• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Елорда 06 Желтоқсан, 2021

Бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріледі

250 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында биылғы 10 айдағы бас шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларымен таныстырды.

– Нұр-Сұлтан қаласы жаз айларында «қызыл аймақта» болды. Күн сайын індет жұқтырған 1 600-ден астам адам анықталып отырды. Қазіргі кезде эпидемиялық ахуал біршама жақсарды, күніне 100-130 жағдай тіркеледі. Бүгін­де елорда – «сары аймақта». Бұған ұжымдық иммунитеттің қалып­тасуы өз септігін тигізді. Елор­да­да­ғы ересек азаматтардың 66%-дан астамы егілді. Сондай-ақ 61%-дан астам азамат, яғни 434 мың адам вакцинаның екінші компонентін алды. Бұған қоса, қараша айында ревакциналау басталды. Бүгінде 1 177 адам ревакциналаудан өтті. «Омикрон» вирусының пайда болуына байланысты халықаралық аренадағы ірі қалаларда, мемле­кет­терде қосымша шектеулер ен­гі­зілуде. Мұны болдырмас үшін сани­тарлық нормаларды қатаң сақ­тауымыз қажет. Вакциналауды одан әрі жалғастыратын боламыз, – деді шаһар басшысы.

Кейінгі 20 жылда елорда тұр­ғын­дарының саны 3 есе өсіп, 1,2 миллион адамнан асты. Ха­лық санының артуы уақ­ты­лы шешімдерді қажет етеді: адамдар неғұрлым көп болса, сұра­ныс соғұрлым артады. Бұл – инфра­құ­ры­лымдық сипаттағы мә­се­­лелер, қолжетімді баспана құ­рылысы, инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, ин­же­нерлік желілер мен әлеуметтік нысандар салу.

– Өткен он айда елордадағы әлеуметтік-экономикалық даму­дың барлық көрсеткіштері бо­йынша оң динамика байқалады. ШОБ-та жұмыс істейтіндер саны 11,9%-ға артып, 401 мың адамды құрады. Пандемияға қарамастан, қабылданған мемлекеттік шара­лар­дың нәтижесінде айтарлықтай өсім тіркелді. ШОБ өнімінің көлемі де 38,7% ұлғайып, 3,9 трлн теңгені құрады. Бюджетке түсетін түсімдер 36%-ға өсіп, 373 млрд теңге болды. ЖӨӨ құ­рылымындағы ШОБ үлесі – 56%. Бұл елдегі ең жоғары көр­сет­кіштердің бірі. Яғни елорда инвестициялық тартымды қала болып саналады, – деді әкім.

2021 жылдың 10 айында елордада 2 млн 277 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейінгі жоспар – 3 млн 200 мың шаршы метр. Құрылыс қарқыны артып қана қой­май, үлескерлердің мәселелері де шешілуде.

– Тұрғын үй – өте өзекті мәсе­ле. Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, қолжетімді тұрғын үй құрылысын 3 есеге арттырдық. Егер 2019 жылы 2 900 пәтер салынса, 2020 жылы – қолжетімді тұрғын үйлер саны 7 мың пәтер. 2021 жылы жоспар бойынша 10 мың пәтер тапсырылады. Бүгінде соның 7,5 мыңы пайдалануға берілді. Айта кетейік, маңызды мәселенің бірі: бұл пәтерлер жылдар бойы кезекте тұрған тұрғындарға беріледі. Бұл – «Отбасы банкінің» салымшылары мен жұмыс істейтін жастар. Елбасы бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жастарға 2019 жылы 1 050 пәтер берілсе, былтыр 600 пәтер, биыл 1 мыңнан астам пәтердің кілтін тапсырамыз. Сондай-ақ «Елорда жастары» бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес жұмыс істейтін жастар үшін «Отбасы банкімен» жылдық мөлшерлемесі 5%-ды құрайтын тұрғын үй ұсынылады. Күн тәртібіндегі өзекті мәселе – ескі апатты жағдайдағы үйлерді бұзу жұмыстары жүргізілуде, – деді қала әкімі.

Қаржысын құйғанымен, пә­терін ала алмаған үлескерлер мә­селесі де көптеген қала тұр­ғындарын толғандырады. 2018-2019 жылдары үлескерлер саны 16 мыңнан астам отбасы болды. Осы кезеңде мемлекет қол­дауының есебінен 12 900 үлес­кердің мәселесі шешіліп, олар 90 көппәтерлі тұрғын үйден өз пәтерлерінің кілтін алды. Енді 3 145 отбасы немесе 60 көппәтерлі тұрғын үй қалды. Айта кетейік, елорда әкімдігі үлескерлер мә­селесін республикалық және жер­гілікті бюджет қаржысымен ғана емес, сондай-ақ 90 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тарту арқылы да шешіп отыр.

Маңызды міндеттің бірі – үш ауысымдық оқуды жою. Осыдан 10 жыл бұрын қалалық мектептерде 74 мың бала оқыса, қазір 215 мың бала білім алады. Бұл көрсеткіш алдағы онжылдықта 2 есеге артады деп күтілуде. Сондықтан білім ошақтарының санын арттыру қажет.

