Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жетістігі ең алдымен халықтың тұрмыс жағдайымен өлшенеді. Мұны жете түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін ұстаған жылдары осы мәселеге баса мән берді. Ауқымды жұмыс атқарылып, маңызды шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде бір кездері тұрмысы тұралап тұрған тұрғындардың әлеуметтік жағдайы бүгінде тұрақты дамудың соны соқпағына түсті.
Елбасы бір сөзінде «Еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатының артуында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Нарықтық экономика басынан бастап құрылды. Түбегейлі реформалар табысты жүргізілді. Бұл соңғы 30 жылда өсіп-өнген жас ұрпақтың есінде болмауы мүмкін. Дегенмен біздің есімізде. Өткенді біліп, болашаққа нық қарау үшін осы нәрсені жастарға айтып, қайталап отыру – біздің міндетіміз. Осының арқасында Қазақстан қазір әлемде бәсекеге қабілетті 50 елдің және орташа табысы жоғары елдер қатарына қосылып отыр», деген болатын. Иә, тоқсаныншы жылдары ел егемендігінің елең-алаңында тапшылықтың тауқыметін тартқан отандастарымыздың хал-ахуалы мен бүгінгі қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы – жер мен көктей. Бұған ең алдымен Тұңғыш Президенттің қолға алған маңызды әлеуметтік бастамалары мен көрегендігі, тәуекелден тайынбайтын ерен ерлігі серпін бергені анық.
Мәселен, еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі 1997 жылы 3 505 теңгені, 2005 жылы 6 014 теңгені, 2021 жылы 34 302 теңгені құрады. Соңғы жиырма жылда бұл шамамен 10 есе өсті. Жұмыспен қамтылған халық саны 1991 жылғы 7,7 млн адамнан 2021 жылғы бірінші тоқсанда 8,8 млн адамға дейін ұлғайды. Ал жұмыссыздық деңгейі болса, 1999 жылғы 13,5%-дан 2021 жылдың бірінші тоқсанында 4,9%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ 1999 жылдан бастап 2020 жылға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері азаматтың мүгедектігі бойынша 3 106 теңгеден 46 219 теңгеге дейін (немесе 14,9 есеге), асыраушысынан айырылуы бойынша 4 250 теңгеден 39 169 теңгеге дейін (немесе 9,2 есеге) ұлғайды. Бұған қоса 1999-2021 жылдары зейнетақы төлемдерінің елдегі орташа мөлшері 24 есеге дерлік өсіп, бүгінде 100 мың теңгеге жетті (2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша). Ал зейнетақының ең жоғары мөлшері 134,9 мың теңгеден асады.
Әсіресе осынау үш онжылдықта халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда әуелгі қозғаушы күш болған Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын айтуға болады. Аталған бағдарламаны Елбасы 2018 жылы 5 наурызда Парламент Палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысында жариялап, қазақстандықтардың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамалар қарапайым халықтың қомақты қолдауына ие болды. «Ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар оптимистік жоба. Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз», деді Елбасы.
Сол жылы 6 наурызда өткен Үкімет отырысында елдің бұрынғы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және Ұлттық банкпен бірлесіп, Елбасының бастамаларын іске асыру бойынша егжей-тегжейлі Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Арада бір аптадан астам уақыт өтер-өтпесте Үкімет осы Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөніндегі Жол картасын қабылдады. Жол картасы мүдделі мемлекеттік органдармен және Ұлттық банкпен бірлесіп әзірленді. Құжат 35 шарадан тұрады және 7 заң жобасын, 6 Үкімет қаулысының жобасын және 3 Ұлттық банк басқармасы қаулысының жобасын әзірлеуді, сондай-ақ министрлердің 2 бұйрығы мен әкімдіктердің 4 қаулысын қабылдауды қарастырды.
Осылайша, Ұлттық банк осы Бес әлеуметтік бастаманың «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» туралы бірінші бағытының басты орындаушысы ретінде айқындалды. Орган бұған дейінгі жылдардың ең сәтті тәжірибесін пайдаланып, Елбасы анықтаған жылдық 7%, 25 жылға, бастапқы жарнасы 20% жағдайында «7-20-25» бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаға ресми табысы бар Қазақстан азаматы қатыса алатын болып келісілді. Ал «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы екінші бағыттың басты орындаушысы – Ұлттық экономика министрлігі. Осы бағытта салық заңнамасының нормаларын өзгерту бойынша бірқатар ұсыныс әзірленді. Білім және ғылым министрлігі – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жөніндегі үшінші бағыттың негізгі орындаушысы. Аталған бағыт аясында техникалық мамандықтарға екпін бере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырыстарын ұлғайту көзделді. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасындағы жатақханалар құрылысы бойынша тетіктерді анықтау мен заңнамалық түзетулерді әзірлеу жоспарланды.
«Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші бағытқа – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты. Аталған бағыт бойынша 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу жоспарланды. Өзгерістер қалалардағы және ауылдық жерлердегі шағын несие беруді қаржыландыруды ұлғайту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін қамтыды. «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» туралы бесінші бағытты іске асыруды Энергетика министрлігі қолға алды. Аталған бағыт «Сарыарқа» магистралды газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысына арналды. Жобаның схемасы мен қаржыландырудың шарты белгіленді. ЕҚДБ, ЕАДБ және басқа да халықаралық қаржы ұйымдары арқылы қаржы тарту жоспарланды.
Осылайша, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, нақты іс-шаралар мен оларды орындау мерзімдері егжей-тегжейлі қарастырылған Жол картасын әзірледі. Тіпті сол жоспарға сәйкес 2018 жылдың соңына дейін 6 іс-шара орындалды. Қалған 3 іс-шара ұзақмерзімді кезеңге – 2019-2021 жылдар аралығында қолға алынатын болды. Сонымен халықтың тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруды көздейтін «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» туралы бірінші бастаманың нәтижесінде әрбір жұмыс істейтін қазақстандықтың ипотекалық қарыз алуға мүмкіндігі пайда болады. Негізгі параметрлері: несие өсімінің мөлшерлемесі – жылына 7%-дан аспайды, бастапқы жарна 20%-дан кем болмауы тиіс, несие мерзімі 25 жылға дейін беріледі. Осылайша, «7-20-25» бағдарламасы 19 маусымда бекітіліп, 2018 жылғы 4 шілдеде бастау алды. Аталған бағдарлама аясында 8 екінші деңгейлі банк несие беруде: «ЦентрКредит банкі» АҚ, «Қазақстанның халықтық жинақтаушы банкі» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «ForteBank» АҚ және «Сбербанк» АҚ.
2018 жылдың соңына дейін бағдарламаны іске асыру аясында 5 621 өтінім қабылданып, соның ішінде 42,4 млрд теңге сомасына несие беруге 3 542 өтінім мақұлданды. «7-20-25» бағдарламасын іске асырудың алғашқы алты айының қорытындысы осындай. Жобаны жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлінді. Ал 2019 жылы – 8 723 несие (99,1 млрд теңге), 2020 жылы – 10 207 несие (120,8 млрд теңге) рәсімделді. Ал биылғы бес айда (қаңтар-мамыр) тұрғындар 73,9 млрд теңгеге 5 656 несие алған болса, 30 қыркүйектегі жағдай бойынша, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 891,2 млрд теңге несие алуға 72 116 өтінім қабылданды. Соның ішінде 511,3 млрд теңгеге 41 450 несие мақұлданды.
Елбасы екінші бастамада салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1% ғана салық салуды, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдетуді тапсырды. Бұл «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» қадамы еді. Осылайша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 25 АЕК-ке дейін жалақы алатын жұмысшыларға салық жүктемесін 10 есеге төмендету қарастырылды. Әзірленген нормалар 2019-2021 жылдары жергілікті бюджеттердің 93,7 млрд теңге көлеміндегі шығынына ала келгенін айта кеткен жөн. Олар 2017-2019 жылдардағы үшжылдық трансфеттердің қолданысы кезеңінде республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелді.
Екінші бастамаға сәйкес жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіш немесе 60 125 теңгеден төмен жұмысшылар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесін 10 есе төмендету ұсынылды. Жалпы, республикада мұндай еңбекақыны 2 млн-нан аса адам алады. Негізінен бұл – ауыл шаруашылығы мен сауда саласындағы жұмысшылар. Аталған бастаманы іске асыру мақсатында мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс жүргізілді. Жұмыс нәтижесінде жалақысы төмен жұмысшылардың жеке табыс салығын төмендетудің оңтайлы тетігі айқындалды. Мәселен, салық салынатын табыс 90 пайызға азайтылды. Қалған еңбекақыға 10 пайыз мөлшерлемемен жеке табыс салығы салынады. Яғни салық жүктемесі 10 есеге төмендеді.
