайдалана отырып АСР енгізіледі.
«Аталған қосымшада ЖК тіркеуге, салық салу режимін таңдауға болады, қосымша кассалық аппарат ретінде пайдаланылуы мүмкін. Салықтар мен төлемдерді осы қосымшаны қолдана отырып төлеуге болады. Сонымен қатар, мемлекет шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін кірістерінен салық төлеуден босатылып, тексеру жүргізуге мораторий жариялады. Осыған байланысты кәсіпкерлерді заңды бизнес жүргізуге, нақты кірістерді көрсетуге шақырамыз, бұл жалпыға бірдей декларациялауды енгізу қарсаңында өзекті болмақ», деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитетінде.