Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёв Egemen Qazaqstan газетінің 4 желтоқсандағы санына берген сұхбатында Орталық Азиядағы экологиялық күрделі мәселелердің бірі - Арал апатын назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Арал теңізі - Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан ірі көл. Алайда 1960 жылдан бастап теңіздің суы азайып келеді.
Шавкат Мирзиеёв Арал экологиялық дағдарысы Қазақстанға және Өзбекстанға тікелей әсер етіп отырғанын айтты.
«Орталық Азиядағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелеріне келгенде, әрине, қазіргі заманның ең өткір экологиялық проблемаларының бірі – Арал апатын да назардан тыс қалдыруға болмайды.
Бір кездері әсем су қоймасының су ресурстарын ойланбай пайдалану оның жойылып кетуіне әкеліп соқты, мыңдаған адамға бақытсыздық пен қасірет әкелді.
Жағдайды бұрын-соңды болмаған климаттық өзгерістер қиындатуда. Жылдық орташа температураның жоғарылауы байқалады, құрғақшылық, шаңды дауылдар, су тасқындары мен сел жүруі жиіленді, мұздықтар еріп жатыр.
Біз Өзбекстанда экологиялық мәселелерге барынша мән береміз. Соңғы төрт жылда климат өзгеруінің салдарын бейімдеу және жұмсарту бойынша жүйелі шаралар қабылданды», деді Өзбекстан президенті.