Мәселен, жалақы айына 60 125 (25 айлық есеп көрсеткіш) теңгені құрайды. Осы сомадан 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарының сомасы, яғни 6 013 теңге шегеріледі. Қалатыны – 54 112 теңге. Бұл сомадан 1 ең төмен жалақы – ең аз салық салынбайтын кіріс, яғни 28 284 теңге шегеріледі. Салық салынатын табыс (қолданыстағы механизм) – 25 828 теңге қалады. Қолданыстағы механизм бойынша салық сомасы 25 828х10% = 2 583 теңге. Ұсынылған тетікке сәйкес салық салынатын табыс мөлшері 90%-ға төмендеді: 25 828 – (25 828х90%) = 2 583 теңге. Бұл сомаға жеке табыс салығының 10% мөлшерлемесі бойынша салық салынады – 2 583х10% = 258 теңге. Яғни іс жүзінде салық мөлшері 10 есе 2 583 теңгеден 258 теңгеге дейін төмендеді. Ал жалақы қосымша 2 325 теңгеге өсті. Аталған тетікті қолдану қызметкердің дереу және кепілдікті қосымша табыс алуын (негізгі жалақы алу кезінде) пайымдайды және жұмыс берушінің қаржылық жүктемесін ұлғайтпайды.
Сонымен бірге жұмыс берушінің әкімшілік шығындары минимизацияланды. Жалпы, республика бойынша жұмысшылар 29 млрд теңге шамасында қосымша еңбекақы алады. Салық заңнамасына тиісті түзетулер 2018 жылғы 2 шілдеде Елбасы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көзделген. Аталған тетік 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді.
Үшінші бастама «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» мәселесіне қатысты болды. Елбасы тапсырмаларын орындау аясында 2018 жылғы қыркүйектен бастап білім беру гранттары 20 мың орынға көбейтілді: 11 мыңы – техникалық мамандықтарға; 5 мыңы – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға; 3 мыңы – магистрлерді оқытуға, 1 мыңы PhD докторларын даярлауға бағытталды. Осылайша, 2018 жылдың өзінде мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемі 69 059 орынды (53 594 – жоғары білім беру, 13 220 – магистратура, 2 265 – докторантура PhD) құрады. Техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары білімді бір маманды даярлауға бөлінген шығындар 346,6 мың теңгеден 635,8 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Техникалық және технологиялық мамандықтар бойынша кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі, соның ішінде инженерлік кадрларды даярлауға арналған көлем (ақпараттық технологиялар, роботты техника, нано-технологиялар саласында) 25 237 грантты (49,6%) құрады. Педагогика мамандарын, оның ішінде тілдік құзыреттілігі жоғары кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінген (мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 18,7%-ы).
Бұған қоса Елбасы «Бес әлеуметтік бастамасында» әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аудару қажеттігін атап көрсеткен болатын. Соған орай 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылды. Бұл ретте 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап студенттердің тұратын жерлерінің жағдайын жақсарту жөніндегі жоба іс жүзінде жүзеге асырыла бастады.
2018 жылы жатақханаларға деген жалпы қажеттілік 90 366 орынды құрады (ЖОО-лар – 65 713 орын, колледждер – 24 653 орын). Бұл ретте тапшылықты жабу үшін 170 жер телімінде жаңа орындар беру көзделді. Олардың 49-ын әкімдіктер бөлген болса, 121-і оқу орындары мен инвесторларға тиесілі. Сол 2018 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан (3), Алматы (5), Шымкент (2), Қарағанды (1) және Орал (1) қалаларының білім беру ұйымдарымен мемлекеттік тапсырыстың 12 келісімшартына қол қойылды. Ал 2019 жылдан бастап республикалық бюджетте құрылыс салушылардың инвестициялық және пайдалану шығындарын өтеуге қаражат (2019 жылы – 1 млрд теңге; 2020 жылы – 4 млрд теңге; 2021 жылы – 10 млрд теңге) мемлекет-жекеменшік әріптестігі схемасы бойынша қарастырылды. Алдын ала кесте бойынша жатақханалардан 2019 жылы – 5 мың орын, 2020 жылы 15 мың орынды пайдалануға беру көзделді.
