Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жеке кітапханасын сонау 60-жылдарда – студент кезінен жинай бастапты. Қазіргі таңда Елбасының жеке кітапханасының кітапхана қорында 35 мыңнан астам басылым бар. Нұрсұлтан Назарбаев Абай мен Шәкәрімді, Мұхтар Әуезовті, Сәкен Сейфуллинді, Ілияс Есенберлинді, Фариза Оңғарсынованы, шетел әдебиетінен Лев Толстой мен Антон Чеховты, Достоевскийді, Борис Акунинді, Шекспир және Стендальді, Конан Дойлды, Оливер Стоун жазған «Американың белгісіз тарихы», Франклин Рузвельттің «Камин жанындағы кездесуін» және т.б. көптеген кітаптарды оқыған.
Кітапхана қорында құнды кітаптар ішінен сирек кездесетін, коллекциялық және көне басылымдар – атақты «Атлантика кодексінің» Леонардо да Винчи манускриптінің көшірмесі сақтаулы тұр. Фолиант әйгілі өнертапқыштың аэродинамика, қару, музыкалық құралдар, математика, ботаника және басқа секілді тақырыптарға салған сызбалары мен жазбаларынан тұрады. XVI ғасырдың аяғында мүсінші Помпео Леони құрастырған «Атлантика кодексінің» түпнұсқасы қазіргі кезде Миландағы Амброзиан кітапханасында сақтаулы. 2009 жылы қыркүйекте Леонардо да Винчидің сызбалары мен қолжазбаларының жинағы әлем жұртшылығына таныстырылып, 2014 жылы манускрипт көшірмесі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту етілді.
Сондай-ақ Елбасына қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев берген ғарышта болған Құран, 1838 жылғы энциклопедиялық лексикон да кітапхана қазынасын байытып тұр. Ондағы ең ежелгі кітап – 1667 жылы басылған «Шариғат нормалары – аяттар мен сүрелерге негізделген қолжазба».
Тұңғыш Президентке дүниежүзі мемлекеттерінің президенттері, өнер, мәдениет қайраткерлері сыйлаған қолтаңбасы бар коллекцияға Сингапурдың негізін қалаушы әке Ли Куан Ю-дің сыйға тартқан кітабы, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тэтчердің «Билікке жол», үлкен Джордж Буштың, Билл Клинтонның «Менің өмірім» кітабы қойылды. Сондай-ақ Американың 44-президенті Барак Обаманың «Американың ең озық идеялары», ҚХДР төрағасы Си Цзиньпиннің «Мемлекеттік басқару туралы» кітабы да бар.
Ресей Федерациясының тұңғыш президенті Борис Ельцин өзінің «Записки президента» кітабына «Нұрсұлтан Әбішұлына автордан құрметпен!» деп қолжазба қалдырған. Ал «Путь к власти» атты өмірбаяндық кітабында Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тэтчер Елбасыға жылы лебізін жеткізеді.