• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 05 Желтоқсан, 2021

Ауыл шаруашылығын дамыту – маңызды міндет

2125 рет
көрсетілді

Сенатта «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау болды. Салалық комитеттің депутаттары парламенттік тыңдауға дайындық барысында бірқатар шаралар өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев тыңдауды аша келіп, елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ұдайы назар аударылып отыратынын атап өтті. Алайда Сенат Төрағасы бүгінде әлі де шешілуі қажет проблемалар бар екеніне тоқталды. Олардың қатарында жайылым тапшылығы мәселесін шешу, жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ветеринария және агробиотехнология салаларын жақсарту, азық-түлік тауарларының бағасын реттеу секілді мәселелер бар. «Ауыл шаруашылығы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы осы бағытқа үнемі баса мән береді. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде аграрлық сала жан-жақты дамып келеді. 1995 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,5 есе өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 2 есеге артты. Қазақстан шетелге 7 млн тоннаға дейін бидай шығарып, әлемдегі ең ірі экспорттаушылардың қатарына қосылды. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты 50 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар іске асырылды», деді Сенат Төрағасы.

М.Әшімбаев қазіргі таңда ауыл шаруа­шылығы өнімін өндірушілерді қолдау үшін айтарлықтай қаражат бөлінетінін еске салды. Мемлекет басшысының был­тырғы және биылғы Жолдауларында айтылған тапсырмаларға сәйкес нақ­ты жұмыстар қолға алынғанын жет­кізді. Соның аясында қазан айында Агро­өнер­кәсіп кешенін дамытудың 2025 жылға дейінгі Ұлттық жобасы бекітілді. Оны іске асыру арқылы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жоспарланған. «Қайта өңделген тауарлардың үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын екі есе ұлғайту, 500 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығында еңбекақыны екі есе көбейту көзделіп отыр. Бұл жоспарларды іске асыру үшін тиісті құқықтық база қажет екені тү­сі­нікті. Сондықтан Парламент аграрлық са­ладағы реформаларды заңнамалық тұр­ғыдан қамтамасыз ету үшін Үкіметпен бір­лесіп, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бүгінде Парламент депутаттарының бас­та­машыл болуымен бірқатар заң жоба­сы дайындалып жатыр. Солардың бірі – жайылымдық жерлерді пайдалану жө­ніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу. Соң­ғы кездері бұл еліміз бойынша, әсіре­се, ауыл тұрғындары үшін өте өзекті мә­селе екені белгілі. Депутаттар бастама­шыл болған тағы бір заң жобасы органи­калық өнімдерге қатысты. Жалпы органи­калық азық-түлік өндіруде біздің ауыл ша­руашылығының әлеуеті зор. Сондық­тан сенаторлар осы бағыттағы мемле­кеттік қолдаудың жаңа шараларын ұсынып отыр. Таяуда депутаттар қабыл­даған 2022-2024 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджетте үш жылдық кезеңде ауыл шаруашылығын дамытуға 524 млрд теңге қарастырылды», деді Спикер.

