Музейді 2015 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ашқан болатын. Ол 1998 жылы Елбасының сәулеттік идеясы негізінде салынған ғимаратта орналасқан.
Бастапқыда Ұлттық әскери-патриоттық орталығының құрамында болған музей, міне, енді мемлекеттік мәртебеге ие болып, еншісін алып жатыр. Бұдан былай ол «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі» деп аталады. Бұл қорғаныс ведомствосының мәдени мұра мен тарихи жадымызға қатысты оң көзқарасын білдірсе керек.
Музей қорында ежелгі кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының мәдениеті мен әскери тарихынан сыр шертетін ескерткіштер, өте сирек кездесетін жәдігерлер бар. Мұндағы экспонаттардың жалпы саны 15 мыңнан асады және олардың қатары күн өткен сайын молыға түсуде.
Экспозициялық залдар ғимараттың сәулеттік және құрылымдық бейнесіне қосымша ерекшелік беріп тұр. Атап айтқанда, музейде Қазақстан Қарулы Күштерінің залы, Мерзімді көрмелер залы, Ежелгі дәуір – XIX ғасыр залы, XX ғасырдағы әскери тарих залы, XX-XXI ғасырлардағы қару-жарақ залы, Бейнелеу өнері залы, сондай-ақ «Қазақстан әскери ісінің тарихы» атриумы бар.
«Атриумда қорғаныс қабілеттілігі саласындағы заманауи жетістіктер мен өткен дәуірді ұштастыратын тарих сабақтастығын сипаттайтын барельефтер сериясы ұсынылған. Барельефтер әртүрлі тарихи дәуірдегі көшпелі қазақ жауынгерлері қару-жарақ түрлерінің ерекшеліктерін сипаттайды. Еліміздің қазақ батырлары мен заманауи жауынгерлердің ортасындағы Елбасы Н.Назарбаев бейнеленген «Мәңгілік ел» орталық композициясы – даңқты дәстүрге деген адалдықтың нышаны», дейді Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің бастығы, философия ғылымдарының докторы (PhD), полковник Нұртаза Асылов.
Мерзімді көрмелер залының экспозициясына «АМПИР» элиталық антиквариат салонының коллекциясы қойылған. Ол Қазақстанның мәдени мұрасында тарихи мазмұнға ие ұлттық бұйымдардан және авторлық мүсіндер, Түрксой тарихы мұражайы – археология ескерткіштері (б.з.д IV-III мыңжылдықтар) және этнография (XIX – XX ғғ. басы), түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін экспонаттардан тұрады.
Мұражай Қазақстан халқының әскери-тарихи мұрасын зерттеу саласындағы стратегиялық бастамаларды дамыту мақсатында әлемдік музей тәжірибесінің озық ғылыми тәсілдерін, заманауи үрдістері мен инновациялық технологияларын пайдалануға бағытталған.
Экспонаттардың, макеттердің, диорамалардың, инсталляциялардың, ақпараттық технология құралдарының, мультимедиялық жабдықтардың (голограммалар, LED экрандар, сенсорлық экран, карта түсіру) көмегімен тарихи оқиғалардың эпизодтары, мейлі ол көне тарих қойылымы болсын, мейлі азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы немесе бертіндегі ауған соғысы, қазақстандық әскерилердің БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуы, қазіргі заманғы әскери қызметкерлердің Отан қорғаудағы күнделікті қызметі болсын келушілерге шынайы түрде ұсынылады.
Алты жыл уақытта музейде 100 мыңнан астам адам болып, қазақ халқының ұлттық әскери тарихымен танысқан, оның ішінде алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар да бар. Мұражайға келушілер саны пандемияға байланысты карантин кезінде болмаса, басқа уақытта еш толастаған емес.
Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру, табу және қайта жерлеу, сондай-ақ ұмыт болған халық батырларын тарихи тұрғыдан зерттеу бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда.
2022 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толады. Осы атаулы датаға тарихшы ғалымдар мен әскери мамандардан құралған дербес жұмыс топтары үш ірі жобаны баспаға әзірлеп жатыр. Олар осы уақытқа дейін жете зерттелмеген тарихи оқиғалардың барлық қабаттарын қамтиды.
Бірінші жоба «Қазақстанның әскери тарихының атласы» деп аталады, ол оқырманды көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі кезеңге әскери тарих тұрғысынан қарауға шақырады. Атлас біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтан, сақтар мен ғұндар дәуірінен, түркілердің және оның әскери өнерінің пайда болуынан басталады.
Парсы патшасы Кирдің, Ескендір Зұлқарнайынның, сондай-ақ Шыңғыс хан әскерлерінің көне қазақ даласы арқылы жасаған жорықтары жеке-жеке көрсетіледі. Барлық болған тарихи шайқастар схемалық карталармен бейнеленген. Атласта Қазақ хандығының XV-XIX ғасырлардағы соғыстары, қазақ офицерлерінің патшалық Ресей армиясындағы әскери қызмет атқаруы, Қазақстан жеріндегі азамат соғысы да назардан тыс қалмаған.
Екі соғыс арасындағы еліміздегі әскери құрылыс, қазақстандық әскери құрамалардың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шайқастары және отандастарымыздың ХХ ғасырдағы аумақтық соғыстарға қатысуы жеке бөлімдерде көрсетілген. Бәрін қорытындылай келе, Атлас Қазақстанның қазіргі армиясының дамуы, оның БҰҰ қамқорлығындағы бітімгершілік миссиясы туралы да баяндайды. Мұндай көлемді кітап алғаш рет баспа бетін көрмекші.
Екінші жоба Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған. Кітапта төл армиямыздың құрылу, қалыптасу және даму тарихы және ондағы Тұңғыш Президент – Елбасының рөлі айтылады. Ол көпшілік оқырманға арналған, жақсы безендірілген және ішінде сирек кездесетін тарихи фотосуреттер де бар.
Үшінші жоба деректі тақырыпқа арналған. Кітап – «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихы. Құжаттар мен материалдар» деп аталады. Онда көптеген мұрағат материалы, Мемлекет басшысының, министрліктер мен ведомство басшыларының жарлықтары, өкімдері жинақталған. Ол Қазақстан Қарулы Күштерін құрудың бүкіл жолын тұтас хронологиялық түрде көрсетеді. Кітап осы саланы зерттейтін мамандар мен мұрағат құжаттарына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған.
Музей әртүрлі мәдениет және өнер мекемесімен, соның ішінде тарихи-өлкетану мұражайларымен, кітапханалармен, мұрағаттармен, тарих және мемлекет институттарымен, жалпы білім беру мекемелерімен, сондай-ақ әртүрлі шетелдік мәдени ұйымдармен тығыз ынтымақтастық жасайды.
Мәселен, жақында Польша Республикасынан делегация келді. Варшавадағы «Екінші дүниежүзілік соғыс мұражайының» басшылығымен кездесуде бірлескен жобаларды атқаруға, оның ішінде Польша жерінде қаза тапқан жауынгерлерді іздестіру, белгісіз ерлердің есімін жаңғырту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Бір қуантатыны, музейге келушілердің дені балалар мен жасөспірімдер екен. Әскери-патриоттық тәрбие арқылы өскелең ұрпақтың бойында Отанды қорғауға қажетті тұлғалық қасиеттер қалыптасатынын ескерсек, Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің атқарып отырған рөлі орасан зор.