Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия отырысы өтті. Жиынға өңірлік комиссия мүшелері, облыстық жұмысшы тобы мамандарымен қатар қала және аудандық жұмысшы топ өкілдері онлайн режімде қатысты.
Отырыста аймақтағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар жерленген аумақтарды анықтау, жазықсыз сотталғандарды ақтау мәселесін ғылыми тұрғыда зерделеу жұмыстары туралы облыстық мәслихат хатшысы, республикалық комиссия мүшесі Наурызбай Байқадамов баяндама жасады. Өңірлік комиссия жұмысын үйлестіру бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайлы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, өңірлік комиссия хатшысы Мира Қазбекова айтып өтті.
Облыс әкімі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы жұмыстарға баға беріп, алдағы міндеттерді айқындады.
– Қолда бар мәліметтерге қарағанда, облыс бойынша 4 038 отбасы қуғынға ұшырап, 1 153 адам атылып кеткен. Жалалы болып жан қиған осы азаматтарды ақтау бағытында біршама жұмыстар жүргізілді, ол алдағы уақытта да жалғасын табуы қажет, – деді Г.Әбдіқалықова.
Наурызбай Байқадамовтың айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмыс тобы бүгінде құпия қорлармен жұмыс істеп, көптеген материалға қол жеткізген. Облыстық Полиция департаменті мұрағатындағы 3 қорда 4 669 тұлғаға қатысты, 3 016 қылмыстық іс сақталып тұр.
Комиссия жұмысы барысында өткен ғасырдағы түрлі қозғалысқа қатысқандардың, саяси қуғын-сүргін құрбандарының, күштеп көшірілгендер мен арнайы қоныстанушылардың құжаттары анықталды. Соғыс жылдары кеңестік әскери тұтқындар қатарынан құрылған Түркістан легионы сарбаздарының істері негізінде азаматтарды ақтауға ұсыныстар әзірлену үстінде.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова бүгінге дейін өңірлік комиссия және жұмысшы топтың 4 отырысы өткізілгенін айтып өтті. Комиссия және жұмысшы топ құрамына енгізілген ғалымдар бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік мекемелер мен облыстық архив мұрағатындағы құпия құжаттарды зерттеуде. Олар үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасындағы «Мұстафа Шоқай» ғылыми-зерттеу орталығы жанынан және облыс орталығындағы мұрағаттарда, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада арнайы жұмыс бөлмелері жасақталған.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысын үйлестіруге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік экспедиция жұмысын үйлестіру» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өңірлік комиссияның жұмысын жандандыру мақсатында ішкі саясат басқармасына бірқатар тапсырма жүктеді.
– Республикалық комиссия тарапынан енгізілген ұсыныстар хаттамалық тапсырмаға енгізіліп, облыстық жұмысшы топ мүшелерінің зерттеген материалдары мен тың жазбаларынан жинақ шығаруға қажетті қаражат жайлы ұсыныс әзірленуі керек. Келер жылы жұмысшы топ құрамына мәдениет, архив және музей саласының мамандарын қосқан жөн. Жұмысшы топ жұмысын ақпараттандыруға арналған кешенді медиа-жоспар әзірлеп, бекітуге ұсыныңыздар, – деді Гүлшара Наушақызы.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына аймақ архивтеріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы құжаттарға қосымша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, оны облыстық жұмысшы топпен бірлесіп талдау тапсырылды. Жазықсыз жалалы болғандар жерленген аумақтарға белгі қою, зұлмат жылдар зардабы тиген қайраткерлер туралы арнайы ақпараттық кітапшалар әзірлеу міндеттелді. Облыстық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер департаменті саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жабық архив қорларындағы құжаттарды жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру жөнінде тиісті жұмыстардың жүргізілуіне ықпал жасауы қажет.
ҚЫЗЫЛОРДА