Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «Мамыр» бағында орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» оңалту орталығына барып, «Шапағат» корпоративті қорына мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасуға арналған «Инватакси» автокөліктерін тапсыру рәсіміне қатысты.
Тараз қаласында «Инватакси» қызметі 2016 жылдан бастап қызмет көрсетіп келеді. Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандарды 6 көлік тасымалдаса, енді олардың қатары тағы 2 көлікпен толықты. «Инватакси» жолаушыларды баратын жеріне дейін тегін тасымалдайды. Өз сөзінде облыс әкімі алдағы уақытта да ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды әлеуметтік қолдау жұмыстары жалғасатынын айтты. Сонымен қатар әрбір мемлекеттің, әрбір азаматтың ең негізгі мақсаттарының бірі аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсетіп, көмектесу екенін жеткізді.
«Біздің мемлекетіміз 30 жылдың ішінде қимылдау қабілеті шектеулі азаматтарға қолдау білдіріп келеді. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев егемендік алған күннен бастап ең бірінші осындай жандарға көмектесіп, барынша қолдау керектігін айтқан болатын. Барлығы толығымен орындалды деп айта алмаймыз. Дегенмен, мәселелер ретімен шешіліп келеді. Осындағы иппотерапия орталығын келесі жылы бітіріп, ел игілігіне береміз. Әсіресе балалар мен жастардың аяққа тұрып, қадамдарын нық басуына себепші болсақ деген мақсатымыз бар. Қазір бұл орталыққа 45-ке жуық бала келіп, ем алып жүр екен. Ғимарат толық ашылған соң, балалар қатары көбейеді», деді Б.Сапарбаев.
Ерекше қажеттілігі бар жандарды тасымалдауға арналған JAC Sunray маркалы көлігінің ішінде арбаларға арналған 300 килоға дейінгі салмаққа есептелген арнайы көтергіш орнатылған. Алты жолаушы орны және екі арбаға арналған орын бар.
Салтанатты шарада «Асар» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Руслан Төлегенов сөз алып, облыс басшылығына алғысын білдірді. «Әлеуметтік салада мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тағы бір игілікке кенеліп отырғанымыз соның айғағы. Біздің барлық бастамаларымыз облыс әкімі тарапынан қолдау табуда. Бұл үшін ризашылығымызды білдіреміз», деді ол.
Сонымен қатар орталықта қызмет алушылардың ата-аналары да ризашылықтарын жеткізді. «Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай. Өзіміз секілді ерекше балалары бар ата-аналарға үлкен көмек. Осындай мүмкіндік беріп, жағдай жасаған облыс басшылығына ата-аналардың атынан үлкен рахметімді айтамын», деді Ләйлә Рахманбекқызы.
Бұдан кейін облыс әкімі оңалту орталығына қарасты ғимарат пен спорт алаңын, тірек-қимыл аппараты және сал ауруына шалдыққан адамдарды атқа мінгізіп емдеуге арналған нысанның құрылысын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.