• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 30 Қараша, 2021

Манарбек Ержановтың 120 жылдығына орай «Ән сұңқар» атты концерт өтті

453 рет
көрсетілді

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында ұлттық мәдениетке, дәстүрлі ән өнеріне өлшеусіз үлес қосқан майталман әнші, сазгер, күйші Манарбек Ержановтың 120 жылдығына орай «Ән сұңқар» атты концерт болып өтті, деп жазады Egemen.kz.

Біраз жылдар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының белді солисі болған  Қазақстанның халық әртісі Манарбек Ержановтың ерекше домбыра тарту техникасы өскелең ұрпаққа үнемі үлгі болды. Ән еркесі М.Ержанов ұлттық өнердегі Арқа ән дәстүрінде өз мектебін қалыптастырып, Жетісу әндерін нақышына келтіре орындаған. Оның «Жетісу», «Шалқар көл», «Аққу», «Өрнек», «Аққыз», «Балалық шақ», «Би» атты күйлері халық арасына кең тараған. Оның шығарған күйлеріне назар аударып, алғаш кәсіби бағасын берген академик Ахмет Жұбанов болатын. Ән мәдениетіндегі орны өзгеше топжарған талантты ерте таныған А.Жұбанов: «Манарбек Ержановтың күйлері бірінен бірі асып жатқан қазына. Оркестрге, операларға, балеттерге, «мені түсір» деп сұранып тұрған, үлкен сахнаға шығуды аңсап тұрған шығармалар» деп әншінің қанат қағып самғауына қолдауын білдірген.

М.Ержанов 1953 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік филармониясында жеке дауыстағы әнші болып, халықтың ән өнерінде кең орын алатын терме, жыр, желдірмелерді, кең тынысты әндерді, атап айтсақ,  «Ардақ», «Смет», Топайкөк», «Ағашаяқ», «Жанбота», «Балқадиша», «Аққайың», «Толыбай», «Қорлан», «Ақсиса» әндерін шабыттана шырқаған.

Біржан-сал, Ақан Сері, Жарылғапберді, Естай мен Шашубай сынды біртума дарынды тұлғалардың әншілік-сазгерлік мектебінің ізбасары болған М.Ержановтың шығармашылық шабытынан туған мол ән мұрасы халықтың құнды қазынасына айналды. Дәстүрлі ән өнерінің көшін жалғап жүрген күміс көмей, жезтаңдай әншілердің қай-қайсы да асқақ әншіге ілтипат танытпай өткен емес. Оның рухани игілікке айналған 150-ден аса әні мен күйі халық арасында кеңінен таралып, өз орындаушысын тапты. Лекция-концерт пішінінде өткен «Ән сұңқар» кешінде де мың қырлы Манарбектің кең диапазонды әндері әуелеп, авторлық шығармалары шеберлікпен орындалды.

Кешті жүргізген Манарбектің ізін жалғастырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Дүйсенбек Өмірәлиев М.Ержанов әндерінің шығу тарихы, ерекшелігі туралы баяндап, қызықты әңгіменің тиегін ағытты. Мәдениет қайраткері Ержан Әлімбетов «Балалық шақ», «Жеңген солдат» күйін орындап, «Аққулар», Гүлім Алшынова Қалқаның әні «Қалқаны», республикалық байқаулардың лауреаты Амангелді Күзеубай «Паравоз», Мадина Шәріпова «Бақыт жыры», Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі Тілеулес Құрманғалиев «Амангелді туралы әнді», Халықаралық байқаулардың лауреаттары Мақпал Қазыбекқызы «Сайра, бұлбұл», Есбол Шаңбай «Сметті», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Шүкіман Естайдың «Қорланын», Рамазан Стамғазиев Жарылғапбердінің «Ардағын» әуелетіп, таудың мөлдір тұнбасындай саф өнердің жауһарымен тыңдаушы қауымның жанын тербеді. Манарбек Ержановтың 120 жылдық мерейтойына арналған лекция-концерт мәресіне жеткенде, дәстүрлі өнердің туын желбіретіп жүрген майталман әншілерге халықтың қошаметі аса жоғары болды.

Әрі әнші, әрі композитор, күйші, актер, әрі опера сахнасының саңлағы Манарбек Ержанов өз өміріндегі жетістіктердің биік шыңынан көрінген бірегей тұлға. Сахна серкесінің шыққан шыңы уақытпен бірге биіктеп, жарқырай түсері де сөзсіз.