Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында алдағы сапардан күтілетін нәтиже мен екі ел арасындағы табысты экономикалық қарым-қатынасқа ықпал еткен механизмдер мен құралдарды атады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан мен Өзбекстан ортақ тарих, мәдениет, дәстүр біріктіретін ғасырлар бойы достығы жалғасқан бауырлас ел. Шавкат Мирзиёев осы тарихи үрдіс пен экономикалық қатынасты нығайту мақсатында екі ел де өзара әрекеттесуге аса ынталы екенін айтты.
«Әрине бұл жолы Қазақстан Президенті екеуміз екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселені қарастырып, өзбек-қазақ қарым-қатынастарын жаңа, бұдан да жоғары деңгейге шығару үшін практикалық қадамдар жасауды жоспарлап отырмыз. Сапардың күн тәртібінде саяси диалогты одан әрі тереңдету, ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде екі елдің өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және басқа да түрлі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты және туристік байланыстарды жандандыру, әсіресе пандемия салдарын еңсеру мәселелері қамтылған.
Екі ел азаматтарының білім және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастығын арттыру, өзара барыс-келістеріне қолайлы жағдай жасау шаралары қарастырылуда. Сонымен қатар ортақ сын-қатерлер мен қатерлерге қарсы күресте әріптестікті нығайту мәселелері бойынша маңызды құжаттар қабылданады», деді ол.
Қазақ-өзбек қатынасында барлық салада табысты ынтымақтастық оң жолға қойылған. Өзбекстан Президенті мұндай нәтижеге жетуде Қазақстан мен Өзбекстан экономикасы бірін-бірі толықтыратынын айрықша атады.
«Біздің елдеріміздің әлеуеті өнімдерді өзара жеткізудің номенклатурасы мен көлемін айтарлықтай кеңейту үшін жеткілікті сұранысқа ие. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері тауар айналымы 40 пайызға дерлік артып, жыл соңына дейін 4 миллиард долларға жетеді деп күтілуде – бұл біздің сауда қарым-қатынастарымыз үшін рекордтық көрсеткіш. Бірақ бұл шекті меже емес. Экономикалардың әлеуеті бізге болашақта 10 миллиардтық мақсатты батыл қоюға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіптік кооперация саласындағы жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қостанайда Қазақстандағы сатылым бойынша жетекші орындарға көтерілген автомобильдер, сондай-ақ автобустар мен ауылшаруашылық машиналарын бірлесіп шығару жолға қойылған. Түркістан мен Шымкентте заманауи тоқыма кәсіпорындары іске қосылып, тұрмыстық техникалар шығарылуда. Ал мұндай мысалдар өте көп», деді Шавкат Мирзиёев.