Сенат Төрағасы аграрлық секторды одан әрі дамыту үшін шешуді қажет ете­тін бірқатар маңызды міндет бар еке­ніне тоқталды. Атап айтар болсақ, биыл еліміздің кейбір өңірлерінде бол­ған қуаңшылық жайылымдық жерлер мен жемшөп дайындауға қатысты біраз мәселенің басын ашып бергені белгі­лі. Осы орайда, М.Әшімбаев жемшөп өн­дірісі ауыл шаруашылығының маңыз­ды бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Биылғы тапшылыққа ауа райы­мен қатар жемшөп дақылдарына арнал­ған алқаптардың жеткіліксіз болуы да өз әсерін тигізді. Бұл ретте, ма­мандар құрғақшылыққа төзімді агрода­қылдарды өсіруді ынталандыруға бағыт­талған кешенді іс-шараларды қолға алу керектігін айтып отыр. Ұсақ шаруа­шы­лықтарды, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылық кооперацияларын дамыту аталған мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Осы ретте Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес жеке қо­салқы шаруашылық мәртебесі мен олар­ға көрсетілетін мемлекеттік қолдау­ды айқындайтын және ұсақ тауар өнді­ру­шілердің кооперациясын дамытуға ар­налған тиісті заң жобасын әзірлеу­дің ма­ңызы зор. Сонымен қатар ветери­нария саласын жетілдіру де аса маңыз­ды. Бұл мәселені сенаторлар дәйек­ті түрде көтеруде. Инфекциялық аурулар­дың тұрақты өршуі бұл салада жүйелі сипат­тағы проблемалар бар екенін көрсетіп отыр. Ол мәселелерді шешу тамақ өнім­дерінің қауіпсіздік дәрежесіне және мал өнімдерін экспорттауға да тікелей әсер ететіні анық», деді М.Әшімбаев.

Сенат Спикері Үкімет ветеринария мә­селелеріне ерекше назар аударып, олар­ды еңсеру үшін тиісті шаралар қабыл­дауы қажет деп баса айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесін жетілдірудің өзектілігіне тоқталды. «Қазіргі қолданыстағы субсидиялау жүйесінде бірқатар мәселелер бар. Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында осы тақырыпқа ерекше назар аударғанын жақсы білесіздер. Сон­дықтан тиісті министрлік пен «Бәйтерек» хол­дингі саланы субсидиялау жөніндегі қолданыстағы нормативтік-құқықтық акті­лерге талдау жасап, орын алған олқы­лықтар мен кемшіліктерді жою жөнін­де нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Бұл сала­дағы тағы бір өзекті мәсе­ле – азық-түлік тауарларына әділ баға бел­гілеу болып отыр. Өнімнің кейбір са­нат­тары бо­йынша импорттың үлесі айтар­лықтай көп екені белгілі. Сон­дай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушіден тұтынушыға дейінгі жол­ға делдалдар ор­нығып алған. Осы себеп­ті аталған өнім­дердің бағасы айтарлық­тай өсіп отыр. Осы бағытта Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша көтерме-тарату орталықтарының желісін дамыту – өзекті мақсаттардың бірі», деді Сенат Төрағасы.

