• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Желтоқсан, 2021

Балаға инвестиция салу – өркениет белгісі

735 рет
көрсетілді

Жетпіс жылға жуық уақыт бұрын БҰҰ Бала құқықтары туралы дек­ларацияны қабылдады. Арада 30 жыл өте Бала құқықтары туралы конвен­ция қабылданып, 1990 жылдан бас­тап Дүниежүзілік балаларды қорғау күні ресми түрде атала бастады. 

Халықаралық балаларды қор­ғау және халықаралық мүге­дек­тер күніне арналған баспасөз кон­ференциясы барысында Ба­ла құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин қоғамның қорғауға мұқ­таж мүшелерінің құқықтарын қорғау шараларына байланысты түйткілді мәселелер­ді бөлісті. Балалардың лайықты тәр­бие жә­не білім алу құқығы, талантта­ры мен қабілеттерін ашу – қоғам­ның бас­ты міндеті. Елімізде қазір 6 млн-нан астам бала бар. Ба­ла­лардың құқықтарын қорғауды мақ­сат ететін кешенді шара олар­дың әл-ауқатына, даму мүмкін­дік­теріне назар аударуды қажет етеді. Өкінішке қарай, бүгінде кедей­шілік­тің күйін кешіп, білім мен ме­дицина қолжетімсіз елдерде, тіптен моральдық, физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көріп жүрген балалардың бола­шағы алаңдатады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 1992 жы­лы 3 желтоқсанды Халық­аралық мүгедек­тер күні деп жария­лады. Қай қоғам­да болсын мүге­дек­тердің медициналық көмек пен білім алуы, жұмысқа орналасуы мен әлеуметтену мүмкіндігі аз. Мамандардың дерегі бойынша, бұл мәселенің Қазақстанда да шешілмеген тұстары бар. Осы орайда А.Саин қоғамның мүм­кін­дігі шектеулі мүшелері үшін кешенді шараларға тоқталып, 2019 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде қызметіне кіріскен күннен бастап 872 өтініштің қа­растырылғанын жеткізді. Оның 786-сы тиісті органдарға жолданса, 86 өтініш қаралуда. Ал биыл 1 қаң­тардан 10 қарашаға дейін түскен 315 өтініштің 240-ы қаралса, 75-і өндірісте. Өтініштердің басым бөлігі осы кезге дейін қылмыс­тық іс жүргізуге қатысты, биылғы қамқоршылық мәселелері бо­йынша сот істеріне қатысты 46 өтініш келіп түскен. Ал жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты 14 өтініш келіп түссе, оның 10-ы сотпен расталып, 4-еуіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Бала құқықтары жөніндегі уә­кіл өз қызметіне кіріскенге дейін еліміздегі спорт пен мәдениетке бөлінген қаражат­ты балаларға арналған бұқаралық спорт және шығармашылық үйірмелерге ба­­ғыттау шаралары жүзеге асқаны бел­гілі. Осы ретте жергілікті би­лік­тің кәсіби спортқа, орынсыз мәдени ша­ра­ларға қомақты қар­жы жұмсайтыны айтылып, бюд­жетті қайта қарап, бос ақшаны ба­лаларға арналған бұқаралық спорт пен шығармашылыққа бағыт­тау мәселесі көтерілді. Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында бала­лар спорты мен бала­лар шы­ғар­машылығы саласын қар­жылан­дыру тұжырымдамасына баса назар аударды. Заң жобасы әзірленіп, балаларды шығармашылық үйір­мелер және спорттық секциялармен барынша қамту мақсатында «Қа­зақстан Рес­публикасының кей­бір заңнамалық акті­леріне мә­дениет, дене шынықтыру жә­не спорт мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойылды. Алайда А.Саин жалғыз заң жеткіліксіз екенін алға тартты. Қазіргі кезде  аrtsport.edu.kz порталы іске қо­сылған. Порталдың https://artsport.edu.kz/ru/sdcstat бөлімінде балалар, берілген ваучерлер, жеткізушілер туралы ақпарат алуға болады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бүгінгі таңда 300 мыңға жуық ваучер берілгенін алға тартып, бір спорттық және бір шығармашылық үйірмемен қамтылуға тиіс құқығы бар 4,5 млн-ға жуық бала үшін бұл санның өте аз екенін атап өтті. Сонымен бірге жүктелген мін­деттер және қабылданған заң­дар мен норматив­тік-құқықтық актілер жүзеге аспауда. Өңір­лердің көпшілігінде балалардың спорт және шығармашылықпен айналысуы үшін мемлекеттік тапсырысқа қаражат мүлде жеткіліксіз бөлін­ген. Бөлінген ақша 1-2 айда бітіп қалып, балалар үйір­мелерге жазы­ла алмай отыр. Бұл ретте кә­сіби клубтар мен командаларды қар­жыландыру жалғасып жатқанын көріп отырмыз, дейді ол. Облыста тұратын барлық 300-400 мың балаға небәрі 80-100 млн, ал бір фут­бол командасына 1,2 млрд тең­ге бөлінуде. Мұндай командалар әр облыста бар. Ал әр бала өз қа­лауы бойынша спорт пен өнер­ге барынша қамтылуға тиіс. Өйт­кені бала тәрбиесі – басты мем­лекеттік бағдарлама. Кез келген мемлекеттің негізгі инвести­циясы – бұл халыққа, яғни балаларға салынған инвестиция.

