Бұқаралық спорт – ұлт саулығының басты кепілі екені баршаға белгілі. Тәуелсіздік алған жылдан бері «Тәні саудың – жаны сау» қағидасын берік ұстанған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырып келеді.
Елбасы Қазақстан халқының болашағына тікелей тұтқа болатын спорт саласын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Өзінің жыл сайынғы Жолдауларында, түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінде әрдайым спортты, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Тұңғыш Президенттің спортқа деген осындай қамқорлығының арқасында бүгінде Тәуелсіз елдің ұл-қыздары халықаралық жарыстарда Көк туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып жүр.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде», деген болатын.
Елбасы тек сөзбен ғана емес, жеке үлгісімен де Қазақстан халқына саламатты өмір салтын белсенді түрде насихаттайды. Тұңғыш Президент тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, әрдайым спортпен шұғылдануға уақыт табады. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың ең сүйікті спорт түрінің бірі – үлкен теннис. Ұлт көшбасшысы ракетканы еркін меңгерген және кортқа жүйелі түрде шығып тұрады. Айта кетерлігі, үлкен теннисті көптеген саясаткер мен түрлі елдің президенттері жанына серік еткен. Өз кезінде Елбасының лайықты әріптесінің бірі Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцин болған.
Сонымен қатар Тұңғыш Президенттің тағы бір ден қойған спорты – гольф. Елбасы өзге де белгілі әлемдік саясаткерлер және бизнесмендердің қатарында түрлі халықаралық турнирлерге де жиі қатысады. Өзінің айтуынша, Тұңғыш Президент алғаш тау шаңғысын 55 жасында меңгеріпті. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымбұлақ шатқалында және басқа да таулы курорттарда күні бүгінге дейін шаңғы теуіп жүргенін көруге болады.
Бүгінде Қазақстанда жаңа спорт кешендері, бассейндер, гольф алаңдары, теннис корттары ашылуда. Олардың бәрі қазақстандықтардың игілігі мен денсаулығына қызмет етеді. Оған қоса, Алматыда тау шаңғысы туризмі жыл өткен сайын танымал бола түсуде.
Тұңғыш Президенттің сындарлы және жүйелі мемлекеттік саясатының нәтижесінде қазақстандықтар спортпен көбірек айналысып, өз денсаулығына жіті көңіл бөле бастады. Саламатты ұлт – Қазақстан табысының басты кепілі.