• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Желтоқсан, 2021

Аyala-ның аялы алақаны

488 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында Cummins компаниясы өкілдігінің демеушілігіне сүйенген Ayala қоры екі бірдей балалар үйінде кәсіптік бағдар беру бойынша шеберханалар ашты. Жалпы, алдағы уақытта аталған қордың көмегімен жыл сайын 200-ге жуық тәрбиеленуші кәсіптік бағдарлау тренингінен өтпек.

Қарағандыдағы «Таңшолпан» Балалар үйінде 63 бала тұрады. Мұнда ашылған тігін және ағаш шеберханасы тәрбиеленушілер үшін базарлықтың төресі болды. Мысалы, тігін шеберханасында қыздар үшін үйренуге қажетті дүниенің бәрі ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Ательеде 5 тігін машинасы, 2 торлағыш, 3 үтіктеу тақтасы мен үтік бар. Бұдан бөлек, бумен тік жібіткіш, бу генераторы және шаңсорғыш та дайын тұр. Жиһаз атаулыдан 8 үстел, диван, құрал-жабдық, сонан соң мате­риалдарды және тігін керек-жа­рақ­тарын сақтауға арналған шкаф орын тепкен. Сондай-ақ шебер­хана ішіне кілем төселіп, үлкен айна қойылған. Қалқасы бар киім өлшейтін бөлме де қызмет көрсетуге дайын.

«Таңшолпан» Балалар үйінің директоры Серік Әмірханов жаб­дық­тар мен құрал-аспаптардың өте ыңғайлы және заманауи екенін ай­тады.

– Бұл жерде тігу техникасы және әдістерімен жұмыс істеу бір ғанибет. Біз балаларға берілген осындай керемет сыйлық үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Шеберхана оларға өмірде пайдасы мол істерді үйренуге көмектеседі. Кейбір тәрбиеленушілер үшін бұл олардың кәсібінің немесе тіпті өз ісінің бастауына айналатынына сенімдімін, – дейді директор.

Ұл балаларға арналған шебер­ха­­­­наға ста­ноктар, қол аралар, бал­­­ғалар, өлшеу құралдары, бұр­ғы­лар, бұрағыштар, робот техни­ка­сы жабдықтарының жиын­тығы қойылған. Сыйлық­тар­дың ішінде балаларға мекеме үшін пайдалы заттарды жасауды үйрететін бірнеше кило пластиктен тұратын 3D принтері бар. Жалпы, жоғарыда айтылған екі шеберхананы жаб­дық­тауға 4,5 млн теңгеден астам қаражат жұмсалыпты.

Ал 133 оқушы мекен ететін мүм­­­­кіндігі­ шектеулі балаларға ар­­­­нал­ған Ба­лалар үйінде кулина­рия­­мен айналысуға мүмкіндік бе­ре­тін заманауи ас үй пайда болды. Яғни мұндағы тәрбиеленушілер аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеріп, үй тұрмысын жүргізуді үйренуге мол мүмкіндік алды.

Бұл жерде құрамына тоңа­зыт­қыш және пеш, пісіру беті, микротолқынды пеш, сорғыш, ыдыс жуғыш машина сияқты тұрмыстық техника кіретін ас үй жиынтығы, қабырға жиһазы, орындықтар және асүстел бар. Балалар мультипісіргіште, электр грильдің көмегімен ас дайындау­ды, сэндвич пен құймақ пісір­гіш­те таңғы ас пісіруді, вафель қалыбында десерт дайындауды үйренеді. Ал неғұрлым күрделі тағамдарды дайындау керек болса, онда мәнті пісіргішті, таба­ларды, шөң­келерді және асүй құрал­да­рының жиынтығын пайдалануға болады.

Бұдан өзге қонақтар үшін үс­­тел­ді жабдықтауға 3 асхана жиын­­тығы және 3 ас құралдары жиын­тығы, ал­жапқыштар және түрлі асүй керек-жарақтары сатып алынған. Жал­пы, бұл бөлмені жабдықтауға 4,3 млн теңгеден астам қаражат жұм­салыпты.

Балалар үйінің директоры Дәнекер Сейсекина шеберханада ба­­ла­лармен педагогтер жұмыс іс­тей­тінін айтады.

– Біз еріктілерді шеберлік сыныптарына шақырамыз. Балалар үшін бұл өте маңызды қадам. Олар өмірге қажетті нәрселерді үйренеді. Мүмкін бұл олардың болашақ мамандығы – қоғамдық тамақтану индустриясына жасаған алғашқы қадамдары болуы да мүмкін, – дейді ол.

Ал Ayala қорының президенті Айдан Сүлейменова болса, жалпы жобаны іске асыруға арналған 10 жылдың ішінде қор ұйымдастырған кәсіптік бағдарлау курс­тарынан мыңнан астам жасөс­пірімнің өтке­нін мәлім етті.

– Біз осы оқу орындарын бі­тір­геннен кейін балалардың өмір сүруге, оқуды жалғастыруға және да­муға көмектесетін пайдалы прак­тикалық дағдыларға ие бол­ға­нын қалаймыз. Ал ең басты мақсатымыз – болашақта олар өзіне ұнайтын жұмыс тапса екен деген ниет, – дейді қор басшысы.

 

 

Қарағанды облысы