• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 06 Желтоқсан, 2021

«Egemen Qazaqstan» газеті мен «Российская газета» өзара келісім жасасты

2825 рет
көрсетілді

Республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті мен «Российская газета» баспасы өзара іс-қимыл туралы әріптестік келісімге қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екі ел газетінің келісімге келудегі басты мақсаты – өзара ақпарат алмасу және тәжірибе бөлісу.

«Бүгін «Российская газета» басылымымен келісімге қол қойдық. Бұл екіжақты ақпарат және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Аталған басылым - Ресейдің бас газеті және бірнеше қосымшасы бар. Миллиондаған тиражбен шығады. Сондықтан бұл келісім уақыт өте келе өз тиімділігін көрсетеді деп ойлаймын. Елордаға орыс басылымның бірінші басшысы арнайы келіп отыр. Бұл, бір жағынан, біздің елге деген құрметті білдіреді. Келісімге келмес бұрын мәселе алдын ала талқыланды. Бұдан былай аталған ресейлік басылым Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды біз арқылы ала алады. Тиісінше көрші Ресейде болып жатқан жайттарға біз «Российская газета» басылымы арқылы жедел қол жеткізе аламыз», деді «Egemen Qazaqstan» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

«Біздің газет - мемлекеттік басылым. Яғни, бюджет толықтай мемлекеттік. Әрине мемлекеттік бюджеттен бөлек, БАҚ ретінде қосымша табыс табуға құқығымыз бар. Біздің газеттің бағыты саяси-қоғамдық және құрамымызда бірнеше басылым бар. Оның ішінде күнделікті және апталық газет те бар. Сондай-ақ біздің басылымның бетіне мемлекеттік заңдар, Президент қаулысы және тағы маңызды мемлекеттік нормативтік құжаттар жарияланады. Біз газетті оқырмандарға тегін таратамыз. Медихолдинг құрамында газеттен бөлек, «Родина» журналы да жарық көреді. Бүгінгі «Egemen Qazaqstan» газетімен жасалып жатқан – серіктестік келісімі. Яғни өзара ақпарат алмасу және бір-бірімізден үйрену», деді «Российская газета» басылымының бас директоры Павел Негоица.

Шара соңында «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі және «Российская газета» басылымының бас директоры Павел Негоица екіжақты серіктестік туралы келісімге қол қойды.