Екінші орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет (5-0, 3 КО) кәсіпқой бокстағы келесі кездесуіне дайындықты бастады.
Алдын ала мәлімет бойынша Нұрмағанбет шаршы алаңға желтоқсан айында көтеріледі. Айқастың нақты қашан және қайда өтетіні алдағы уақытта анықталады. Дегенмен ол елімізде өтетін кештердің бірінде өнер көрсетуі мүмкін. Қазіргі таңда ол Алматыда жаттығу жұмысын өткізуде.
Бек кәсіпқой бокстағы соңғы кездесуін қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткізіп, 30 жастағы мексикалық Бруно Сандоваладан (21-5-1, 17 КО) айласын асырып, WBA International белбеуін жеңіп алды. Кейін 23 жастағы отандасымыз әуесқой боксқа қайта оралып, Сербияда өткен әлем чемпионатында бағын сынаған еді. Бірақ Белградтағы біріншіліктің бірінші айналымында ол бразилиялық Кено Мачадодан ұтылып қалды.