Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тәуелсіздік тағлымы» мақаласын жариялады, деп жазады Egemen.kz.
Нұрсұлтан Назарбаев аталған мақалада егемендіктің ел үшін құндылығын бағамдап, Тәуелсіздікке тәй-тәй қадам басқан күрделі кезеңдер мен тарихи, тағдырлы сәттерді еске алды.
Елбасы елдегі Президенттік билік ауысқан кезең жайында да тілге тиек етті.
«Осыдан екі жарым жыл бұрын елімізде президенттік билік ауысты. Маған: «Ата заңымызда Сізге ешқандай шектеулілік жоқ. Соңғы сайлауда халықтың 98%-ына жуығының қолдауына ие болдыңыз. Қызметіңізді атқара беріңіз», деушілер аз болған жоқ. Бірақ әр нәрсе өз ретімен болуы керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол сондай-ақ, Қазақстан тізгінін ұстаған екінші тұлғаның да кездейсоқ ұсынылмағанын айтты.
«Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда халықтың басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша, біз халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білдік», деді Елбасы.