Қазақстанда мемлекеттік іссапармен болған Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Цифрлық үкімет офисінде болды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасында жазды.
Министр Өзбекстан Президентіне әріптестерімен бірге ЦҮО-ның негізгі міндет-бағыттарын таныстырған.
«Қызметтер мен сервистерді алу үдерісі толығымен қайта қаралатын Цифрлық трансформация орталығын көрсеттік. ЦТО-да заңнамаға талдау жасалып, мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру және бюрократиялық кедергілерді жою үшін қай процестерді жеңілдетіп, қайсысын жетілдіру керектігі туралы тиісті қорытындылар шығарылады», деді министр.
Сондай-ақ Өзбекстан Президентінің назарына цифрлық трансформацияның арқасында жақсы нәтиже көрсетіп, азаматтардың өмірін жеңілдетіп жатқан қызметтер (автокөлікті, жылжымайтын мүлікті тіркеу және т.б.) таныстырылды.
Офистің түрлі аналитикалық мүмкіндіктері, соның ішінде халықты вакциналау барысы мен қарқынына цифрлық мониторинг жасау жүйесінің жұмысы да таныстырылды.
«Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов онлайн тәртіпте азық-түлік бағасына мониторинг пен болжам жасауға мүмкіндік беретін Ішкі және сыртқы сауда бойынша аналитикалық платформаны назарға ұсынды. Ал Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев контрагенттер арасындағы мәмілелерді онлайн тәртіпте қадағалауға жол ашқан «Электрондық шот-фактуралар» жүйесін таныстырды», деп айтты Бағдат Мусин.
Оның сөзінше, екі ел алдағы уақытта цифрлық жобаларды іске асыру барысында ынтымақтастығын нығайтуға келісті.