Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа индустриялық жобалар үшін білікті кадрлар даярлау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өнеркәсіпте білікті мамандардың жетіспеушілігі индустрияландыруды тежеуші факторлардың бірі болып табылады. 2025 жылға қарай біз 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосуға ниеттіміз. Үкімет қазірдің өзінде осы өндірістер үшін білікті кадрлар даярлауды бастауы тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» сыйлығын тапсыру рәсімі аясындағы бейне үндеуінде.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау шараларын көрсетуде.
«Жас мамандарға жұмыс орнында оқыту, «алғашқы жұмыс орны» сияқты көмек көрсету құралдары іске асырылуда. Мемлекет тиісті субсидияларды көздеді, бірақ олар жеткіліксіз. Үкімет «Атамекенмен» бірлесіп, қызметкерлерді ынталандыру мен жұмыспен қамтудың, олардың біліктілігін арттырудың қосымша шараларын әзірлеуі керек», деп тапсырды Президент.