• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 03 Желтоқсан, 2021

Елді аман алып қалатын екпе ғана

182 рет
көрсетілді

Сәл сейілгендей болғанымен, дүркін-дүркін бас көтеріп, дүмеп тұрған жаман тұмаудың жолын кесу жалғыз-ақ екпе алуға байланысты екені мәлім болғалы қашан. Алыпқашты жаяу әңгіме де, әлеуметтік желіде қаптап кеткен екпе туралы теріс пікір де елді алаңдатпай қойған жоқ.

Бір-бірімен жалғаса келіп, жарға соққандай екпінмен ел ішін опыр-топыр еткен тажал ауру­дың адам талғамайтындығы тағы рас. Алғашқыда ересектер ғана шеңгеліне іліксе, соңғы уа­қыт­та жасөспірімдер мен бала­лардың арасында да жайылып барады. Мәселен, жаңа оқу жылы басталғалы оқушылардың дерт­ке шалдығуының 1 257 оқи­ғасы тіркелді. Осыған орай ай­мақ­тағы 52 мектептің 82 сыны­бы қашықтан оқытуға кө­ші­рілген. Соңғы тәуліктерде тағы да 8 баланың індет жұқ­тыр­ғаны белгілі болды. Де­мек, карантиндік талаптарды бұл­жытпай сақтау өз алдына, аузын арандай ашқан жаман тұмаудың бетін қайтару үшін міндетті түрде екпе салдырғаны дұрыс. Балалардың жайы осындай болғанда, індет жоғары оқу орнында да жиі кездесе бастады. Айталық, жаңа оқу жылынан бері орта арнаулы білім ошақтарының 164 білім алушысы, жоғары оқу орындарының 26 студенті дерт қармағына іліккен. Осы арада оқырманның көзін әбден жеткізу үшін тағы бір деректі келтіре кетсек артықтығы болмас. Індет қаулап тұрған өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 14 жасқа дейінгі балалардың жаман тұмау жұқтыруы 18, ал 15-17 жас аралығындағы жасөс­пірімдер 25 есе көбейген. Міне, осы денеңді түршіктіретін дерттің таралуы ойландырмай қоймайды. Мамандардың айтуына қарағанда, бірден бірге тарап, шарасыз адамдарды әбден басынып алған, аямастан шеңгелін салып жатқан жаман тұмауды ауыздықтау тек қана екпе алуға байланысты.

Өңірге қараша айының 18-ін­де екі компонентті Pfizer вак­ци­насының 35 мың дозасы жеткізілді. Мектеп оқушы­ла­рының арасында екпе алуға ниет білдірушілер аз емес. Ата-аналарының жазбаша келісімі бойынша 727 оқушы екпе алмақ. Облыс орталығында жасөс­пі­рім­дердің алғашқы тобы вакцина алуды бастап кетті. Облысқа жеткізілген вакцина аудандарға таратылмақ. Алғашқы кезекте 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерді екпемен қам­та­ма­сыз ету көзделуде.

Облыс ауруханалары, қо­сымша жабдықталған мо­биль­ді бригадалар қазір жауап­ты іске дайын. Білім ошақ­та­рындағы медициналық пункт­тер жабдықталып, меди­ци­на қыз­меткерлері арнайы әдіс­те­ме­лік дайындықтан өткізілді. Жауапты науқанға 830 медицина қызметкері жұмылдырылатын болса, оның 149-ы дәрігер, 681-і орта медицина қызметкерлері.

 

Ақмола облысы