Түркі академиясының ұйымдастыруымен Ұлттық ғылым академиясында өткен алқалы жиын Түркі әлеміндегі ынтымақтастық мәселелеріне арналды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде Қазақстанның дамуында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің рөлі жоғары. Алқалы жиын барысында Еуразияның мәдени және зияткерлік орталығы болып табылатын Қазақстанның түркі елдерімен ықпалдастығында Тұңғыш Президент – Елбасы идеяларының маңызы айрықша екендігі айтылды. Елбасы бастамашы болған Түркі интеграциясы мәселелері бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жалғасын тауып келеді.
Жиынды Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп, Түркі кеңесі құрылғаннан бергі аралықта түркі әлемінің құндылықтары мен мүдделерін өңірлік және халықаралық аренада одан әрі ілгерілету мәселелері жемісін беріп келе жатқандығын атап өтті.
Бүгінде Түркі халықтарының игілігі жолында тұрақтылық, қауіпсіздік пен көпжақты экономикалық ынтымақтастықтың маңызы күн сайын артып келеді. Осы орайда Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен өркендеп, дамып келе жатқан түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласының бүгінгі даму қарқыны, халықаралық білім кеңістігінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің еліміз ғана емес, әлемдік білім мен ғылым кеңістігіндегі рөліне айрықша назар аударылды.
Жиын барысында Түркі ынтымақтастығына қосқан үлесі үшін академик, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновқа Түркі академиясының алтын медалі табыс етілді.
Басқосуға қатысқан ҰҒА Президиум мүшелері, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары мен жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар түркі әлеміндегі интеграция, ғылым мен білімді дамытуға қатысты ойларын ортаға салды.
АЛМАТЫ