Атырауда Тұңғыш Президент күніне орай салтанатты шара өтті, деп жазады Egemen.kz.
«Сан ғасырдан бері сарыла күткен санадағы мұрат жаңа дәуірде жасампаз қуатқа айналды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс. Алайда, біз оны да бағындыра алдық». Елбасы бастаған буын әлемге және болашақ ұрпаққа Тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсынды» деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Әкімнің айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Атырау облысы толағай табысқа қол жеткізген.
«Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту ең басты міндетіміз болды. Осы жылдарда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 15,5%-дан 4,9%-ға дейін төмендеді. 1994 жылы өңірде белсенді жұмыс күші 175 мың адам болған. Ал, биыл 334 мыңға дейін жетті. Тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы 12-ден 99,7 процентке дейін, ал, орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 35-тен 99 процентке дейін артты» деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, 12 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
«Егемендік алуымызбен бірге еліміздің алтын дәуірі басталды. Осы кезең ішінде біз талай тарихи белесті бағындырдық. Бұған әр аймақтың қосқан үлесі зор. Оның ішінде Атырау облысының орны бөлек екенін мақтанышпен айтуымыз керек. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Атырау Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаннан бері қалай дамығанының символы болып саналады» деген сөзі қуаттай түседі» деп мәлім етті Махамбет Досмұхамбетов.