Ресейдің Астрахан облысында Құрманғазы атындағы мәдениет орталығы бар. Өткен аптада бұл орталықта қазақ күй өнерінің анасы – Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған іс-шара өтті.
– Жиынға қатысқан ғалымдар, этнографтар мен музыканттардан құралған Қазақстанның делегациясы, жергілікті мемлекеттік органдар мен қазақ диаспорасының өкілдері күйшінің домбыра музыкасының дамуы мен шығармаларды оркестрге бейімдеуге, классикалық күй мектебінің қалыптасуына қосқан ерекше үлесін атап өтті. Іс-шараға қатысушыларға күйші Дина Нұрпейісова туралы қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілінде жарық көрген «Түркі әлемінің ұлы композиторы» атты кітап таныстырылды. Кітапта күйшінің өміріне қатысты бұрын жарияланбаған деректер қамтылған. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева Астрахан мәдениет және өнер колледжінде домбырадан шеберлік сабағын өткізді, – деп ақпарат таратты Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігі.
Кейінгі ұрпаққа Құрманғазы Сағырбайұлының қайталанбас мұрасын жеткізіп, өзінің бірнеше шығармасын қалдырған Дина Нұрпейісова кезінде Астрахан облысында 15 жыл тұрған. Ол 1934 жылы осындағы Марфино ауылында өткен көркемөнерпаздар байқауында бірінші орынды иеленіп, күй өнеріне түбейгейлі бет бұрған.
Атырау облысы