Жиында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек сөз сөй­леп, аймақтағы ықпалдастық мә­селелерінің маңызына тоқталды. Әріптестік мәселесіне кеңінен тоқталған UNICEF өкілі Артур ван Дизен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында балалар құқығын қорғауда білім, денсаулық, әлеу­меттік қорғау, теңдік пен инклю­зия саласында айтар­лықтай же­тіс­тіктерге жеткенін атап өтті. Ел Үкіметіне ризашылығын білдіре келіп, Артур ван Дизен қоғамдық ұйым­дардың әрбір қазақстандық баланың мүддесін қорғаудағы іс-қимылының маңыздылығына, алдағы уақытта мүге­дек балаларды қорғау шараларының жетілдіріле түсетініне назар аударды.

Елімізде мүгедек балаларға ке­шенді көмек көрсетуді жетілді­ру бойынша 2021–2023 жылдарға ар­налған Жол картасы жүзеге асуда. Бүгінде интернаттық ме­ке­ме­лердегі мүгедектігі бар бала­лардың болашағы алаңдатады. Ба­ланың интернаттық жүйеде өсуі оның жеке басының толық және үйлесімді дамуына мүмкіндік бер­мейтіні белгілі. Қазақстан негізгі халықаралық конвенцияларды ратификациялаған ел әрі арнау­лы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бар. Ал заңнамада бала күтімінің баламалы түрлері көзделген. Дегенмен баланы мүгедектігі бар отбасынан ажырату қажеттілігі тұрғысынан кешенді бағалау жүйесі дамымаған. Отбасы үлгісіндегі балаларға күтім жасау­дың кәсіби балама нысандары жоқ, балалардың мүдделерін сақтау жөніндегі халықаралық қағидаттар стандарттар мен ережелер заңға тәуелді актілерде көрсетілмеген. Осыған байланысты отбасылық тәсілге негізделген күтімнің баламалы тетіктері жөніндегі нормаларды енгізе отырып, мүгедектігі бар балаларды күту жүйесін реформалаудың бірыңғай саясатын әзірлеуді ұсынған мамандар қазіргі уақытта UNICEF Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі интер­наттық мекемелерді транс­формациялауға қатысты ұсы­нымдар әзірленуде.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова балалар құқығын қор­ғау мәселесін Мем­лекет басшысының бақылауда ұстап отырғанын жеткізе келіп, елі­міздегі халықтың 31 пайызын құрап отырған 6 млн-нан ас­там баланың құқығын қорғауда заңна­малық базалар жүйеленгенін атап өтті. Алда заңнамалық құжаттарды жетілдіруге байланысты жұмыс жалғасын табуға тиіс. Осы орайда вице-министр Еуроодақпен, БҰҰ-мен арадағы диалог мәселелерін атап өтті. Соңғы бес жылда балалар құқығын қорғауға байланысты 13 заң қабылданған. Қабылданған шаралар автоматтандыру, жеңіл­дету бағытында жетілдіріліп ке­леді. Карантин кезінде тиісті ор­ган­дардың бірлесе жұмыс істеуі нәти­жесінде балаларға қажетті дәрі-дәрмектер аймақтарға жет­кізіліп отырды. Қомақты қаржы­ның бі­лім мен денсаулық саласына бөлініп отырғанын жеткізген ви­це-министр алдағы уақытта да әлеуметтік салаға бөлінетін кө­мек­ке баса назар аудырылатынын айтты. Бүгінде балалардың құқы­ғын қорғауға байланысты Жол картасы жұмыс істейді, отыздан астам нормативті-құқықтық акті­лер қабылданған. Балалардың құқықтарын бұзу фактілері бойын­ша құқық қорғау органдарымен – ІІМ, Бас прокуратурамен, Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігімен, Қаржы мони­торингі агенттігімен үнемі бай­ланыста болуға тура келеді. Осы орайда заңнаманы күшейту, дағ­дарыс орталықтарын құру, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту сияқты шаралардың маңызы зор.

Алайда жаһандық тұрғыдан алып қарасақ, қоғамдағы зор­лық-зомбылық сана-сезімінің дең­гейімен анықталады. Өмірде лайықты адам болуына мүм­кіндік жасау үшін балалар өсіп жатқан ортаның жағдайын өзгерту керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мем­лекеттің бала тәрбиесіне қанша қа­ражат бөлетіні оның экономикалық көр­сеткіштеріне ғана емес, елдегі қыл­мыстың, оның ішінде жасөспірімдер ара­сындағы қылмыстың, суицидтің және басқа да жағымсыз факторлардың деңгейіне тікелей байланысты. Сон­дықтан мамандар мемлекеттік спорт пен шығармашылық тап­сы­рыстарына жан басына шақ­қандағы нормативтік қаржы­лан­дыруды енгізуге үлкен үміт артып отыр. Бұл балаларға сүйікті спорт және өнер түрімен айналысуға, қа­бі­леттері мен таланттарын дамы­туға, еліне лайықты азаматтарды тәрбиелеп, сапалы адами капиталды дамытуға мүмкіндік береді.

АЛМАТЫ