Бұдан кейін Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады. Ведомство басшысы биыл­ғы 10 айдағы ахуалға тоқталды. Оның ай­туынша, осы кезеңде ауыл шаруашы­лығы жалпы өнімінің көлемі 2,3 па­йызға төмендеп, 6,4 трлн теңгені құра­ды. Министр мұның басты себебі ретін­де аномалды құрғақшылықты атап көр­сетті. «Соның салдарынан өсімдік шаруа­шы­лығының өнімі 6,1 пайызға азайды. Ал мал шаруашылығында өнім 3,7 па­йызға, тамақ өндірісінде 3,6 пайызға өсті. Саланың негізгі капиталына құйы­латын инвестициялар тұрақты түрде өсіп, олардың жалпы көлемі 41,9 пайыз­ға көбейді. Бұл көрсеткіш тамақ өнер­кәсі­бінде 5,9 пайызға артты. Ауыл шаруа­шы­лығы саласы әлі де табиғи-климат­тық жағдайларға тәуелді. Оның негізгі себептері – техникалық және техно­ло­гиялық тапшылық пен өндірістегі экстен­сив­тік әдістердің басымдылығы. Атап айт­қанда, өсімдік шаруашылығы әртараптан­дыруды аяғына жеткізуді қажет етеді. Онда қолданыста артта қалған агротехнологиялар әлі де басым. Ауыспалы егіс қағидалары дұрыс сақталмайды, топы­рақ құнарлылығы төмен. Осының бәрі жер процестерін бақылаудың жетік те­тіктерінің жоқтығынан болып отыр. Со­нымен қатар селекцияның ескірген әдістеріне негізделген тұқым шаруа­шы­лығы жүйесі де уақыт талаптарына сай емес. Соның салдарынан тұқымдар бойын­ша импортқа тәуелді болу қаупі бар», деді Е.Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, мал шаруа­шы­лығындағы басты кемшілік жемшөп базасының мүмкіндігіне мән беріл­мейді. Мәселен, елімізде мал азығы зоотех­никалық нормадан 2 есе аз өндіріледі. Жайылымдардың 20 пайыздан 60 пайызға дейінгі бөлігі тозған. Жайылымдық ал­қаптардың 42 пайызы су жоқтығынан пай­даланылмайды. Сонымен қатар ветеринария саласында да кемшіліктер жетерлік. Бұл салада цифрландыру жолға қойылмаған, мамандар қағазбасты жұ­мыстан арылмаған. Мал дәрігерлерінің жа­лақысы өте төмен. «Аграрлық ғылым­ның және ауыл шаруашылығы үшін кадр­лар даярлаудың жай-күйі жетілдіруді қа­жет етеді. Отандық ғалымдардың ғы­лыми әзірлемелерін өндіріске енгізуде жә­не оларды коммерцияландыруда кем­шіліктер аз емес. Сондай-ақ білімді таратудың нақты жүйесін қалыптастыру қажет. Оқу орындарындағы білім беру бағ­дарламаларын жаңарту маңыз­ды. Саланы мемлекеттік қолдау мәселе­лерінде де елеулі кемшіліктер бар. Ең алдымен, субсидиялау тетіктерінің күрде­лі­лігі, субсидия алудың шарттары­ның көптігі. Субсидиялар негізінен ірі бизнес субъектілеріне және де техно­ло­гиялық процестерді қолдауға бағыт­талған. Осындай олқылықтар мен нақты индикативтік көрсеткіштердің болмауы, субсидия алушылардың жауапкер­шіліктерінің жоқтығы жемқорлыққа жол ашып отырғаны бүгінгі күні баршаға мәлім», деді министр.

Сонымен қатар Е.Қарашөкеев Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойын­ша Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жө­ніндегі ұлттық жоба бекітіліп, жүзеге аса бастағанын атап өтті. Жоба ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға, қазақстандықтарды отандық өндірістің негізгі азық-түлігімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ агробизнес өнімдерінің экспортын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев өз кезегінде ветеринарлық қауіпсіздік са­ласында орын алып отырған проблемалармен жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Сенатор деректерді цифрландыру, жинау және автоматтандыру процестерін дамыту, сондай-ақ жоғары білікті мамандарды оқыту стратегиясын әзірлеу маңызды деп санайды. «Сенат депутаттары агроөнеркәсіп кешенін дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сапа туралы заң қабылдау және қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында қарқынды жұмыс істеп келеді. Ветеринария саласын сауықтыру жөнінде заң, сондай-ақ агробизнестің іскерлік белсенділігін арттыруға және қолайлы инвестициялық ахуал жасауға мүмкіндік беретін басқа да құжаттар қабылданды. Сонымен қатар биыл шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауылшаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге толықтай ты­йым салынды», деді сенатор.

Тыңдау барысында «Бәйтерек» хол­дин­гінің Басқарушы директоры Мұрат Дәрібаев АӨК-ті дамытудың маман­дан­дырылған институттары туралы, Ұлт­тық биотехнология орталығының бас ди­ректоры Ерлан Раманқұлов ауыл шаруа­шылығы саласындағы заманауи биотех­нологиялық тәсілдер және басқа да мәселелер туралы баяндама жасады.

Сенаттың салалық комитетінің төр­ағасы Әли Бектаев парламенттік тың­дау­дың жұмысын қорытындылай келіп, айтылған барлық ұсыныстар Үкімет пен мүдделі мекемелерге ұсынымдар түрінде жолданатынын атап өтті.