Жатақхана мәселесін шешу үшін бюджеттен 118 млрд теңге қаржы қарастырылған болатын. Бұл ретте 2020 жылы 20 мың төсектік орынға арналған 75 нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл жыл басынан бері 3 мың орынға арналған 15 жатақхана қолданысқа енгізілді. 2021 жылдың соңына дейін жасалған алдын ала шарттар есебінен 5,5 мың төсектік орынға арналған 23 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұған қоса 8 оқу орны тұрғын үй-жайларды жалға алу есебінен 2 мыңға жуық орынға қажеттілікті қамтамасыз етіп отыр. Ал 2022 жылы 24 мыңға жуық орындық 59 жатақхананы, 2023 жылы 11,5 мың орындық 25 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда.
Елбасы «Шағын несие беруді көбейту» жөніндегі төртінші бастамамасы аясында 2018 жылы қосымша 20 млрд теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды. Сол жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша 59 млрд теңгеге 14 006 шағын несие берілген (қалаларда – 13,6 млрд теңгеге 1 246, ауылдық жерлерде – 45,4 млрд теңгеге 12 760, қалалардағы шағын несиенің орташа мөлшері – 11 млн теңгені, ауылдық жерлерде 3,5 млн теңгені құрады). Әрбір үшінші дерлік қарызға мемлекеттік кепілдік берілген. Стартаптарға – 8 891 (63,5%), зәкірлік кооперацияны дамытуға – 1,007 (7,2%), жеке бизнесті кеңейтуге 4 108 (29,3%) шағын несие берілген. Шағын несие беру аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарынан 12 325 адам және 1 681 жұмыссыз азамат кәсіпкерлікпен айналыса бастады, сондай-ақ өз қызметтерін формализациялады. Шағын несие алушылар қосымша 12 089 жұмыс орнын ашты. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 28,3 мың адам оқытылды, олардың 19,5 мың қатысушысы өздерінің бизнес-жобаларын қорғап, 6,3 мың адам шағын несие алды.
Елбасы бастамаларының арасындағы елді елең еткізген ең ірі жоба «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» туралы ұсынысы болды дер едік. Себебі нақ осы бесінші бастама Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистралды газ құбырын салу жобасын қамтиды. 2018 жылы тамызда «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу жобасын қаржыландыру схемасы мен шарттары мақұлданды. Сонымен қатар жобаның жобалық-сметалық құжаттамасына оң тұжырым жасалды. Сол жылы 11 желтоқсанда «Сарыарқа» МГ жобасының құрылысы бастау алды. Осы уақыт аралығында жұмыс бір мезгілде бірнеше желілік ағынмен жүзеге асырылды. Бұл жоспарланған құрылыс мерзімін сақтауға мүмкіндік берді.
Мәселен, осы күні Қарағандыда газ тарату желілерінің 1-ші іске қосу кешенінің алғашқы кезегінің құрылысы аяқталды. 67,3 шақырым газ құбыры өткізіліп, Михайловка шағын ауданындағы 1584 үйге көгілдір отын келді. Ал мамыр айында 2-ші іске қосу кешені желілерінің құрылысы басталып, қазіргі уақытта 1 209 үйге газ тартылып, 36,5 шақырым желі өткізілді. Ал Нұр-Сұлтанда газға Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Промышленный, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс елді мекендері, сондай-ақ ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 екі жылу электр орталығы қосылды. 650 шақырым кварталішілік газбен жабдықтау желілері салынды. Осылайша, қазір елорданың 11 мың үйі газға қол жеткізе алады. Газбен жабдықтаудың ішкі желілерін дайындаған тұтынушылар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға өтініммен жүгінуі қажет. Жыл соңына дейін Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендері газбен қамтамасыз етіледі.
Елбасының ел қамын ойлаған, халықтың тұрмысын түзеуге бағытталған ілкімді істері аяқсыз қалған жоқ. Байыпты бастамалар бүгін де жалғасын тауып келеді. Жастарға жатақхана тұрғызу, тұрғындарға көгілдір отын жеткізу жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Яғни Тұңғыш Президенттің жолға қойып кеткен әлеуметтік бағдарламалары алдағы уақытта да ел дамуына сенімді серпін береді деп сеніммен айта аламыз.