Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан волонтерлердің халықаралық күніне арналған қорытынды мәжіліс барысында айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким, АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, өңірлік фронт-офистер мен ҮЕҰ өкілдері қатысуда.
Кездесу барысында қатысушылар өңірлік Фронт-офистердің жұмысы және 2021 жылғы жұмыс қорытындылары туралы хабардар етіп, волонтер жұмысындағы қызықты тәжірибелерімен бөлісті.
Жалпы, қатысушылар пандемия кезіндегі волонтерлік мәселелерін, волонтерлікті одан әрі де қолдау шаралары мен волонтерлік қызметті жүзеге асырудағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, конференцияда волонтерлікті қолдаудың бірыңғай стандартын, волонтерлік қызметтің түрлі бағыттары бойынша оқыту бағдарламасын, сондай-ақ озық тәжірибе жинағын таныстыру жоспарланды.
Мадияр Қожахмет волонтерлерді келе жатқан мерекемен құттықтап, волонтерліктің әлемдегі маңызды рөлін атап өтті. Атап айтқанда, ол жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, волонтерлердің құқықтарын кеңейту және ынталандыру мәселесіне заңнамалық түзетулер енгізу қаралып жатқанын айтты.
Сонымен қатар, волонтерлікті қолдау стандарты мен арнайы дайындық бағдарламасы әзірленуде. Алдағы ауқымды мақсаттардың қатарында Мадияр Қожахмет Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың БҰҰ волонтерлерін жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы бастамасын іске асыруды атады.
«Волонтерлер күнделікті қоғамдық, әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді шешуде үнемі алдыңғы қатарда жүр. Бұл - қарапайым азаматтардың баға жетпес еңбегі және нағыз патриотизмнің символы. Мемлекет волонтерлікті азаматтық қоғамның ауқымды институты ретінде қолдауды жалғастыруды көздейді. Бұл біздің халқымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді», деді ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы.
Іс-шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты, КЕАҚ және «Birgemiz» республикалық волонтерлер фронт-офисі бірлесіп ұйымдастырды.