• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Желтоқсан, 2021

Студенттар арасындағы қылмыс азаймай тұр – сенатор

208 рет
көрсетілді

Сенатор Ақылбек Күрішбаев өзінің депутаттық сауалында жастар тәрбиесіне қатысты мәселелер қоғамда алаңдаушылық туғызып отырғанын айтып, Үкіметті ЖОО-ларда өткізілетін тәрбие жұмыстарының сапасын арттыруға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бас прокуратураның мәліметі бойынша, елімізде жыл сайын колледждер мен университеттердің шамамен 1,5 мың студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 2020 жылы 18-30 жас аралығындағы 4 207 жас есірткі заттарын қолданғаны үшін есепке алынды. Олардың ішінде университеттерде оқитындар да аз емес», деді Ақылбек Күрішбаев өз сауалында.

Ол елдегі ЖОО-ларда психологтардың, теологтардың, спорт базаларының жетіспейтінін, адамгершілік-патриоттық тәрбиенің әлсіздігін, шығармашылық белсенді жастарды дамытуға тиісті көңіл бөлінбейтінін сөз етіп, бұған көптеген іс-шаралардың ресми сипатта ғана жүргізілуі себеп екенін түсіндірді.

«Қазір университет басшылары студенттерге «тәрбиеленуші тұлға» ретінде емес, университетке «қаржы түсірудің көзі» деп тым жайдақ қарайды. Анығын айтсақ, көптеген жоғары оқу орындарында кадрларды дайындау қарапайым бизнеске айналып кетті. Тіпті, университеттерді аккредиттеу жүйесінде студенттердің тәрбие жұмысы қарастырылмаған. Жалпы, біздің тәрбие жүйеміз ұлттық құндылықтарымызға негізделуі керек. Өкінішке орай, соңғы кезде, әсіресе, халықаралық деңгейдегі университеттерде батыстық ұстанымдарға еліктеу орын алуда», деді сенатор.

Осыған орай, Ақылбек Күрішбаев университеттердегі тәрбие жұмыстарының жай-күйіне сыни талдау жүргізуді және оны қазіргі заманғы үрдістер мен даму басымдықтарына сәйкес сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін қажетті шаралар қабылдауды ұсынды.