ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer вакцинасын ақылы негізде қашан салуға болатыны туралы пікір білдірді, деп жазады Egemen.kz.
«Pfizer вакцинасының құны бойынша айтсақ, біз Pfizer компаниясымен ақылы вакцинация мүмкіндігі туралы келісіп жатырмыз. Қажеттілікті анықтау үшін тізімдер жиналуда. Қазір Алматыдағы емханалар халықтың сұранысын зерттеп жатыр. Вакцинаның жарамдылық мерзімі бар екенін түсіну керек. Бұл вакцинаны қанша азамат алғысы келетінін анықтап алу маңызды. Нұр-Сұлтан қаласында да осындай жұмыс жүріп жатыр. Қазір барлық жерде, өңірлердің бәрінде осы іс жолға қойылған. Нақты қанша доза қажет, қанша азамат ақылы негізде вакцина алғысы келеді? Осыны анықтағаннан кейін ғана нақты қанша вакцина жеткізу керектігі анық болады», деді Алексей Цой.
Денсаулық сақтау министрі Pfizer вакцинасын салу науқаны бірқалыпты, дау-дамайсыз өтіп жатқанын да атап өтті.
«Вакцинация науқаны тыныш өтіп жатыр десе де болады. Жүкті және бала емізетін әйелдер тарапынан вакцина сұраушылар көп еді. Солардың дегені болды. 12 жастан асқан балалар да өте белсенді вакцина алып жатыр. Мен Pfizer вакцинасы ақылы сегментке қашан шығатынын әлі нақты айта алмаймын, бірақ жақын арада деуге негіз бар. Бұл мәселені біз тұрақты түрде талқылап жатырмыз, мәселе пысықталуда», деді министр.