– Егер бұрын қалада жыл са­йын 1-6 мектеп салынса, қазір бұл жеткіліксіз. Биыл мектептер саны 15-ке дейін ұлғайтылды. Бұл екі ауысымда оқытатын 40 мыңға жуық оқушы орны. Егер жыл сайын 20 мектеп салуға мүмкіндік болса, біз бұл деңгейді төмендетпеуіміз керек. Таяудағы 5 жыл ішінде қаламызда шамамен 70 мектеп салуға ниеттіміз. Бұл білім беру жағдайы мен сапасын айтарлықтай жақсартады. Тағы бір жаңалық – ірі мектептердің құрылысы. Егер стандарттар бойынша бұрын барынша 1 200 орынға тұрғызылса, қазір 2 мың орындық мектептер салынады. Бұл қала құрылысы тұрғысынан өте маңызды, өйткені жерді бөлу керек. Қазір қала өте жинақы салынуда, жыл сайын 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салып жатырмыз: әр орамда мектеп қадамдық қолжетімділікте болуы үшін инженерлік инфрақұрылым тарту керек. Бұл өте маңызды міндеттер, біз ҚНжЕ өзгерттік, Үкіметпен келістік, Білім және ғылым министрлігімен бірге биыл 2 ауысымда 4 мың оқушы оқитын мектептер саламыз. Қазір инвес­­торлар мектеп құрылысына инвестиция салуға ниетті, – дейді қала әкімі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй алаптарын дамыту бойынша жеке бөлім қабылданды. Үкіметте жос­пар қаулымен бекітілді. Елорда тұрғындарының төрттен бірі 16 тұрғын алабында тұрады. Онда 305 шақырым газ тарату желілері тартылды. 200-ге жуық көшеге асфальт төселді. 30 қоғамдық кеңістік, 20-дан астам аула, мектеп пен 2 спорт кешені салынды. Бүгінде тағы 2 спорт кешені салынып жатыр. Мұның барлығы тұрғын үй алаптарында тұратын тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратыны анық.

– Бұқаралық спортты дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Алды­мызда тұрған ауқым­ды мін­­деттің бірі – жастар, жасөс­пі­рімдер арасында спортты дамыту, тұрғындар арасындағы спортпен шұғылданатын адамдардың санын көбейту. Бұл үшін ең алдымен спорттық нысандарды көптеп салу қажет. Бүгінде елорда аумағында 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 30-дан астам аула клуб­тары және ірі спорттық ны­сан­дар бар. «Қазақстан» спорт кешенінде, Қажымұқан Мұңайт­пасов атындағы стадионда қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, – деді А.Көлгінов.

Газдандыру Елбасының бес әлеуметтік бастамасында бесінші бағытта бекітілген. Газдандыру жұмыстары 2019 жылы басталып, жалғасын табуда. Жоба үш ке­зең­нен тұрады. Бірінші кезең аяқталып, бүгінде екінші кезең қолға алынды. Ал үшінші кезең 2023 жылдың соңына дейін іске асырылады.

– Бүгінгі таңда 650 шақырым инженерлік желі тартылды. Оның басым бөлігі Алматы және Са­ры­арқа аудандарында орна­лас­қан. Бұл аудандарға газ толық жет­кі­зілді. Қазіргі уақытта әр үйге газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ЖЭО-1, ЖЭО-2-де 13 су жылыту қазандығы газға көшірілді, – дейді спикер.

Қазіргі уақытта қалада 1,5 мың­нан астам отбасы газбен қам­тылды. Жыл соңына дейін бұл көр­сеткіш 2,5 мыңға дейін жет­кізілмек. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда 2 автомобиль көпірінің құрылысы жүріп жатыр.

– Мемлекет басшысы елор­­да­­да­ кө­пірлер мен көлік жолай­­­­рық­тарын салудың ма­ңыз­ды­­лы­ғын атап өтті. Қараша айын­да Есіл өзені арқылы Тәуел­сіздік даңғылындағы көпір­дің құ­рылысы басталды. Бұрын құ­ры­лыс мерзімдерін кешік­тірген сот процестері болған. Қазіргі уақытта барлық процедуралық сәт­тер шешіліп, көпір құрылысы басталды. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа темір жол вокзалы ауданы, «Әзірет Сұлтан» ме­шітінің ауданы, Р.Қошқарбаев даңғылы, Ж.Нәжімеденов көше­сі, А.Байтұрсынов көшесі, Қор­дай көшесі, Айнакөл көшесі, Б.Мо­мыш­ұлы даңғылының сол жағалауымен қосымша байланыс­ты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, Тәуелсіздік даң­ғы­лындағы көпір пайдалануға берілгеннен кейін Мәңгілік ел даңғылындағы жүктеменің 20%-ға дейін төмендеуін болжап отырмыз. Бұл көпірдің құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарланған, – деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар елорда әкімі Ұлы дала даңғылында көпір салынып жатқанын атап өтті. Оң және сол жағалауды жалғайтын көпір Мәңгілік ел даңғылының, Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев көшелерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін азайтады. Жаңа «Нұрлы жол» вок­залының, Тельман тұрғын ала­бының, «Метро» гипермаркеті ауда­нының, Промышленный тұрғын алабының, М.Жұмабаев даң­ғылының, Т.Жүргенов көше­сінің қолжетімділігін арттырады.

Бұған қоса биыл және былтыр елордада 300 көше салынып, жөнделді. Олардың жартысынан көбі тұрғын үй алаптарында. Сондай-ақ жаңа бағыттар, автобус жолақтары іске қосылды, автобус паркі жаңартылуда. Мұның бәрі қала тұрғындарына қала ішінде ыңғайлы жүруге, жол уақытын қысқартуға және қаланы мобильді етуге мүмкіндік береді.